Референдумға бармадым

0
891

Ресми дерек  көзіне сүйенсек, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша өткен референдумға 7 млн. 985 мың 769 адам қатысқан. Бұл – референдумға қатысу құқығы бар адамдар санының 68,05 пайызы. Референдумға қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 млн. 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап дауыс берсе, 18,66 пайызы немесе 1 млн. 490 мың 477 адам конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген.

Дей тұрғанмен  науқанды бақылаған тәуелсіз байқылаушылар өз учаскелерінде референдумға қатысушылар әлдеқайда аз болғанын айтыпты. Талдықорған қаласындағы «Шығыс» шағын ауданының тұрғыны  Бақыт  ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ   референдумға барып, өз дауысын бергісі келгенімен, сайлаушы ретінде тізімге енгізілмеген.

–  Референдумға қатыспадым. Себебі сайлаушылар тізімінде жоқпын.  Мен ғана емес, үйдегі жолдасым да ілікпеген.  Алдыңғы сайлауларда да осылай болған еді.  

Осы орайда  өзіміз тұратын аумақтағы  мектептің қабылдау бөліміне хабарластық, ол кісілер call – орталықтың нөмірін  берді. Берген нөмір бойынша хабарласқан едім ол жақ тізімді тексеріп өздері  хабарласатындарын айтты. Бірақ сол беті жауап жоқ. 3 маусым күні мектепке барып, учаскеге кіріп аты-жөнімізді,  ЖСН нөмірімізді  айтып, «Неге тізімде жокпыз?» деп сұрадық. Ол жердегі қызметкерлер себебін білмейтінін айтып, өтініш жазу керектігімізді мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының салық төлеуші азаматы ретінде Референдум сайлауының тізімінде неге жоқпыз? Бұл сонда Отанымызға керек емеспіз деген сөз бе? Салық төлеуге келгенде бізді қайдан болса да  тауып алады. Ал мына жағдайда неге іздемей, таппай қалды. Неліктен тізімге енгізбегенін түсінбеймін.

Дамыған мемлекетпіз дейміз, алайда, тізімге ену үшін неге мен өзім барып өтініш жазуым қажет? Жастардың болашағы жарқын болсын деген ниетпен сайлауға қатысып, өз дауысымды бергім келген. Тіпті, бір отбасынан бір адам қатысса, яғни,  бір мүшесі барса да болар еді. Ал мына жағдайдан кейін менің көңілім қалды. Неге десеңіз, барлық адамның ұялы телефонына сайлау учаскелері бойынша сілтемесі хабарлама арқылы жіберілген. Маған хабарлама келгенімен, ЖСН нөміріммен тексергенде, сайлау учаскесі мүлдем шықпады. Тіпті, Алматы  облысы бойынша тізімде жоқ болып шықтық. Бірақ осы қаланың тұрғыны ретінде тіркелгенбіз (пропискада), осы аймақта  тұрып келе жатқанымызға 35 жыл   болды. Біздің тізімге енбей қалуымыздың себебі бар ма?!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ