ПАРТИЯ БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

74

Тіл сарайында ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытқан партия мүшелері марапатталды. Олар Партия Төрағасы – Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» иеленді.

Салтанатты жиынға мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен белсенділері, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері қатысты. Жиында Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаев сөз алып, партияның жеңіске жетуі – сайлауалды штаб мүшелерінің айқын басымдылықпен алға ұмтылғандығының арқасы екендігін атап өтті. «Биылғы сайлауға «Nur Otan» партиясы аса дайындықпен, шынайы ұмтылыспен қатысып, кандидаттарды қатаң партияішілік іріктеуден өткіздік. Дәл осы уақытта 21 сайлауалды штаб жұмыс атқарды, – дейді А. Жазықбаев.
Сондай-ақ, партия ардагері, облыстық сайлауалды штаб төрағасының орынбасары Мейірман Тілеуберлинов те еңбексүйгіш жастардың сайлау кезіндегі белсене атқарған жұмыстарына, күн-түн демей партияның алдыңғы қатардан көрінуіне күш салғаны үшін ризашылығын білдірді.
Елбасы марапатын 24 адам иеленді. Оның 14-і партия филиалдарында және сайлауалды штабында қызмет атқарса, 7-і жекелеген ЖШС директорлары. Тізімде «Jas Otan» жастар қанатының 3 белсендісі де бар.

Д.БЕЙБІТ.

Бөлісу: