Басты міндет – білім сапасы

478

Алматы облысындағы жалпы білім беретін 760 мектепте 430 мыңнан астам оқушы білім алуда. Жаңа оқу маусымында 47 мыңдай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған. Өткен оқу жылының ІV тоқсанын қашықтықтан оқыту барысында жіберілген қателіктерді болдырмас үшін өңірдің білім саласындағы басты мәселелерге баса назар аударылып, сараптама жасалыпты.  Бұл жөнінде «Jetisy mediа» ақпарат алаңында өткен брифингте сөз болды.

Жиында  сөз алған Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова жаңа оқу маусымына дайындық жөніндегі ойын ортаға салды.

– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы соңғы тоқсанды  оқушылар онлайн форматта ақтады.  Алайда, пандемия жағдайына байланысты шұғыл қабылданған шешімнен соң жаңа оқу форматында түрлі кемшіліктер болғаны да анық. Сондықтан биыл оқушылардың компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі мен интернет жүйесінің қолжетімділігі, мектеп ұстаздарының дайындығы сияқты өзекті мәселелер назардан тыс қалмай, дайындық жұмыстары барынша тиянақты жүргізілді. Мәселен, облыстағы ұстаздар қауымы жазғы демалыс уақытын пайдаланып «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» атты курстан өтті,– дейді М. Тілеутайқызы.

Білім басқармасы басшысының сөзінше, облыс мектептерінде 41 мыңнан астам мұғалім жұмыс жасаса, бүгінде олардың барлығында компьютер бар. Оның ішінде 49,9 пайызы жеке лимитсіз интернет желісіне қосылып, 45,7 пайызы 3G және 4G интернетін пайдалануда. Алайда 4,4 пайызды құрайтын ұстаздарда ғаламтор желісіне қосылуға мүмкіндік жоқ. Жаңа оқу жылына дайындық барысында жүргізілген сараптама нәтижесіне сәйкес, өңірдегі 246 774 (57,4%) оқушының ноутбугы бар екені анықталған. Ал, техникалық құралы жеткіліксіз 23 678 оқушыға уақытша пайдалану үшін компьютер үлестіріліпті. Бұған қоса, спонсорлар есебінен 445 компьютер, 503 ноутбук пен 661 планшет таратылған.

– Облыстық бюджеттен 20 мың компьютерлік техника сатып алуға 4 млрд. теңге бөлініп, 1 қыркүйекке дейін 6000 ноутбук оқушыларға берілді. Ал республикалық бюджеттен 55 мыңнан астам компьютер бөлініп, оларды аз қамтылған отбасы балалары мен жетімдерге, ерекше білімді қажет ететін балаларға таратылды. Алдағы уақытта 5 млрд. теңге қаржыға 20 мың техникалық құрал сатып алу жоспарға алынған. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 38994 роутер сатып алуға қосымша 730 млн. теңге бөлініп отыр. Роутерлер 5 қазанға дейін сатып алынады,– дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда 189 мектепте 15 мыңнан астам оқушы штаттық режимде, ал жалпы оқушының 86,2 пайызы қашықтықтан оқуда. 1-4 сыныптар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылып, онда 46 602 оқушы білім алуда.

Аталған мектеп нысандары санитарлық құрылғылар мен дезинфекциялық заттар толықтай қамтамасыз етілген. Білім сапасы басты назарда екенін жеткізген білім басқармасы басшысы қашықтықтан оқыту кезінде ата-аналар тарапынан көрсетілетін қолдаудың орны ерекше екенін атап айтты. Брифинг соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ    

Бөлісу:
ТегтерБРИФИНГ