Жақсы адамнан жақсы журналист шығады

0
1189

Алматы облысы  ішкі саясат басқармасының қолдауымен  «Еркін» өнер академиясының ұйымдастыруымен брифинг өтті.  Брифингте Бейсен Құранбек атынан тренинг өткізу жоспары  талқыланды.  Жоба мақсаты – сөз өнеріне,  жалпы,  журналистикаға қызығушылығы бар студенттер мен мектеп оқушыларына және БАҚ өкілдеріне тілшілік өнердің қыр-сырын үйрету болып табылады.

Дәрісті – журналистикаға еңбегі сіңген белгілі азаматтар өз  саласы бойынша   жүргізеді.  Алдағы 11 күн бойы онлайн форматтағы  «Zoom» платформасы арқылы 11 тақырып бойынша сабақ өтіледі.  Бұл курсқа 11 сынып оқушыларынан бастап, студенттер және БАҚ өкілдері ақысыз,  тегін қатысуға мүмкіндіктері бар. Курстың ерекшелігі аудиторияға дәріс өткізіп қана қоймай, қатысушылар  арасынан байқау  өткізбек. Ол үшін курсқа қатысушы әрбір алған дәрісі туралы әлеуметтік желіге және мақала қылып газет бетіне жазуы тиіс.  Осы талаптарды  үздік орындаған бір қатысушы жоба  соңында ақылы түрде өзінің қалауымен  не телеарнадан,  не  газеттен немесе радиодан практикадан өтуге мүмкіндік алады. Тәжірибеден өтуші  бір ай ішінде сол жақтың жұмысымен бастан-аяқ танысып, үйреніп шығады.

Курста түрлі бағыт бойынша дәріс өткізетін ұстаздар : Серік Әбікенұлы, Досан  Қызайбекұлы,  Данияр Болысбекұлы,  Гүлжанат Мақұлжанова,  Бақыт Жағыппар,  Данияр Мұстафаев,  Жұмағали Бейсенбекұлы және Есболат Айдабосын  мен Жансая Биқұрман.  Жоба соңында Бейсен Құранбек жайлы фильмді түсіріп шығу жоспарлануда.

– «Биыл  көзі тірі болғанда,  Бейсен ағамыз елу жасқа толар еді.  Ол  қазақ журналистикасындағы жарық жұлдыздардың бірі болды. Ток-шоу форматына  репортажды, зерттеуді қосты. Қазақстанда бұрын болмаған қазақ тілді ток-шоуды үлкен деңгейге көтерді. Ұйымдастырылып  отырған онлайн тренинг Бейсен ағамыздың жасаған ісінің жалғасы іспеттес. Шын мәнінде, аядай ғана шағын қалаларда мықты мамандар табу қиын. Оларды қолдан жасау керек. Бейсен аға соны үйреткен еді. Асыл ағамыз  үнемі жақсы адамнан жақсы журналист шығады деуші еді.  Сондықтан тренингті  ұйымдастырушылар  жас журналистер бойына Бейсен ағамыздың болмысын, ұстанымын, адамдық қасиетін сіңіруді басшылыққа алып отыр. Бұл курсқа  қатысатын оқушылар,  студенттер мықты журналистерден тәлім алып, нақты өз бағыттарын таңдайтын болады», – деді  «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары  Данияр Болысбекұлы.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ