Кеңесте келелі мәселелер сөз болды

0
1307

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының отыз жылдық мерейтойына орай мүфтият ғимаратында «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» тақырыбында имамдардың IV республикалық онлайн-форумы өткен еді. Осы форумның жалғасы ретінде ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен орталық «ИМАН» мешітінде жиын ұйымдастырылды.

Кеңесте Талдықорған өңірі бойынша бас имам Ардақ Оразбаев сөз алып, ойын ортаға салды. «Республикалық имамдар форумында қабылданған үш құжат аясында Талдықорған жерінде үлкен жиын өтуде. Бұл қазіргі халықтың, қоғамның арасындағы ең бір түйткілді мәселе болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі ас беру мәдениеті, зираттарда қалай зиярат ету немесе олардың бастарына зәулім сарай салып, бес адам жататын жерге бір адам жатқызу мәселелері халықтың арасында қызу талқыға түсіп жатқан дүние. Жетісу жеріндегі зиялы қауымдар, академиктер мен ақсақалдарды жинап осы мәселені қабылданған құжаттарды халыққа ішіне қалай жеткізсек деген оймен жиын өткізіп келемі. Мұндай жиын бұған дейін Қаратал және Көксу аудандарында өтті. Ал мұндай құжаттың қабылдануы Қазақстанның төрт бұрышында әрбір ас беру мәдениеті, зират қылу мәдениеті бірізділікте болсын деген мақсат» екенін атап өтті ол.
Сонымен қатар ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық «НҰР» мешітінің наиб имамы Жансерік Алпысбаев «Зияткер имам» тұжырымдамасы заман талабына сай зияткер имам деген мәртебеге лайықты дін қызметіндегі мамандарды іріктеу мен оларға мәртебе беру екенін тілге тиек еттті. Айтуынша дін қызметкерлеріне қойылатын талаптардың ауқымы кеңейген, имамдар тек қана діни рәсімдерді ғана атқарып қоймай, сауатты, теріс ағымдарға қарсы күресе алатын, отаншыл, діні мен дәстүрін сабақтастыра білетін, дінаралық, ұлтаралық татулықты сақтай білетін, қоғамның ынтымағы мен бірлігі үшін аянбай еңбек ететін, жан-жақты бәсекеге қабілетті маман болу керек. Ал мешіттің бас имамы Алмас Сағидоллаұлы екі бөлімнен тұратын «Зират және зиярат» жайында айтты.
Өз кезегінде сөз алған ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша наиб имам Керімбек Сарсенбайұлы: – Халық түсінігінде берілетін астың, оқылған Құранның, жасалған дұға, тілектің қайтыс болған кісіге тигізетін пайдасы мен сауабы жайында терең сенім қалыптасқан. Ал марқұмдарға ас бермеу «ата-бабасын сыйламау, әруақтарды құрметтемеу» деп саналған. Сондықтан, Құдайы ас берудегі осы жоралғыларды реттеу – өзекті мәселе. Себебі, уақыт өте келе халық арасында «ата-бабама ас бермесем елден ұят болады, перзенттік абыройымнан айырыламын» деген түсінік қалыптасты. Осылайша құдайы ас бергенде өлілер қамы емес, тірілер ризашылығы ерекше назарға алынатын болды. Ендігі кезекте, осы сынды бұрыс сенімдерден саналы түрде арылатын уақыт келді. Негізінде тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс. Құдайы ас берудің мәні Құдайы астың негізгі мәні – көпшіліктің басын қосып марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау, Алла Тағаланың мейірімін, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатын тілеу, пендешілікпен өткен қателіктері мен күнәлары үшін Жаратқаннан жарылқау сұрау, – деген ойымен бөлісті.
Келелі мәселелерді ортаға салған кеңесте биылғы Еріктілер жылында тасқын судан зардап шеккен Түркістан облысының жұртшылығына көмек қолын созған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбайұлына, орталық «Иман» мешітінің қызметкерлеріне облыстық жастар саясаты басқармасы басшысының атынан берілген Алғыс хат тапсырылды. Ал, Талдықорған өңіріндегі мешіттердің имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай арнайы шығарылған «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» төсбелгімен марапатталды.

Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ