Облыстық ауруханадағы ашық есік күні

0
1514

Елімізде көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесі атап өтіледі. Осы күнге орай Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасының диагностикалық кеңес беру бөлімінде «АШЫҚ ЕСІК» күні ұйымдастырылды.

Шараға Талдықорған қаласының ғана емес, жақын аудандардың тұрғындары келді. Таңертеңгі сағат сегізде басталған шарада 15 медициналық кабинетте: эндокринолог, травматолог, уролог, хирург, нейрохирург, неврапотолог сынды мамандар қабылдау жүргізді. Ал, келушілердің басым бөлігі невропатологтарға,офтальмологқа, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлеріне жүгінді.
Жүзден астам адам жоғары мамандандырылған мамандардың жолдамасы бойынша ультрадыбыстық, ЭКГ, УДЗ, ФГДС, рентген аппараттарының көмегімен тексеріліп, қажетті сынақтардан өтті.
Келушілер арасында медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаған жандар да қызмет алу мүмкіндігіне ие болды.

* * *

«Ашық есік» күнінде аурухананың директоры Анарбек Монголхан бастаған білікті сала мамандары Алакөл ауданы Қабанбай ауылындағы аурухананың бас дәрігері Шыңғыс Рахимовтың басшылығындағы медицина мамандарымен телемедицина арқылы тікелей байланысқа шықты.
Облыстық аурухананың гематолог, травматолог, хирург, нейрохирург, кардиолог сынды мамандары тікелей байланыста болған әр түрлі диагноздағы 12 науқасқа тексеру жүргізіп, нақты бағыт-бағдар берді.
Қабанбай ауылдық ауруханасы медицина мамандарының қатысумен байланысқа шыққан әр науқас облыстық аурухананың сала дәрігерлерінен ауруына байланысты толық ақпар алды. Мәселен, травматолог маманына жүгінген алты науқасты облыстық аурухананың Бас дәрігері Анарбек Монголхан өзі қабылдап, әрқайсысын тікелей байланыс арқылы тексеруден өткізіп, қажетті кеңестерін айтты. Соның ішінде қайта ота жасалуы керек үш науқасқа портал арқылы облыстық ауруханаға тіркелуін, қажет болған жағдайда тікелей өзіне хабарласуын да еске салды.
Бұл күні өзге де диагнозбен әр сала мамандарына жүгінген науқастар ауруларына қатысты толыққанды мәлімет алды.

* * *

«Ашық есік» шарасына келушілер арасында дәрігерлерге алғыс жаудырған жандардың қарасы көп болды. Солардың қатарында айдынды аймақтан арнайы келген Сәуле Кәрімова да бар.
«Жолдың алысты-ғына қарамай осындай акция өтеді деген соң арнайы келіп едім. Бір күнде бірнеше маманның тексерілуінен өтіп, сондай риза болдым. Алдымен көз дәрігеріне қаралып, одан кейін терапевт маманына кірдім. Эндокринолокқа да көріндім. Ультрадыбыстық диагностикалық тексеруден де өтіп, көңілім бір жайланды. Дәрігерлердің бәрі де жақсы қабылдады. Мұндай шаралар арасын суытпай өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді алакөлдік апамыз.
Ал, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының тұрғыны Бисара Құйқабаева «Ашық есік» күні өтетіндігі туралы құдашасынан естіп келген.
«Біраз болды, остехондроз ауруы мазалап, нақты бір ем алу үшін дәрігер кеңесін қажет етіп жүр едім. Келгенім дұрыс болыпты. Тексеру жүргізген дәрігерлер маған ауруханаға жату үшін жолдама берді. Енді порталымды реттеп алған соң ауруханаға жатуға келетін болдым. Осындай керемет шара ұйымдастырған аурухананың директоры Анарбек Монголхан бастаған ақ желеңді абзал жандарға аналық алғысымды білдіргім келеді. Бұл біз секілді кәрі адамдарға өте қолайлы шара болды. Кейде ауру жанға батқанда қайда барарыңды білмей, шарасыздық күй кешетін күндер көп болады. Әрі, бізде невропатолог маманы жоқ. Сондықтан көктем шығып, күн жылынған шақта қалаға келіп қаралармын деп жүр едім. Мына акция сұрағанға береген болды. Снимоктарымды да алып келіп, көрсеттім.Осындай шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін – деп ағынан жарылды ол.
Күләш Жолдасбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны: «Ашық есік» күнін өзімнің учаскелік дәрігерімнен естіп келдім. Есіктен кірген бойда бізді жақсы қарсы алды. Ертеңгілік сегізден бастап барлық маманның тексеруінен өттім. Дәрігерлердің бәрі де өз кеңесін айтып, емін жазып берді. Біз секілді үлкен адамдар үшін бұл аса қажет деп есептеймін. Сонымен қатар, жұмысы жоқ, медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаған жандар үшін де бұл үлкен мүмкіндік қой. Осындай шара жиі ұйымдастырылып тұрса жақсы болар еді» – дейді апамыз.
Дәрігерге алғысын жаудыр-ған жандардың арасында Кербұлақ, Ақсу, Ескелді, Көксу аудандарынан келген адамдар да болды.
Сламбай Тоқабаев, Кербұлақ ауданының тұрғыны: «Ашық есік» күні өтетін хабарламаны инста желіден көріп, арнайы келдім. Барлық маманның қатысуымен өтетін шараға қуана-қуана келдім. Неге десеңіз, қазіргі жағдайда бір дәрігердің қабылдауына жазылудың өзі оңай емес. Ал мынадай тегін профилактикалық тексеру ұйымдастыру ел үшін жасалған керемет дүние деп есептеймін. Бұл шараға қанша адам келіп, тегін медициналық көмек алды. Мәселен, бір өзім уролог, невропатолог, офтальмолог-тың қабылдауында болдым.Байқағаным, бір невропатолог-тың қабылдауына қырықтан аса адам кірді. Ал офтольмолог маманы маған дейін 25 адамды қабылдапты, менен кейін тағы жиырма адам кезекте тұрды. Қысқасы, дәрігерлердің осындай шара ұйымдастырып, елге тегін медициналық қызмет көрсетіп жатқандары үшін алғысымды айтамын. Елдің денсаулығы үшін еңбек етіп келетін аурухана ұжымы жұмысына сәттілік тілеймін» – дейді кербұлақтық ағамыз.
Шараға келушілердің бәрі де толыққанды медициналық тексерілуден өтті. Күндізгі сағат екіге дейін жалғасқан шараға барлығы 300-ден аса адам келсе, олардың арасындағы сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Аурухананың бас дәрігері Анарбек Монголдың айтуынша, бір күндік шараға осынша адам келеді деп күтпеген. Дей тұрғанмен, барлығы да қанағаттанарлық жағдайдағы медициналық тексеруден өтіп, кеңестер алғанын, алдағы уақытта санитарлық нормаларды сақтай отырып осындай шараларды үзбей өткізіп тұруды көздеп отырғанын да айтты.

С. ӘЙТЕНОВА.


ПІКІР ЖАЗУ