Жыры мен мұңы бітпеген зейнет жасы

0
1250

Қазақ  «Жас кезіңде бейнет бер,  қартайғанда зейнет бер» деп тәмсілдеткен. Алайда сол зейнет жасқа жетудің өзі мұң мен зарға айналды. Тұрақты жұмыс көзі барлар болмаса, зейнетақы қорына төлем төлеп жатқандар шамалы. Тіпті, болар болмас жалақы алатындардың өзі өліп-талып зейнет жасына шыққанда алатын зейнетақысы күн көрісінен артылмайды.

Қазақстанда жұмыссыздардың саны қанша екенін үкіметтің өзіде нақты біле алмайды-ау. Өйткені түрлі көзбояушылықтарға баратын жергілікті билік жоғарыға жұмыссыздар жайлы статистикалық мәліметті бүркемелеп беретіні айдан анық. Ал тіркеуде тұрмай  күнделікті нәпақа іздеп, базарда  арба сүйреп, қара жолдың бойында тізіліп тұрған жұмыссыздарды ешкім де есепке алып жатқан жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын бұрынғы Елбасының кезінде ауыр жұмыс істейтін кен орындарындағы жұмысшылар зейнет жастарын қысқартуды талап етіп, ереуілдеткені ел есінде. Парламент мінберіне дейін қаралған бұл мәселе сиыр құйымшақтанып кеткен-ді. Енді зейнет жасын төмендетуді талап еткен ұстаздар мен өзге де жұмыс тобындағы белсенділер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен үкіметке шағымдарын айтып, зейнет жасын төмендетуді талап етуде. Осы мәселеге байланысты Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсынысына пікір білдіріп,  1998 жылы зейнетақы жүйесінің реформаланғанын, соған сәйкес, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар азаматтар ғана мемлекеттен еңбек зейнетақысын алады. «Сонан кейін оған қосымша базалық зейнетақыны алады. Ал егер біз зейнет жасын төмендететін болсақ,  онсыз да еңбек өтілі төмендеп келе жатыр, зейнетақы да өте төмен болады», – депті. Ал енді Қазақстанда  өмір сүру жасының  жоғарғы шегі 67 жас екенін тағы да мәлімдеген. Сонда өліп-талып 63-ке толғанда зейнетке шыққандар 67 жаста бақилық болса, зейнеттің қызығын көрмей  кетеді.

Бір ғажабы азаматтардың  зейнетке ерте шыға алатын мүмкіндігі 1998 жылдан кейін жинақтаушы шотқа  өз  уақытында қосылып отырса, 63 емес 50 жасында зейнетке шығып кетуге мүмкіндігі бар деп Заңда жазылыпты. Бірақ  осы күнге дейін 50 жасымда зейнетке шықтым деген бір азаматтың үнін естімедік. Естімейтін де шығармыз. Себеп,  1998 жылдан бері қаншама дағдарыс болды. Теңгенің құны түсті. Жұмыс орындарының ашылағанынан, жабылғаны көп болды. Бір орында тиянақты  жұмыс жасаған қарапайым жұмысшыны табу  –  құм астынан алтын іздегенмен бірдей. 67 жас демекші, менің туған ағам да, белгілі журналист Ғалым Жазылбеков та, Нұртілеу Иманғали да  67 жасында бақилық болды. Мұндай көрсеткіштерді жалпы республика бойынша алатын болсақ миллиондап санауға болады. Одан бөлек, зейнетке жете алмай  ажал құшқандары қаншама? Сонда деймін-ау, Қазақстандағы өмір сүру жасының 67 жас екенін біле тұра үкімет зейнет жасын әзірге төмендеткісі келмейтін сыңай танытуда. Онымен қоймай 1998 жылғы заңға сүйеніп, зейнетақы қорына үзбей жарна төлеп тұрсаңыз, 50 жасыңызда  зейнетке шыға беріңіз сізге ешкім қой демейді  деп жұбатады. Кәсіпорындардағы еңбекақының өсімі айтпаса да түсінікті. Батыс өңіріндегі мұңай кен орындарында істейтін жұмысшылардың ереуілінен кейін жалақы көтергені бар-ды. Әлі күнге дейін Батыста вахталық кен орындарында жұмыс істейтіндерін әрі жедел жәрдем көлігін жүргізетін жұмысшылардың дүркін-дүркін ереуілге шығып тұрғанын ақпарат құралдары жариялауда. Тіпті, Нұрсұлтан қаласына барып, Министрліктің алдында көлбеңдеп екі жеті жатып алғандары көгілдір экраннан көргенбіз. Олардың жалақысы Оңтүстік өңірлердегі жұмысшылардың жалақысымен мүлде сәйкес келмейді. Оңтүстік өңірлердің қара жұмысшыларының  алатын жалақысы сараң байдың құлдарына берген садақасы сияқты. Құрылыста, жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс жасап жүргендер айлап-жылдап, еңбекақыларын ала алмай сот табалдырығын тоздырып жүр. Тіпті, еңбекақы, маңдай терін даулағандар зейнетақы қорларына бір тиын да аударылмағандарын айтып дабыл қағып жатады. Сонда қайдағы елу жаста зейнетке шығады. Бұл енді «Тасты жапалақпен ұрсаң да, жапалақ өледі. Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі» дегеннің кері. «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қазақстанда орташа жалақы 50 000  мың теңгеден аспайды деп ащы шындықты айтқан-ды. Одан бері көтеріліп кеткен жалақы жоқ.

Рас, ұстаздар мен дәрігерлердің, сот орындары және құқық қорғау органдарының жалақылары өсуде. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының ішінде облыс, аудан, қала әкімдерінің, орынбасарларының, мекеме басшыларының  жалақылары жоғары,  ал қатардағы қызметкерлердің және қызметке жаңа келгендердің жалақысы мардымсыз. Бірақ  олар ай сайын зейнетақы қорларына тиянақты жарна аударып тұрады. Ал жекеменшік секторлардағы кәсіпкерлер қол астындағы жұмысшылардың жалақыларын кешіктіріп беру, болмаса банкротқа ұшарау секілді үрдістер жиі болып тұрады. Осыдан кейін тиянақты зейнетақы қорына жарна аударып, 50 жасыңда зейнетке шығу дегенді түсіңде көрмесең, өңіңде көру деген қиямет қайымның қыл-көпірінен өткенмен бірдей шығар. Соңғы кездері зейнетақы жүйесіне қатысты түрлі статистикалық мәліметтер жарияланып жүр. Қазақстандық және шетелдік зейнетақылардың салыстырмаларын көруге болады. Ұлттық экономика министрлігі, статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 2 192 549 зейнеткер бар. Ал зейнетақының орташа мөлшері  – 54 387 мың теңге болса, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 33745 мың теңге.

Қазақстандағы жағдай қандай? Елімізде ерлер үшін биылғы зейнеткерлік жас – 63,  ал әйелдер үшін  –  58 жас, 6 ай. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсызданды-ру туралы» ҚР Заңының 11 бабы бойынша әйелдер үшін зейнет жасы 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады. Әйелдердің зейнеткерлік жасының кезең-кезеңмен көтерілуіне зер салып көрсек:

2018 жылғы 1 қаңтардан – 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан – 59 жасқа толғанда;

2020 жылғы 1 қаңтардан – 59,5 жасқа толғанда;

2021 жылғы 1 қаңтардан – 60 жасқа толғанда;

2022 жылғы 1 қаңтардан – 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан – 61 жасқа толғанда;

2024 жылғы 1 қаңтардан – 61,5 жасқа толғанда;

2025 жылғы 1 қаңтардан – 62 жасқа толғанда;

2026 жылғы 1 қаңтардан – 62,5 жасқа толғанда;

2027 жылғы 1 қаңтардан – 63 жасқа толғанда шығатын болып тұр. Ерлердің зейнеткерлік жасымен теңдестірілген әйелдер бұл заңдылықтармен мүлде келіспейді. Қайта-қайта дабыл қағып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен үкімет басшысы Әлихан Смайыловты мазалауда.

Бүгінде елімізде базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

2019 жылдың 1 қаңтарынан:

– базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері  –  16 037 теңге;

– ең төменгі зейнетақы – 36 108 теңге;

– базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі  – 29 698 теңге.

Базалық зейнетақы – зейнет жасына жеткен азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін міндетті әлеуметтік көмек. Еңбек өтілі мен ерікті зейнетақы қорына жасалған аударымдарға тәуелді емес. Бұл жүйеде зейнетақы арнайы жинақтау қорынан  немесе мемлекет бюджеті есебінен төленеді.

Міндетті зейнетақы жүйесінде жасына байланысты зейнетақыны тағайындау кезінде еңбек өтілі тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана есепке алынады. Себебі осы күннен бастап барлық жұмыс істейтін адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылуын көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу басталды. Бұдан бөлек, «Ерікті зейнетақы жүйесі – бар. Бұл үрдіс салымшылардың өзінің бастамасы бойынша БЖЗҚ-на  және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өзі үшін немесе үшінші тұлғалар салатын ақша. Ерікті жүйе жарналарының салымшылары ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыра алады. Бұл жүйеге кәсібін дөңгелетіп отырғандар салым  салады. Ақпарат Tengrinews сайтынан алынған.

Мәселен Ресейде зейнетақының үш түрі бар. Олар: сақтандыру, әлеуметтік және жинақтаушы.

2019 жылғы мәлімет бойынша Ресейдегі зейнетақының орташа мөлшері:

– cақтандыру бойынша –  13 657 рубль (қазақстан теңгесіне шаққанда  83 717 теңге), мүгедек адамдарға  – 13 349 рубль (81 829 теңге), әлеуметтік зейнетақы –  8 803 рубль ( 53 962 теңге) және соғыс ардагерлеріне –  30 мың рубль ( 183 900 теңге).

Ресейде ер адамдар 60 жас, әйелдер 55 жаста зейнетке шыға алады. Қазақстандағы  ең төменгі зейнетақымен салыстырсаңыз, мүгедектерінің зейнетақасы біздің 20-25 жыл еңбек етіп зейнетке шыққан аяқ-қолы бүтін азаматтардың алатын зейнетақысымен бірдей. Көрші Өзбек елінде де 25 жыл өтілі бар ерлер алпыста,  жиырма жыл жұмыс өтілі бар әйелдер зейнетке ерте шыға алады.  ТМД елдерінің  ішінде зейнетке кеш шығатындар  Армения мемлекетінде болып тұр. Мұнда  ерлердің  зейнетке шығу жасы 65, әйелдер 63 жаста, еңбек өтілдері 25 жыл болуы шарт екен. Мәселен,  Ресейде ерлердің өмір сүру ұзақтығы 66, 9 жас, әйелдер 77,6 жас, Өзбекстанда, әйелдер 76,2 жас, ерлер 71,4 жас,  Арменияда 2016 жылғы  туу кезіндегі орташа көрсеткіш бойынша ерлердің жасы 71,6, әйелдердің жасы 78,3. Қазақстанмен салыстырсаңыз, өмір сүруі кезеңі Ресейде ерлер арасындағы айырмашылық бір пайыз болғанмен әйелдердің өмір сүру көрсеткіші жоғары болып тұр. Соның өзінде ерлердің зейнет жасы 60 жасты межелейді. Бұл көрсеткіш советтік кезеңде бар болатын. Миллиардтан астам халқы бар Қытай мемлекетінде экономика  қарқынды дамыған.  Онда  халыққа қаржылық қолдау төменгі деңгейде. Visasam  сайтының мәліметінше, Қытай халқының кейбірі ғана зейнетке шығуға құқылы. Оған бұрын мемлекеттік мемлекетті органдарда және қалада орналасқан  ірі  өнеркәсіптік  кәсіпорындарда  жұмыс істеген  адамдар  ғана жатады екен.

Қытайда зейнетақы мемлекеттік бюджет тарапынан беріледі. Ал  жеке зейнетақы қорлары бұл елде жоқтың қасы. Алайда едәуір көмектесетін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Зейнеткерлер коммуналдық төленетін зейнетақының аздығына қарамастан егде жастағы адамдарға күнделікті өмір сүруіне қызметтер мен қоғамдық көліктердегі төлемдерден босатылады, сондай-ақ, дүкендерде арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Қытай  қарт адамдарға құрметпен қарауға атсалысады. Тіпті, оларға балалары, немерелері, туыстары қарайласады дейді. Ал Қазақстанда қарайласу былай тұрсын, безбүйректенген кей жанұялар әке-шешелерін қарттар үйіне өткізіп, зейнетақыларын алып отырғандары қаншама? Одан бөлек, жұмыссыз отырған жанұялар да үйдегі зейнеткерлердің, мемлекеттен алатын зейнетақысына күн көріп отырғандардың санап санына жете алмауыңыз бек мүмкін. Бар гәп, қоғамдағы шүйлігіп тұрған зейнет жасы төмендетіле ме, жоқ даурығып-даурығып, баяғы таз кепеш қалпында қала ма?  Жыры мен мұңы бітпеген зейнет жасы қазірге түйткілді күйде қалып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ