Апатты үйдегі апаның мәселесі шешіле ме?

0
1381

      «АЛАТАУ» газетінің өткен (15.01.2021 жылғы (№2) санында «Апатты үйдегі апа жанайқайына құлақ түріле ме?» деген атаумен талдықаланың орталығында орын тепкен Шевченко көшесіндегі құлауға шақ тұрған үйде үрейін уыстап отырған апаның жайын айтқан мақала шыққан болатын.

Мақала желісінде қала әкімінің орынбасары Асқар Бегманов апатты үйдегі апамен онлайн жүздесетіндігін, бұл іске қатысты нақты қандай шешім шығарылатындығы жайында га-зеттің осы санында жазатынымызды айттық. Сонымен, қала әкімінің орынбасары А. Әбдіғалиұлы апатты, ескі үйде күн кешіп келетін кейуана жанайқайына не деп жауап берді? Қарт үніне құлақ асатын болды ма?
Өткен жұмада әкім орынбасары А. Әбдіғалиұлы қала орталығындағы апатты үйдегі апаның жайын өз көзімен көріп қайтты. Оның не дегенін Цай Лидия Петровнаға телефон арқылы байланысқа шығып білген едік.
«Әкімнің орынбасарына бар-лық жағдайымды айттым. Оның сөзінше, біздің үй орын тепкен жер телімін сатып алу үшін Алматыдан арнайы инвесторлар келіп көріпті. Бірақ, бағасына осы үйде тұрып жатқан тұрғындар келіспеген. Неге десеңіз, олардың берген ақшасына үй ала алмайтындарын айтқан. Шынында, мен секілділер олардың берген ақшасына қандай үй алады? Дәл қазіргі таңда әкім орынбасарына маған мемлекеттен пәтер беруін өтіндім, денсаулығыма байланыс-ты тұрақты температурадағы үй қажет екенін айттым. Алайда, бұл мәселе бойынша нақты ештеңе айтпады. Әзірге аптасына екі мәрте көмірмен қамтамасыз етуді уәде етті. Сонымен қатар, жүрегіме ота жасалып, қазіргі таңда аппарат арқылы жүргенімді де көрді. Осы тұста А. Бегманов мырзаға аппарат жалғанған жердегі тігісті күн сайын байлап таңатыныма екі мың теңгеден аса ақша кететіндігін айттым. Ол болса облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, маған тегін қызмет көрсетуін де шешіп беретінін жеткізді» – деп ағынан жарылды кейуана.
Осы тұста біз әкім орын-басарының көмекшісі Аманжол Нұрғазыға хабарласып, мән-жайды сұрадық. Айтуынша, Асқар Әбдіғалиұлы бұл мәселеге қатысты нақты бір шешімнің жауабын айтпаған. Бірақ, материалдық жағынан, яғни, көмірден көмек берілетінін айтып, тапсырма берген. Ал үй беріле ме, жоқ па, оны қала әкімі ғана нақты айта алады деп қысқа жауап қайырды ол.
Апатты үйге барып, апаның жайын білгенде көмір мен медици-на жағынан қолұшын беруге уәде еткен әкім орынбасары Асқар мырзаның айтқаны күні бүгінге дейін іске асырылмаған. Ал сейсенбі күні орынбасардың көмекшісіне хабарласып, істің неге кешеуілдеп жатқанын сұрағанымызда ол аптаның аяғына дейін көмірдің жеткізіліп беретінін айтты.
Әзірге бұл мәселе газет назарында болатынын айтқымыз келеді.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ