«Журналистің міндеті – жалған ақпарат таратпау»

569

Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен өткізіліп келетін вебинарлар сериясының кезекті  сабағында  белгілі журналист, Медиа тренерлер  мектебінің маманы Жұлдыз Әбділда   «Медиа және ақпараттық сауат»  атты тақырыпта кеңінен әңгіме қозғады.

Өз сөзінде медиатренер фейк ақпарат-тарға кеңінен тоқталды.

Оның сөзінше, журналистикадағы медиа этиканың ең бірінші пункті – тексерілмеген ақпаратты таратпау. Бұрын көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсеге ғана сену керек деп айтатын. Қазір оның өзіне күмәнмен қарау қажет. Өйткені,  көзбен көріп тұрған дүние кейде біз ойлағандай болмауы мүмкін. Журналистің ең негізгі міндеттерінің бірі – ақпарат тарату.  Болған оқиға туралы жан-жақты мәлімет беру. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң бойынша, журналистің ақпарат іздеуге, алуға және таратуға құқығы бар. БАҚ заңының 20-бабында журналистің құқықтары толық көрсетілген. Журналист мемлекеттік және басқа да меншік нысанындағы ұйымдарға барып, ақпарат ала алады. Заңмен тыйым салынбаған болса, аудио, видеожазбаларды жаза алады. Журналист ретінде апат болған жерлерге, митингілер мен демонстрацияларға қатыса алады. Сонымен бірге, заң бойынша, журналист ақпараттың дұрыстығын тексеруге де құқылы. Дұрыс-бұрыстығын тексеру кезінде кәсіби мамандарға да жүгіне алады. Көріп отырғанымыздай, журналистің құқықтары көп. Сонымен бірге, журналистің міндеттері де бар. Журналист еліміздің заңдарына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді атқаруы тиіс. Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау керек.

Медиа этика жайында айтқан   Жұлдыз Әбділда  сөз ауанын   фейк ақпаратты тексерген оқиғасы  жайында жалғады.

«Былтыр журналистердің тобында бір қыз балаға көмек керек екені айтылды. Сөзбе-сөз есімде қалмапты, шамамен ұзын-ырғасы мынадай: Әкесі де, шешесі де жоқ бір қыз бар екен, жалғыз әжесі болған, ол да қайтыс болған. Ешкімі жоқ. Астанада сол қызды көлік қағып кетіпті. Қаққан көлік қашып кеткен, әлі табылмай жатыр екен. Аяғына операция жасаса да сәтсіз болыпты. Соған екінші операцияға 80 мың теңге керек, шұғыл жинап, көмектесіп жіберсек… Әлбетте, бәріміз «ойбу, обал болған екен дестік», – дейді ол.

Осыдан кейін  хабарламадағы қыздың суретін жіберген. Гипсте жатқан бір аяқ пен бас жағы ғана гипстелген екінші аяқтың суреті қоса келген. Осы кезде журналист екі аяқтың екі адамға тиесілі екенін байқап, күмәндана бастапты.

«Қарапайым адамдар қайырымды келеді ғой, бірден ақша аударатындар да табыла қалып, картасының нөмірін сұрады. Қарасам, ЖСН 61-ден басталады екен, яғни 1961 жылы туған адамдікі деген сөз. Ал қыз жап-жас. «Мына қыз жап-жас қой» деп едім, карта әпкесінікі екенін айтты. Жаңа ғана ешкімі жоқ, тақыр жетім қыздың әпкесі пайда болды. Сосын… Құдай бір адамның басына осынша нәубетті үйіп-төгіп бере қоймайтынына күмән келтіргеннің өзінде, бұл жерде назар аударатын басқа да мәселе жетерлік. Біріншіден, қазіргі заманда, ел астанасында біреуді қағып кетіп, ешкімнің көзіне түспей кетіп қалу, сосын табылмай жату мүмкін емес. Көшенің бәрі камера, екі көліктің бірінде видеотіркегіш бар»,  – дейді Жұлдыз Әбділда.

Айтуынша, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге медициналық көмектің тегін көрсетілетіні одан сайын күмән тудырған. «Әлгі қыздың жатқан төсегі де күмән тудырды. Біздің елде реанимацияларда ондай төсектер бар деп ойламаппын. Сосын суретін жақындатып қарасам, бірі оң аяқ, екіншісі сол аяқ екен. Екі аяғы да сынған  деді. Бір аяқ ақшыл, екіншісі қаралау екен. Оны жарықтан десті. Сосын суретті жақындатып қарасам, бір аяқтың тырнақтары сопақша, екіншісінікі төртбұрыштау екен. Енді бір адамның екі аяғының тырнағы екі түрлі болмайтын шығар. Сосын ерінбей суретті сақтап алып, Google-ға салып жіберсем, біреуі Одессада батуттан құлаған баланың аяғы, екіншісі Ресейдің бір қаласында көлік қағып кеткен қыздың аяғы екен. Ал сол аралықта бір-екі адам ақша жіберіп үлгерді. Кейде жай ғана күмәнмен қарау жетпей жатады»,  – деген    Жұлдыз Әбділда өз сөзін  ғаламтор желісінде адамдарға үрей тудырған Қордайдағы құбыжықтың фейк ақпарат туралы тоқталды.

 «Жігіттер, мына бәлені қараңдар. Ит екен деп қағып кеткенбіз. Қордай асуында қағып кеттік. Түсіп, барып қарайық десек, аяқ-қолы бар, бойы ұзын. Шок болып жатырмыз», –  дейді видеодағы ер адам. Бұл расымен фейк ақпарат. Видеоның түпнұсқасы португал тілінде жарияланған. Желіде тарап кеткен видео бразилиялық топ жасаған контенттің бөлігі ғана: сценарий бойынша, бір топ адам қауіпті жануарға кезігеді. Мифологиялық құбыжық қолдан жасалған қуыршақ  болып шыққан. Сол себепті ақпарат таратуда мұқияттылыққа назар аудару керек».

Сонымен қатар медиатренер белгілі әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның денсаулық саласына 500 мың доллар сыйға тартты. Бұл туралы C.U.R.E үкіметтік емес қайырымдылық қорының президенті Дуглас Джексон мәлім етті деген жалған ақпарат тарап кеткені жайында да айтты.  «Негізінде Димаш ән айту арқылы 500 мың доллар дәрі-дәрмекті жеткізуге демеушлік жасаған. Негізі бұл ақпаратты тарату барысында журналистер не Димашқа, не продюсерге немесе денсаулық сақтау министрлігіне хабарласпаған».

«Әрбір журналист  өзінің электронды поштасына абай болу керек» деген медиатренер   «уатсапқа келген ақпарат-тың шынайлығына мән берген жөн. Поштаныңызға келген ақпаратты «әріптестер мынау жалған ақпарат па?» деп жазғанымыздың өзінде абай болуымыз керек»  дейді. Тағы да айта кететін мәліметтердің бірі «Шындықты жайып салды, жаға ұстатарлық жағдай…» сияқты тақырыптармен келген мәліметтердің шынайы ақпарат болуы мүмкін емес.  Сондықтан,  осындай тақырыппен келген ақпаратты міндетті түрде тексеріп алған жөн.

Жұлдыз Әбділданың  вебинар сабағы кезінде ақпарат тарату барысында асықпау керектігін ұғындым. Шыны керек осы уақытқа дейін  мақала жазу барысында тақырыпқа  байланысты ақпараттарды жалған немесе  нақты ақпарат екеніне көз жүгіртіп көрген емеспін.  Ендігі де абай болу керектігін  ұғындым.  Әрі,  бұл  вебинардың, әсіресе қазақтың бетке ұстар журналисінің  айтқанынан  жадыма көп дүниені тоқыдым. Айтпағым,  онлайн форматтағы   Түркітілдес журналистер қорының «Шеврон» серік-тестігінде ұйымдастырып келетін  вебинарлар сериясының берері мол.

 

Ардагүл ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ