«Елге сәлем!» шығармашылық кеші

0
994

ҚР Мәдениет қайраткері, жерлесіміз, күйші-композитор, ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі дирижері – Нұрлан Бекенов еліне, жеріне деген сағынышы мен ыстық лебізін білдіріп туған жеріне келіп шығармашылық кешін өткізді. 

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде өткен шығармашылық концерт «Елге сәлем» деп аталды. Іс-шараны белгілі композитор Әли Алпысбаев жетекшілік ететін Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі сүйемелдеп, жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.

Нұрлан Бекеновтың туған өлкесіне келмегеніне жиырма бес жыл болыпты.  Кеш иесі туған жерге  деген сағынышын әнмен, күймен өрілген туындылары арқылы жеткізді.

«Жер жәннаты –  Жетісу жаныма ыстық мекен. Осы аймақта туып, суына шомылып, құмында аунап өскен балалар едік.Оқуға түсіп, киелі өнердің биігіне шығамыз деп жүргенде талай жыл  артта қалыпты. Туған атамекенімді сағынып, осы өңірдің перзенті ретінде «Елге сәлем» атты шығармашылық кешімді өткізуді біраз уақыттан бері жоспарлағанмын. Бұл алғашқы өткізілгелі тұрған кеш болғандықтан мен үшін қолдау өте қажет болды. Бүгін міне, ең бірінші Алланың қалауымен, одан кейін жерлесі-міз, өнердегі ағамыз Әли Алпысбаевтың, мәдениет басқармасының қолдауымен ойға алған ісім жүзеге асуда. Осы кештің басы-қасында қолдау көрсетіп жүрген жандарға үлкен алғысымды білдіремін!», – деді Нұрлан Бекенов.

Сазды кешке қолдау көрсетіп сонау Нұр-Сұлтан қаласынан елге белгілі, өнер жолында жүрген мәдениет саласының үздігі, эстрада жұлдызы Арайлым Рахымқызы мен мәдениет қайраткері және танымал әншілер Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаева өнер көрсетіп, сахна төрінде салтанат құрды.

Күйші туған жерге деген сағынышын «Жайлауда», «Сағыныш» атты туындылары арқылы жазыпты. Күй өнерін насихаттап жүрген өнер иесі осы шығармаларын кеште жеке өзі орындап берді. Жиналған өнерсүйер қауым ішінде қазақ күйлерінің музыкалық тілін түсінетін, білікті тыңдаушы оның бұл шығармаларына жоғары баға берері сөзсіз. Домбыраның қоңыр үнімен қазақтың байтақ кең даласы, көкте қалықтап ұшқан қыран құсы, сай-салада жүгірген аңы, қазақтың кең жайылған дастарханы, сәйгүліктің шабысы көзіңе еріксіз елестейді. Осы орайда айта кетсек, қазақтың рухын көтеретін екі нәрсе бар. Бірі астындағы мініп, жаратып жүрген – тұлпары болса, екіншісі қолына ұстап жүрген қара домбырасы. Осы екеуімен қазақ сонау заманнан бері өз несібесін тауып келеді. Нұрлан Бекеновтің де атын шығарып, дарыны мен шынайылығын көрсетіп келе жатқан осы – қара домбырасы.

Кешке арнайы қонақ болып, күйден тарту-таралғы жасаған жанның бірі – Серік Бекенов. Иә, аты-жөнін естігенде бір атаның балалары деп ойлайсың, бір қызығы олай емес. Ол – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, фольклортанушы, белгілі күй шебері Уәли Бекеновтің немересі.

«Көбісі бізді туысқандық жақындықтары бар деп ойлағанмен, біз екі атаның балаларымыз. Ал екеуміздің басымызды қосып, бір ортаға әкеліп отырған – күй өнері», –  дейді Серік Бекенов.

Сазды кешке жиналған қауым Нұрлан Бекеновтың дирижерлік қырын да көрді. Мұқан Төлебаев атындағы халық оркестрге бастан-аяқ өзі дирижерлік етіп, музыкалық дарынының тағы бір шетін көрсетіп, елді тәнті қылды.

Кештің ең басты қонағы – халықтың сүйіктісі, әнші Димаш Құдайбергендей дара тұлғаны өмірге әкелген – Қанат, Светлана Айтбаевтар болды.

«Жетісу өлкесі өзінің жылышырайымен, қонақжайлығымен, сұлу табиғатымен құшақ жая қарсы алды. Бұл өңірге көктем ерте келеді екен. Осында келгелі  көктемдей құлпырған, жаны да, тәні де сұлу қаншама адаммен таныс болдық. Ал концерт бағдарламасы өте жақсы ұйымдастырылды. Осы концертте Әли ағамыздың әдемі жазылған, сиясы кеппеген «Әке» атты әнін алғаш рет орындадым. Бұл концерт жалғыз біздің ғана емес, бүкіл халықтың көңілінен шығатын кеш болды деп ойлаймын», – деді Светлана Айтбаева.

Шығармашылық кеште квартет болып, Қанат, Светлана Айтбаевтар мен Оралбай Мұхамедиев, Арайлым Рахымқызының орындауында Әбен Дәуренбековтің сөзіне жазылған Әли Алпысбаевтың «Ауылдағы той» әні орындалып және Нұрлан Бекеновтің шоқтығы биік шығармасы «Орақты батыр» күйімен қорытындыланды.

Іс-шара барысында «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, сатирик жазушы Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі әнді дамыту қорының қамқорлық кеңесшісі Көпен Әмірбек сөз алып, ізгі тілегін жеткізді.

«Түркияның кезіндегі Президенті Ататүрік: «Біз шенеуніктер әкім, министр, депутат бола аламыз. Тіпті, Президент те бола аламыз. Бірақ өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамдары біздің қолымызды емес, біз өнер адамдарының қолынан сүюміз керек», – деген. Сондықтан да өнер адамдары қандай құрметке де, қошеметке де лайық. Нұрлан балам Әлшекей бабамыздың күйлерін еліміздің түкпір-түкпіріне барып насихаттап жүр. Мен Әлшекей бабаның тікелей ұрпағымын. Сол себепті Әлшекей атындағы медальді табыс етпекпін, – деп жарқыраған медальді өнер иесінің кеудесіне тақты.

Шара соңында Нұрлан Бекенов кештің керемет өтуіне ұйытқы болған Әли Алпысбаев пен М.Төлебаев атындағы халық оркестріне, барша ұйымдастырушы-қолдаушыларға алғысын білдірді.

Жаныңды тебірентіп, кез келгенге айрықша әсер қалдырған сазды кеш өте жоғары деңгейде өтті. Келген көрерменнің қай-қайсысының болмасын бойын қазақ өнерінің құдіретті күші биледі. Әдемі кешке  жиналған барша жұрт бір сергіп, демалып қалғандарын айтып, мәз болып тарқасты.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ