Атамдатсаң атамдат, ботамдатпа

0
1528

Екі күннің бірінде еститінің суық хабар. Әлемді жаулап, адамзат баласын баудай түсірген тажалмен арпалысып жүргенде Қазақстанда тағы да бес бала ажал құшты. Осыдан екі жылға жетер-жетпес уақытта Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап жүрген жалдамалылар аймен мен күннің аманында бес баласынан айырылып қалған-ды. Себеп: жалдамалы пәтерде болған өрттің салдары. ата-аналары жұмыста жүргенде бес бірдей жөсөспірім өртеніп кетті. Енді міне, тағы да Жамбыл облысының Жаңатас қаласында көпқабатТы пәтерде тұрып жатқан отбасының бес баласы тілсіз жаудың өршуінен өмірлері қиылды. Ауыр қайғы… Қабырғаң қайысады. Орны толмас өкініш. Бауыр еті балаларынан айырылған ата-ана үшін бұдан асқан қасірет бар ма?

Нұр-Сұлтан қаласында болған өрттен кейін Қазақстанда аналар көтерілісі басталды. Үкіметке ащы айғайларын табандап тұрып жеткізген аналар әлеуметтік саланың нашарлығынан үйсіз-күйсіз, бала-шаға асырау қамымен пәтерден пәтерге көшіп жүрген жанұялардың ахуалын айтып, айғайға басқан-ды. Жергілікті жерлерде пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік аз қамтылғандар, көпбалалы аналар, пәтер кезегінің жылжымайтынын айтып ашынған. Көшіп-қонудан шаршағандар саяжайлар мен «құрқылтайдың ұясын-дай» бір бөлмеде жеті-сегіз жанның тұрып жатқандарын жеткізіп, әкім-қараларға барса, «Баланы біз үшін тудың ба? Баға алмайтының бар, неге табасың? Біздің берер пәтеріміз жоқ!», – деп босағаларынан сығалатпайды. «Міне, осының салдары қараусыз қалған балалардың беймезгіл отқа орануына себеп болды» деп даурыққан әйелдердің көтерілісінен кейін сең қозғалып, көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған жанұялар үшін арнайы бағдарламалар қабылдана бастады. Үйсіз-күйсіз жүргендер тізімге алынып, жергілікті билік те кәсіпкерлерді жұмылдырды. Мұның сыртында, арнайы қайырымдылық қорлар құрылып, талай отбасы баспаналы болды. Әлі де берілуде.
Мәселе, баспанасыз жүрген-дердің балалары ғана отқа оранып жатқан жоқ. Жамбыл облысындағы оқиға бұған дәлел. Баспана өртке оранғанда, әкелері жұмыста болып, аналары дүкенге кеткенде болған төтенше оқиға. Екі оқиғаның да себеп-салдарына зер салып көрелік. Нұр-Сұлтанда болған өрт оқиғасы электр жүйесінің тұйықталуынан болды деген қорытынды жасаған арнайы комиссия. Ал, күні кеше ғана болған Жаңатастағы өрттің салдары «Тез тұтанғыш метериалдың бетіне ашық от көзінің түсу салдарынан туындаған» деген хабарлама таратты облыс әкімдігінің баспасөзі. Ал, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертханасының алдын-ала зерттеу мәліметтерін жариялады. «Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болған. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханасы зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады. Үй орталық жылытуға қосылған», — дейді. Сонда тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от қайдан түсті? Әлде, тағы да электр желілерінің тұйықталуынан жалын шарпып материалдың бетіне түсті ме екен? Түрлі ойларға жетелейтін сауалдың түйінін арнайы құрылған комиссия анықтай жатар. Қалай болғанда бес бірдей бүлдіршінді құтқарып қалу ешкімнің қолынан келмеді. Қас пен көздің арасында болған өртті көршілері байқап, анасына хабарлаған. Бұл үлкен трагедия. Қою түтінге оранған пәтерге кіру де оңай болмаған. Көршілер құтқарушылар келгенше өздері әрекет етіп төрт баланы шығарып, өз көліктерімен ауруханаға жеткізген. Бесінші баланың денесі пәтерден табылған. Тіпті қалай айтарыңды да, жазарыңды да білмейсің. Бес бірдей, 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған балалар, 2 ұл мен 3 қыз бақилық болды. Бұл ауыр қайғыны, қасіретті ата-анасы көтере ала ма?.. Ата-анасына басу айтып, психологиялық көмек көрсетілгенімен, олардың жан-жарасын кім жазады? Декреттік демалыста отырып, қам-қарекет қамымен дүкенге шығып кеткен анасы енді өмір бойы өзін-өзі жазғырумен өтетін болды-ау!
Осындай тағы бір оқиға Қызылорда облысында орын алды. Бес қызы бар отбасы «времянкада» тұрған. Уақытша тұрған бас-пана өртенген. Балалардың әкесі вахталық жұмысқа кеткен. Абырой болғанда балалардың қасында анасы болып, терезені сындырып төрт баласын өзі құтқарып, бесікте жатқан сәбиін құтқармақ болғанда үйдің төбесі құлаған. Құтқарушылар келгенде баспана түгелдей жанып кеткен. Тағы да бала өлімі. Өрттің неден шығуын сараптама қорытындысы 10 күн ішінде анықтайды дейді. Болжам электр жүйесінің тұйықталуы немесе балалардың отпен ойнауы мүмкін-мыс. Көз жұмған сәби 2020 жылы дүниеге келген. Небәрі 27 жастағы балалардың анасы балапандарын құтқарам деп көмір қышқыл газына уланып, сол жақ білегі мен екі алақанын күйік шалса, балалары да көмірқышқыл газымен орташа дәрежеде уланып, медициналық көмектер көрсетілген. Міне, үш тағдыр, үш бірдей қайғы жұтқан отбасының трагедиясы. Мақала басында айтылғандай, бұл отбасы пәтер жалдап тұрған. Талай мәрте әкімдікке жүгінгендерін, бес баласы да жалдамалы пәтерлерде дүниеге келгенін айтып, ананың көкірегі қайғыдан қарс айырылады. Сарапшылардың айтуынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда қарсылық акциялары жиілеп кеткенін, оның бастауы көпбалалы әйелдер наразылығынан басталғанын айтады. Жаңатастағы оқиғаны айтып ауыз жиғанша Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар қа-ласында көпқабатты жатақхана қызыл жалынға оранды. Онда 10 адам жарақат алып, екі адам қайтыс болды. Тағы да адам шығыны.
Тілсіз жаумен күресуді тек қана жергілікті билік пен Төтенше жағдай департаментінің мойнына ғана жүктеп қоймай, ата-аналар мен жеке тұрғын үйлерде және көпқабатты баспаналарда тұратындар да сақтық шараларына аса мұқият болғаны абзал. Әсіресе, балалардың отпен ойнауы, электр жүйелері мен газ баллондарына аса сақ болмаса, оның арты орны толмас өкініштерге алып келуде. Мәселен, Алматы облысының Талғар ауданы Жаңа қуат ауылында таунхаус үлгісіндегі тұрғын үйдің шатыры өртенген. Көлемі 60 х12 жалпы көлемі 720 шаршы 18 пәтерлі тұрғын үйден 4 баланы, құтқарушылар қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Құдай сақтап, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болыпты. Бұл құрылыс саласын-дағы сапасыздықтардың көрінісі емей немене? Тендер ұтып алғандар сапасыз баспана салып, олардың коммуналдық жүйелеріне атүсті қарауы, сапасыз жұмысты көзді жұмып қабылдап алып, тұрғындар орналасқаннан кейін былық пен шылық әшкереленіп жатады. Жергілікті биліктегілер құрылысты жүргізген фирмаларға кемшілікті жоюды тапсырып жатады. Оның бір саласы электр жүйесіне келіп тірелуде. Екі күннің бірінде көпқабатты жаңа үйге кіргендер көгілдір экран арқылы баспаналарының сапасыз салынғанын айтып, ақпарат құралдарына шағымдануда. Одан бөлек тозы жеткен ескі үйлер мен жатақханаларда тұрып жат-қандардың мұң-зарын еститін құлақ та некен саяқ болып тұр. Бұл жерде тұрғын үй коперативтерінің де жауапкершілігі бар. Бірді айтып бірге кеткендей болмайық, өрт қауіпсіздігі Алматы облысында да көңіл алаңдатады. Өткен жылы желтоқсан айының 31 күні Іле ауданы Қарой ауылындағы бес шақырым жерде шаруа қожалығының үйі өртеніп, 1977 жылғы анасы мен 2007, 2012 жылғы балалар бақилық болған. Бұл оқиғаның да себебі ішкі электрмен жабдықтау желілерінің қысқа тұйықталуынан болған. Биылғы жылдың қаңтар айында Талдықорған қаласындағы «Мүшел той» шағын ауданындағы 28-үй өртенген. Құтқарушылар 1981, 1984 жылғы ер мен әйелді және 2015, 2019 жылғы балаларды құтқарып қалған. Төтенше жағдайлар берген мәлімет бойынша өрттен 15 адам, оның ішінде 8 баланы тілсіз жаудан құтқарса, 35 адам өз беттерінше өрттен оқшауланған. Өрттің басты себебі шылым шегу кезіндегі отты абайсыз қолданғаннан болыпты. Бұл да адамдардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауы, төсекте жатып шылым шегуі, ішімдік ішуінен, газ баллондарын ебедейсіз қолдануынан орны толмас өкініштер алып келетінін жадыларынан шығармауы тиіс.
Бұл бағытта Төтенше жағ-дайлар департаменті «Өрт профи-лактикасының бірыңғай сағаты» атты облыстық акциясын іске қосты. Онда 2020-2021 жылдары жылыту кезеңінде өрттерді, өрттерден адамдардың қаза болуы мен жарақаттану жағдайларын, адамдардың улы газбен улануын алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Күн сайын электр-тұрмыстық техника сатумен және сауда үйлеріндегі сатушылармен ірі ойын-сауық орталықтарында өрт қауіпсіздігіне байланысты үгіт-насихаттар мен әлеуметтік бейне роликтер көрсетілуде. Алайда, жеке тұрғындар мен көп қабатты пәтерлерде тұратын, сауда ғи-мараттарында кәсібін дөгелетіп отырғандар бұдан қаншалықты тәлім алуда. Құдай да сақтанғанды сақтайды ғой. Жаныңа бататыны өртенген періштелер, өзекті өртейтін өкініш. Жалпы Алматы облысы бойынша 2019 жылы 1314 өрт оқиғасы тіркеліп, 18 адам қайтыс болса, оның 3-еуі бала, 4-еуі мас күйінде ажал құшып, 17 адам жарақат алған. Ал, 2020 жылы 1161 өрт оқиғасынан 31 адам беймезгіл қайтыс болса, оның 10-ы кәмелеттік жасқа толмаған балалар болған. 5 адам жарақаттанған. 2021 жылдың тек қаңтар айында 90 өрт болып, 9 адам өліп, 4 адам құтқарылған.
Бес сәбидің қазасы бір отбасының ғана қайғысы емес, бүкіл қазақтың қайғысы. «Атамдатсаң атамдат, ботамдатпа» деп Тәңірден тілеу тілеген ел едік қой! Әсіресе, балаларға абай болайықшы, ағайын!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ