Көк туды қорлағандар, намыссыз оңбағандар

187

«Отанды сүю отбасынан басталады» деп ұдайы айтып келеміз. Сол Отан несімен құнды. Әрине, Елтаңбасымен, Әнұранымен, Көк байрағымен және бұқара халқымен құнды. Он сегіз мың ғаламның қатарында Қазақстан деген мемлекет барын, онда Қазақ ұлты мен ұлыстар мекендейтінін әлем елі біледі.

Президенттің шетелдік сапарларының кортеждерінде келген мемлекетін айшықтайтын кішкене Ту ілініп тұрса, қарсы алу рәсімінде екі мемлекеттің жалауы желбіреп салтанатты рәсім өтеді. Бұл – байрағы бар елдің абыройын асырып, айбынын асқақтатады. Ол аз десеңіз, олимпиадалық ойындарда жоғары дәрежеде өнер көрсеткен спорт саңлақтары алтыннан алқа тағынғанда көк байрақ көкке көтеріліп, Әнұран орындалады. Сол сәтте кеудеңді қуаныш кернеп, жанарға жас үйріліп, «ҚАЗАҚ» деген мемлекеттің мерейі үстем болып тұрғанына шаттанасың. Сол үшінде елдің елдігін көрсететін рәміздерге қатысты арнайы күн белгіленген. Алайда біз осы рәміздердің қадір-қасиетін түсіріп, қолда бар алтынның қадірін білмей-ақ қойдық. Көк Туды тулаққа айналдырдық, күл-қоқыс таситын дорба жасап алдық. «Елдігіміздің айбары – Туымыз қорланып жатыр» деп бұқаралық ақпарат құралдары шулайды. Тіпті, елді мекендер тұрмақ қаладағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы ілінген Тулардың тозығы жетіп, өңі қашып жыртылып, оның сабына киілетін ұңғымасын жіппен байлап қойғандарды да көріп жүрміз. Жүрегіміз селт етпейді. Өйткені қадірі жоқ, қадірлі болса, көздің қарашығындай қорғау міндетіміз емес пе?

Осыдан алты-жеті жыл бұрын Алматы облысында Ішкі саясатты Гүлжиян Сүйлеменова (марқұм) басқарып тұрғанда көк байрақпен күл-қоқыс тасыған көркейту мекемесінің шаңын қағып сілкіледік. Одан кейін Григориян күнтізбесі бойынша келетін Жаңа жылда Әкімдік алдында шырша тігіліп, оны безендірген ойыншықтарды көк байрақтан дорба жасап алып, сүйрелеп жүргендерді көріп бір өре түрегелгенбіз. Одан да асқан сорақыны базарлардан көрдік, іш киімге көк байрақты жапсырып саудаға шыққанда қызылкеңірдек болып қырылдық. Бұл көріністер тек Алматы облысында ғана болып қойған жоқ. Көк Тумен күл-қоқыс тасудан Шымкент қаласының коммуналдық қызметшілері де кенже қалмапты. Бұл 2015 жылы болған оқиға. Туды қор еткен «Бек-Асыл Сервис» мекемесінің екі жұмысшысы әл-Фараби аудандық сотының 2015 жылдың 8 шілдесіндегі үкімімен қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша Мемлекеттік Рәміздерді қорлаған деп айыпталып, әрқайсысы мемлекет пайдасына 100 айлық есептік көрсеткіш есебінде, яғни, 198 200 теңге төлеп

құтылған. Мемлекеттік Туды қорлаған тағы бір ауыл тұрғыны ауласындағы жинаған жем-шөбін Қазақстанның Туы бейнеленген баннермен жапқан осылайша, шаруа, әкімшілік жауапқа тартылғанды. Біздің «ҮКІМЕТТЕ», «ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДА» көретінді көрмейді де, көрмейтінді көріп қояды ғой. Көк Туды әспеттеп көп қабатты тұрғын үйдің балконына (қылтимасына) іліп қойған патриоттың әрекетін де заңсыз деп, әкімшілік жауапқа тартқан-ды. Расында, бұл азаматтың да әрекеті заң аясына сыймайды. Бірақ Туды қорлап, күл-қоқыс тасуға дорба жасап, ойыншық тасып, іш киімнің артына Туды жапсырып саудалағандардың қасында көк Туды қастерлеп, балконда желбіретіп қойған азаматты қалай патриот, отансүйгіш деп айтпайсың. Бұл Мемлекеттік Рәмізді кімдер қорламады. Қорлағандар өзге мемлекеттік адамдары емес, өзіміздің көксоққандар. Намыссыздар, әпербақандар, тойып секіргендер. Енді бәрі бітіп, білімділігі мен біліктілігі қаншалықты екенін білмеймін, бірақ сахнаға шығып тайраңдағандар да көк Туды қорлады-ау…

25 мамыр күні Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында өткен «Ирина Кайратовна» тобының концертінде әншілер, оның ішінде «Shiza» лақап атты әншi сахнада мәдениетсiздiгін көрсетті. Көк Туды қорлады. Қазақ елінің намысына тиді. Ғаламтор желілерін жарып жіберген ел толқуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетті. Президент Туды қорлағандарға қатысты пікір білдірді.
– «Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс. Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк Туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – Туын әрқашан 

биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес», – деді Президент Қ.Тоқаев.

«Айғайласам шығады ащы даусым» деп зиялы қауымнан бастап, ұлт мүддесін көздеген тұлғалар мұндай сорақылықты жауапсыз, әрі жазасыз қалдыруға болмайтынын айтып, дабыл қақты. Президент те дереу халық үніне құлақ түріп, байрақ туралы қажет болса тиісті заңдарға түзету енгізу керектігін айтуда. Бүгінгі қоғамдағы жастар және сахнада жүрген әртістердің көбі жабайыланып барады. Олар халық алдына шығып аузына не келсе, соны сөйлей салатын болды. Елге үлгі-өнеге көрсетеді дегендер сахна мәдениетінен жұрдай болса, оларды көріп өскен жас толқын кімнен тәлім-тәрбие алады? Бұл бөлек әңгіме. Бар гәп, Мемлекеттік Рәмізді жұмарлап, одан қалса, жалаңаш тәніне жауып алып ойына келгендерін жасап жүрген әншісымақтарды жай ғана жазалап қою, немесе айыппұл салумен шектелуге болмас.

Мемлекеттік Рәмізді қорлағандар қатаң жазаға тартылуы керек. Мейлі, олар әнші немесе жұмысшы, мекеме басшылары болсын қас-қабақтарына қараудың қажеті жоқ. Себеп, Тәуелсіз елдің Рәміздері көктен көк қошқардай түсе қалған жоқ. Кешегі желтоқсанда алаңда қан төгілді. Азаттықты аңсағандар құрбан болды. Ол аз десеңіз, жаугершілік заманда тоқымдай жер үшін аттың жалы, түйенің қомында, білегінен найза, белінен бес қаруы түспеген ата-бабаларымыз көкке көтерген байрақ бұл. Сенатор Нұртөре Жүсіп те палатаның жалпы отырысында Қазақстанның мемлекеттік Рәміздерін қорлағаны үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды. Мұндай ұсынысты ол «Ирина Кайратовна» тобының концертіндегі шуға байланысты жасап отыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Алматыдағы спорт сарайында өткен «Ирина Кайратовнаның» концертінде Қазақстанның Туын келемеждеп, балағат, бей әдеп сөздер айтқандарға қатысты, әншілердің тек бірі кешірім сұрап, айыппұл төлегенін айтты.

– «Бұл жеңіл жаза «Қылмыстық кодекстің 372-ші бабы» бойынша Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не болмаса 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Әдетте концертті кімдер ұйымдастырды? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мына мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды», – дейді депутат.

Бұл бір ғана әртістерге қаратып айтатын сын емес. Жоғарыда жазылғандай, Туды тулаққа айналдырып күл-қоқыс тасып дорба жасағандар, іш киімнің жабасына жапсырып қорлағандар да тек айыппұлмен, болмаса кешірім сұраумен құтылуы керек пе? Ұлттың ұлылығын айшықтайтын Рәміздерді қастерлеуді әуелі шенді-шекпенділерден бастау керек. Мекеме маңдайшаларындағы кей Тулардың сұрқын көрсеңіз, көңіліңіз жасиды. Олар да көрсе де көрмегендей болып отыра береді. Блогерлер мен журналистер жыртылған, тозған Туды көріп ғаламторға, не бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап жіберсе, астарынан су шыққандай жұмсақ орындарынан атып тұрып, «Өзімізде ауыстырайық деп жатыр едік, қаржы енді бөлініп жатыр» – деп соғады шіркіндер. Кеше Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа Ту тіккен батыр бабамыз Рақымжан Қошқарбаев шыбын жанын шүберекке түйіп тұрып, көзсіз ерлік жасамады ма? Қарша бораған оқтың арасынан өз басын құрбандыққа шалып, Кеңес Одағының айбынын «Қызыл Ту» арқылы асырмады ма? Бес жыл тобығынан қан кешіп, қар жамылып, мұз жастанып, біз көрген нәубетті, зұлым соғысты болашақ ұрпақ көрмесін деп кеудесін оққа төсеген қазақ батырлары советтік Туды Берлиннің төбесіне көтерген еді. Ал тәуелсіз Қазақстанда көк байрақты көксоққандар қорлап жүр. Кешегі қаңтардағы қанды қырғында көк байрақты көтеріп ел құрметіне бөленген марқұмды ел ұмыта қойған жоқ. Отанның шаңырағы биік, керегесі кең болуы үшін көк байрақ жерде емес, көкте желбіреп тұруы керек. Туды қорлағаның – ұлтты қорлағаның. Соны ұмытпаңдар желігіп жүрген жүгермектер!

А. БҰЛҒАҚОВ.

 

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ