ДӘРІГЕР, екінші толқынға дайындыққалай?

618

Әлем шарын мекендеген адамзат баласын аждаһадай жұтып жатқан COVID-19 індетінің емін әлі ешбір мемлекет тапқан жоқ.  Ғалымдардың шақшадай басын шарадай қылған қауіпті дерттің жолын кесуде озық технологиялармен аты шыққан Жапония мен алып мемлекеттер АҚШ пен Қытай да дәрменсіздік танытуда.  Ақпан айында басталып, наурызда өршіген індет бойынша Қазақстанда маусым мен шілде айларында адам шығындарына жол берілді. Дәрі-дәрмек тапшылығы, ауруханаларда орын болмауы, тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі қазақстандағы  медицинаның қай деңгейде екенін көрсетіп берді. Қолдан жасалған кедергілер, жалған көзбояшылықтар, қыл аяғы бетперде мен антисептикті саудалаған алаяқтар мен жең ұшынан жалғасқан  жемқорлықтар әшкереленді.  халық ашуға булықты, өз беттерінше ем-дом жасап, жұқпалы індеттің құрбанына айналды.

Әу баста індетке сақадай саймыз деген Үкімет пен Денсаулық министрлігінің шалағай істері  көзге шыққан сүйелдей  бадырайып көрінді. Қолдарын мезгілінен кеш сермеген жоғарғы  билік орта жолдағы асуда ат ауыстырып, экс-министр  Біртановты қызметінен босатты. Миллирадттаған қаржының желге ұшқанын, фармацевтикалық қоймаларда тығылып жатқан дәрі-дәрмектердің емханалар мен дәріханаларға мезгілінде жетпегенін кеш білді. Індеттен өлім-жітім көбейді.

Індеттің екінші толқыны қазан, қараша айларында тұмаумен қабаттасып өршиді деген дабыл тамыздың басынан бері қараша қауымға ашық айтылған-ды. Оған дайындықтың барысы жайлы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Денсаулық  сақтау министрі   А.Цой мырза ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жайын  үзбей айтып келеді. Емханалар мен ауруханаларды қажетті құрылғылармен жабдықтау, төсек-орынды және инфрақұрылымды жаңарту,  дәрігерлердің еңбекақысын арттыру мәселесі күнтізбеден түскен жоқ.  Мәселен, 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің еңбекақысын бүкіл экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге көтеруді межелеуде. Жөн-ақ  делік, алайда,  дәрігерлердің білімі мен біліктілігі жайлы ауыз толтырып айта алмайсың. Олардың арасында да араны ашылған, пара бермесең дертіңе дерт жамап беретін және біліксіздігінен  науқастың жанын ажалынан үш күн бұрын жаһанамға жіберіп жатқандары жайлы  айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе, «хирургиялық бөлімде ота жасайтын дәрігерлер құнығып кеткен-мыс» деген қауесет ел арасында желдей есіп жүр. Бұл бөлек  әңгіме, басты тақырып екінші толқын туралы болмақ, яғни,  пневмония мен  COVID-19-дың бірінші толқынында жіберілген қателіктерді  қайталамау.  Адамдардың өмірі мен денсаулығына барлық ресурсты жұмылдыру басты міндет екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы айтуда. Тамыз бен қыркүйек айларында  Қазақстан бойынша ауырғандар саны 108236 болса,  індеттен 103 277-сі емделіп, 1725 науқас қайтыс болған.  Ал, Алматы облысы бойынша  4981 адам ауырып,  4794 адам дертінен айығып,  62 індет жұқтырушы ажал құшқан. Құдайдың да «сақтанғанды сақтаймын» деген тәмсілін әр адам назарда ұстап, санадан өшірмеу керектігін маусым мен шілде айында анық көз жеткіздік. Сәл  саябырлаған кеселден соққы алған  қараша қауым қайғы-қасіретті әлі ұмыта қойған жоқ. Әйтсе де, жеңілдетілген карантиндік шектеулерге қарамастан арқаны кеңге салып, ұлан-асыр той жасап, айыппұл төлеп жатқандарға қарап өткеннен сабақ алмағандығына іштей  қынжыласың. Індет  толықтай ауыздықталған жоқ, ел ішінде әлі де ауырып, емделіп, ажал құшып жатқандар да бар. Оны жоғарыдағы цифрлар айғақтайды. Осы бағытта біз Көксу аудандық орталық  ауруханасы директорының  орынбасары Мира Тоқтамысқызы Қанаеваға жолығып,  әңгімелесіп қайттық. Алматы облысында індет өршігенде Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында өңірдегі  пневмония, коронавируспен ауырғандар емделді. Дәрігердің айтуынша, Көксу ауруханасында барлығы 376 науқас емделген. Соның ішінде 70 науқас Талдықорған қаласынан қабылданған.

Алғашында қалада орын жетпегеннен кейін  біздің ауруханаға қабылдауға шешім шығардық. 306 адам Көксудан болды.  Бұдан бөлек, үй жағдайында емделген науқастар да болған, оларға дәрі-дәрмек жағынан қиналмасын деп үй жағдайындағы стационар аштық. Онда 176 адам  емделді. Олардың  бәріне  дәрі-дәрмектерді тегін бердік – деген Мира Тоқтамысқызына «әу бастағы дәрінің жетіспеушілігі, сондай сәттегі аурухана қызметкерлерінің, яғни дәрігерлердің көңіл күйі қандай әсерде болды?» деген сауалымызды  көлденең тарттық.

Наурыз, сәуір, мамыр айында ондай жағдай тіркелген жоқ. Қиын жағдай тек 1-2 жеті аралығында осы Балпық биде дәріханаларда дәрі-дәрмек жоқ болды. Бұл  жағдайда үйдегі адамдарға көмек болсын деп стационар аштық.  Біздің ауруханада тапшылық аса болмады, тіпті басқа аудандарға дәрі-дәрмекпен көмектестік. Себебі, бізде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болған. Біздің бас дәрігер ақпан айынан бастап дәрі қорын жинағандықтан, басқа жақтарға да көмектесе алдық. Қорғаныш  костюмдерін, залалсыздандыратын заттардың барлығын жинап отырдық. Маусым мен шілде айындағы қатты науқанда барлық төсекті қойып, науқастарды қабылдадық. Орын жетіспеушілігі байқалғанда облыстық басқармаға хат жазып жүріп тағы  қосымша төсектер алдырдық. Терапия бөлімін мүлдем жаптық, бәрін провизорға ауыстырдық. Содан кейін 48-ден   55-ке,  науқас саны көбейген сайын төсек  санын  65-ке дейін жеткіздік. Дәрігерлер күн-түн демей, үй-жай, бала-шағаны ұмытып тажалмен  күресті. Қазір  екінші толқынға тиянақты дайындалудамыз.   Тағы 100 төсек-орынға  дейін ашуға шамамыз бар. Дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтарды дайындап қойдық.

  Індет  ырық бермей өршігенде  ауылдық емханалардағы дәрігерлер мен  медбикелерге арқа сүйеп,  оларды станционарға жібердік,  сөйтіп кадр тапшылығы сезілмеді.

 Бүгінгі таңда  ауданда 31 оттегі  концентраторы  және  4 бірдей өкпенің жасанды желдеткіш аппараты  бар екен.  Бұл өте нашар жатқан ауруларға ғана қосылады.  Сондықтан екінші толқынға  толықтай дайынбыз. Ал, дәрігер тапшылығы барлық жерде бар. Біздің аудан   қалаға жақын болғаннан кейін, жұмысқа тұрған дәрігерлеріміз  тәжірибе жинақтап алған соң  қалаға ауысып кетеді. Әрине,  ол түсінікті. Өйткені олар жоғарғы мекемелерде қызмет  істегілері келеді. Қазіргі таңда  бізге   эндокринолог, реаниматор дәрігерлері жетіспейді. Ал, пандемия кезінде  ондай тапшылық болған жоқ. Себебі, былтыр 3 терапевті жұмысқа қабылдадық, бұдан өзге   өзімізде тағы  екі терапевт – дәрігер болды.  Пандемия кезінде 5-еуі ауруға қарсы тұрды. Ауылды жерлерде көбіне тапшылық болып жатады, себебі, дәрігерлер ауылға бармайды.  Ауылда олардың әлеуметтік жағдайлары жоқ. Мәселен, баспана мәселесі, ал жалақылары  жақсы. Облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы грант бөліп,  медициналық оқу орындарымен жасалған келісімшарты бойынша келген медбикелер бар. Ал жоғары білімді дәрігерлер біздің ауданда жоқ. Жылда жәрмеңке болады. Биыл пандемияға қарсы жәрмеңке болмады. Алайда,  еңбекпен қамту орталығы арқылы ауданға 8 дәрігер келді, оның екеуін ауылға жібердік, – дейді Мира Тоқтамысқызы.

Облыс бойынша  бес аймақта орналасқан ветеринарлық ПТР арқылы күніне  науқастар көбейген кезде 50-60 дейін барғанын, үйде,  ауруханада емделіп жатқандардың анализ алынғанын,  қазір күніне 25-30 науқастан алынып Алматы облысы бойынша ұлттық сараптама орталығына жіберіліп тұратынын, олардың арасында теріс нәтиже көрсететінін айтты.

Аты жаман аурудың атын айтудың өзі қорқынышты. Бұл індет бұрын-соңды болмағандықтан, онымен күресетін дәрігерлердің де іс-тәжірбиесі өте аз болды. Қазақстан дәрігерлері тұрмақ, әлем дәрігерлері мен ғалымдары ем шарасын қалай жүргізуді нақты білген жоқ. Протоколда не жазылды, дәрігерлер сонымен емдеді. Оның соңы біраз қателікке  жол берді. Демек, ала жаздай індетпен күрескен дәрігерлер, жіберген қателіктерін  қайта бір саралап, екінші толқын басталған жағдайда сақадай-сай болулары керек.  Науқастар шақырғанда  жете алмаған жедел жәрдем көліктері де нысанаға ілікті. Бұл бағытта Көксу ауданында мобильдік топ құрылып,  қоңырауларды қабылдап, дәрігерлер мен науқастар арасында тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ауданда 4 жедел жәрдем көлігі болса, 9 ауылдық  амбулаторияның әрқайсысында өздеріне тиесілі  жедел жәрдем көлігі бар. Сондай-ақ, індет өршіген кезде ауруханада жатқан 65 науқасқа   екі писихолог жұмыс жасады. Бойларын үрей билеген аурулар, әсіресе жанында жатқан адамды түн ішінде реанимацияға алып кеткен науқасты көріп депрессияға түскенде психологтардың көмегі аса қажет болды. Бұл  кесел адамнан адамға ауа арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде), сондай-ақ науқас пайдаланған тұрмыстық заттар мен алиментарлық жолмен (тамақ, су арқылы) берілуі мүмкін. Ауа, тамақ өнімдері тұрмыстық заттардан да жұғады.  Сондықтан, бетперде тағып,  салауатты өмір  салтын ұстанып,  зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Денсаулық сақтау саласында қазір дәрігер тапшы, төсек тапшы деп жатырмыз. Төсекті  дәлізге болсын қоя салуға болады. Бірақ, оны емдейтін дәрігер болмаса,одан ешқандай пайда жоқ. Сондықтан, қазір бірінші орында дәрігерлердің білім сапасын көтеру керек. Ал, қалғанының барлығын жасауға  мүмкіндік бар. Тағы бір айтатын мәселем, кеңестік кезеңде бір  науқасты емдеу үшін кемінде 20-30 күн ауруханада жататын.  Дәрі-дәрмекті мемлекет беретін. Ал қазір кем дегенде  7-10 күн ем алады. Оның өзінде порталмен келеді. Қазір барлық дәріхана  мен кей ауруханалар жекеменшік. Ал  дәрілердің сапасы төмен болса, дәрігердің қолынан ештеңе де келмейді – дейді ол.

ТҮЙІН ОРНЫНА:   Қандай кесел болмасын, оның басы-қасында білімді, білікті дәрігер жүруі шарт. «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген тәмсіл тегіннен-тегін айтылмаған. «Басы  ауырып, балтыры сыздағанның»  бәрі  де  дәрігерге жүгінеді. Шықпас  жаннан шипа іздегендерді, жылы шырай қабылдап, сөзімен де, емімен де  емдейтін білікті дәрігерлердің дәрменсіздігі  індет кезінде айқын көрінді. Протоколмен ғана шектеліп, аң-таң күйге түскен дәрігерлерді кінәлаудан да аулақпыз. Себеп, әлемді жайлаған кеселдің  күре тамырын қиып жіберетін ешбір мемлекеттің ғалымдары  дәрі-дәрмекті ойлап таба алған жоқ. Халық қынадай қырылғанда, жандары танауының ұшына келгенде, суға кетіп бара жатып  тал қармаған медицина саласы танауын тасқа соққан балықтай сансырады.  Енді, екінші толқын басталса, мылтықсыз майданда індет жеңе ме, әлде індетпен күресуші медицина жеңе ме бір Құдайға ғана мәлім.  Жұмыр басты пенде ретінде, Алла елді індеттен, Әзербайжан мен Армения арасындағы болып жатқан қырғын соғыстан сақтасын  деп тілек тілеумен ғана шектелеміз-ау!

Айтақын МҰХАМАДИ

 

Бөлісу: