Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді немесе робототехника мектебінің үйретері көп

22

«БИЗНЕСТІҢ  жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік гранттар шағын және орта бизнес субъектілеріне, оның ішінде жас кәсіпкерлерге тағайындалудаБұған қоса мүмкіндігі шектеулі жандар мен әйелдерге, жасы 50-ден асқандарға экономиканың басым салалары мен өңдеу өнеркәсібінде жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін тегін және қайтарымсыз гранттар беріледі.

Робототехника мектебі Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасөспірімдердің цифрлық сауатын арттыру мақсатымен IT саласының түрлі бағытынан білімдері мен мүмкіндіктерін нығайтуға жол ашып отыр. Иә, елімізде дамып келе жатқан инновациялық саланың бірі – робототехника. Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді дегендей, мұның дәлелі – бүгінгі заманауи робот техникалар.

Бір кәсіпкерге берілетін гранттың ең көп сомасы 3 млн.  теңгені құрайды. Бұл грант түрі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады екен. Жалпы мақсат,  балаларды жастайынан компьютерлік білім алуға, ойын ұшқырлап, логикасын шыңдауға үлес қосу. Бағдарлама өз күшіне еңген сәттен бастап, жалпы сомасы 300 млн.  теңге болатын 96 грант бөлінген.

Осындай грантты ұтып алған жанның бірі  – Дамир Нұркежанов. Ол алған қаржысына қаламыздан жаңа технологияны меңгеруге арналған орталықты ашуды жоспарлаған. Қазіргі таңда бұл мектеп «Future – IT» атымен бізге белгілі.  Мектепті ашуға түрткі болған жайт қазіргі заманның талабы. Бүгінде робототехника саласы өте қарқынды дамып келеді. Заманның сұранысы ақпараттық техника саласының мамандары дейтін болсақ, бұл қызметкерлерді қалай дайындаймыз деген сауал келеді?! Мәселе осында. Болашақтың осы саласы мамандарын бүгіннен бастап тәрбиелеуді қолға алып жатыр. Кәсіпкерлікпен айналыспас бұрын Дамир қалада жеке индивидуалды түрде білім бере бастаған. Содан кейін өз идеясын дамыту арқылы осындай нәтижеге қол жеткізді. Алғашқыда  5-6 баланы оқытумен басталған мектептің бүгінде 80-нен аса оқушысы бар. Жас жеткіншектерді жаңа заманның техникасы мен технологиясына баулитын жоба сәтті жүзеге асуда.  Мұнда балаларды 5 жастан бастап  қабылдайды және робот құрастыру техникасын ең алғашқы сатысынан бастап үйретеді. Мектеп бағдарламасы әр түрлі бағытта құрастырылған. Мұнда компьютерлік бағдарламалау, робототехника, логика, анимация, өз бетінше ойын құрастыру сынды түрлі бағыттарда білім беріледі. Робототехника балалардың ой-өрісін дамытады, демек осындай қиын нәрселерді жинай білгеннен кейін, кәдімгі мектеп сабақтары бала үшін оңай болып көрінеді. Оқушылардың робот техникасы саласында біліктілігі мен тәжірибелік дағдыларын меңгеруі баланың жалпы ақпараттық мәдениетін, сондай-ақ техникалық шеберлігін одан әрі жетілдірудің негізі болып табылады.  Жан-жақты ақпарат алған шәкірттер мектеп бітіретін жасқа дейін болашақта қандай мамандық иесі болуын өз бетінше таңдап шығады және онымен қоса жаңа технологияларды толыққанды меңгереді. Ал, заманауи технологияларды жетік білетін ұрпақ көштен қалмай, еліміздің дамуына үлес қосары сөзсіз. Елімізді көркейтіп, 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосатын негізгі күшіміз ол – білімді ұрпақ болмақ. Боған қоса, жобаның авторы жас жеткіншектерге тек ғана жаңа технологияларды үйретіп қоймай, үздік шәкірттерді республикалық және халықаралық жарыстарға дайындайды екен.

Қазіргі таңда тұрмыста көптеген қызметтерді атқаратын, сәбилерге қарайтын,  мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін әмбебап құрылғы – роботтардың пайда болғаны бәрімізге аян. Тіптен, соңғы шыққан роботтар адамша сөйлеп, адами ойлайтын қабілетке ие. Бұл техника заман ағымымен бірге, күннен-күнге дамып, өрлеп келеді. Робототехника мектебінің де қол жеткізген жемісті де жеңісті нәтижесінің біріне тоқталмасқа болмайды.

Бірде көзі нашар көретін кісі мектепке келген. Оған күнделікті таяқпен жүру ыңғайсыздық тудырыпты.  Ал жол көрсетуші таяқтың қымбат екенін айтқан. Сол себепті жоба авторларынан осыған ұқсас бағыт-бағдар беретін білезік жасап беруін сұраған. Кейіннен барлық мамандар мен оқушылар білезіктің прототипін жасауға кірісіп,  оны екі айда аяқтап бітіреді. Зағип кісі жасалған білезікке жоғары баға беріп, өзіне қатты ұнағанын айтады. Алайда, толығымен ыңғайлы болу үшін бұл құрылғыны кішірейтуді сұрайды. Қазіргі уақытта мектеп осы мәселені шешуге тырысып жатыр. Ал  білезікті кішірейту оңай шаруа емес, оған уақыт және керекті бөлшектер қажет екен. Бұл мұнда білім алып жатқан оқушылардың еңбегінің бір бөлігі ғана. Ал бұдан да жақсы нәтиже көрсеткендері және әлі де көрсететіндері қаншама..

«Бүгінгі цифрланған қоғамды ақпараттық технология мамандарынсыз елестете алмаймыз. Яғни, бүгінгі күнімізді IT-сыз елестету мүмкін емес. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек. Адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіз етуіне бағытталған құлтемірлердің әрқайсысы өзінше қызықты. Болашақта робот техникалар көбейетініне кәміл сенеміз. Ал бұл техникалармен жұмыс істейтін, оларды меңгеріп, жасай білетін бізге білікті мамандар керек болады. Сол себептен бұндай орталықтар көптеп ашылу керек» – дейді Дамир Нұркеженов.

 

Арайлым БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

Бөлісу: