Біртүрлі сөзден біртүрлі ой

0
1250

– Вакцина алдың ба?  –  дейді  танысым.

– Алдық.

– «Шымкентский» салдырдың ба?

Бұл  сөзіне біраз ойланыңқырап барып жауап қаттым: «жоқ, қытайдың вакцинасы» деймін.

– Сен былтыр ауырмадың ба  вируспен?

– Иә, сылынып, көтерем аттай сүйретіліп қалғанмын.

– Онда вакцина алып нең бар еді? Онсызда ағзаң бұл пәлемен күресіп, үйреніп алды, антидене қалыптасты дегендей.

– «Өкімет сөзден тайқыды» демеймін, өзім үшін салдырдым.

– Жұмысқа кіргізбейміз, апта сайын тест тапсырасың дегеніне бола ма?  – деді ол тағы.

– Жоқ  дегім келген, бірақ  демедім. Себебі біртүрлі сөзден соң санада біртүрлі ой қалып қойды.

***

«Денсаулыққа пайда-зияны болса, обал-сауабы  өздеріне. Бұл дерттен құтылаудың басқа жолын көріп тұрғам жоқ. Салдырдым барып» деген жанның сөзін  естіп  неге  біртүрлі болдым екен.

 

* * *

Онсыз да біртүрлі боп  жүрген  көңілім жұмыс үстеліне  аяғын айқастыра  қойып, орындығына керіле жатып сөйлеген  ағаның сөзін естіп одан бетер  біртүрлі болды.

– Екпені не үшін алуым керек.  Ауырғаным жоқ, ауырып қаламын деп те ойламаймын.  Ақша беріп жасатып алдым…

– Біртүрлі екен, ә?!

* * *

–Тәте, сіз журналиссіз ғой иә,  – деді көрші бала.

– Иә  деймін. Неге екенін, ішім «бұл бала  да біртүрлі сауал қойғалы тұрған жоқ па осы» дейді.

–  Айта бер.

– Осы ел жаңалығын тыңдап отырсаңыз жер-жерде індет өршіп тұрғанын, тіпті қанша адам жұқтырып, қанша адамның көз жұмғанына дейін беріп жатыр. Ал,ана Түркістанда деймін    құжынап  адам қаптап жүрсе де, ауырғандар мен індет жұқтырушылар  санаулы ғой. Сонда,  бұл қалай болғаны? Ары ойланып, бері ойланып,  миым жетпей-ақ қойды. Осыны ойласам, біртүрлі болып қалғандаймын  соңғы кезде. Өзіңіз бұған не дер едіңіз? – деген сөзін естіп  «бізде бәрі біртүрлі ғой» дей салыппын. Солай деп сөйлегеніммен ішкі ой «бұл ойнайтын дерт емес» дейді. Шынымен де біртүрлімін-ау…

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 


ПІКІР ЖАЗУ