«Сәл мызғып ап, қайтадан тұрамын»

0
1307

Мына жұртқа жақпады ма әлде нем,

Текке өмір сүргенмін бе әлде мен.

Халқым, сенің қасиетіңді білем деп,

Текке өмірім өтті ме екен әуремен.

Айтамын деп қасіретіңді, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба  әлде жырымды.

Мен бәрібір өзіңменен бір болам,

Өзегінен тепсең дағы ұлыңды  –

деп жырлаған  Хантәңіріндей биік,  ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өмірден өткен соң, оның екінші өмірі басталды. 

Көзінің тірісінде теперіш көріп, таланты тасқа соғылған ақын: «Мен бәрібір өзіңменен бір болам,  өзегіңнен тепсеңдағы ұлыңды» деп  туған елімен,  Отанымен мәңгі бір болатынын  айтып кеткен-ді. Солай болды да. Оның жақұт жырлары  көркемдігімен, әрі дана Абай айтқандай: «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюімен» халық жадында мәңгі сақталып қалды. Ақын шығармаларының басым бөлігі әнге айналған. Тіпті, өзі туған өңірде бес жасар баладан, еңкейген қариясына дейін Мұқағали жырларын жатқа айтады. Өзі өмірден баз кешіп кеткенімен сөзі өлмеген, жыры өлмеген екі ақын болса, соның бірі әрі бірегейі Мұқағали Мақатаев. Қарасазда туып, отыз жасында арман қуып Алматыға кеткен мұзбалақ Мұқағали,  90 жасында Нарынқолға үлкен тұғыр болып оралды.  90 жылдық мерейлі мерекесіне орай  ауданда ескеркіш ашылды. Оған сәл кейінірек тоқталатын боламыз. «Той дегенде қу баста домалайды» дегендей  Алатау, Алтай,  Арқа, Атырауға дейінгі аралықты мекендеген күллі қазақ,  түбі бір Түркия,  Қырғыз елінен келген ақын-жазушылар және өнер сүйер қауым Хантәңірдің баурайына жиналды. Бірінші күні Мұқағали мұражайымен танысып, «Қарасаздың көшелері» атты деректі фильм көрсетілді.

«Қарасаз көшелері атты әдеби-танымдық деректі фильмде қастерлі   Қарасаздың бүгінгі  кескін-келбеті кеңінен қамтылып ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін бейнелеген сюжет еш боямасыз  көрсетілген. Мұқағали ақынның жастық ғұмыры өткен ауылдағы  Қарасуға,  Елшенбүйрек көріністері, әнге айналған әйгілі Шәлкөде, Есекартқан, Айғайтас, Шәкрамбал, Тұзкөлдің  орман-тоғайы,  биші қыздай мың бұралған бұлақтары,  сұлудың сырғасындай сыңғырлаған сулары – Мұқағали мен Еркін Ібітанов туған өлкенің сұлу табиғатынан сыр шертеді. Мақала басында Нарынқолдың бесжасар баласынан бастап, қартына дейін Мұқағали жырларын жатқа айтатынын айтқанбыз. Соның айқын көрінісі Қарасаз фильміне арқау болыпты. Суға шомылып жүрген ауылдың қарадомалақтары Мұқағали бабаларының жырларын бірінен кейін бірі іліп әкетіп асқақтата жатқа оқиды. Осындайда, Абайдың: «өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген өсиеті еріксіз ойға оралады екен.  Бұл фильмді ақынның 90-жылдығына орай  тарту еткен осы өңірдің түлектері екен. Фильмнің  продюсері Сержан Молдасанұлы,  режиссері Жандос Еспенбетовке, композиторы Ермек Елгезекке және Қарасаздықтармен жүздескен фильмге арқау болған Еркебұлан Дайыров, Олжас Сыдықбек, Сафуан Шаймерденов, Тілеулес Құрманғалиевке Мұқағали ақының ел-жұрты алғыстарын айтты. Сондай-ақ, қазақ радиосының эфирге шыққанына 100 жыл толуы, Мұқағали тойымен тұспа-тұс келуі сәйкестік болып тұр. Мұнда да Мұқағали ақынның дикторлық қызмет атқарғаны қолының табы қалғаны  әмбеге аян. Үш бірдей мерекеге ұласқан ұлы той – Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақ радиосының 100 жылдығы және ақтангер ақынның 90 жылдығы зор қуаныш болды. Былтырдан бері сауын айтылғандықтан үш бірдей үлкен мерекеге орай, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақ радиосы бірлесіп ұйымдастырған «Еркін елдің ертеңі» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы жариялаған болатын. Байқаудың жеңімпаздарыда осы тойда марапатталды. Оған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Қазақ радиосының Алматы қаласындағы бөлімшесінің басшысы, ақын Бақыт Жағыпарұлы жас ақындарға сый-құрмет көрсетті. Мүшәйраның қорытындысы бойынша Тараз қаласынан қатысқан Жұматай Көксубай 1-ші  орынды иеленсе, Маржан Ілімхан мен Құндыз Тасқынбек 2-ші бәйгені, Арман Қайыпұлы, Назгүл Алаудин, Әли Бекмұханбет және Нұркен Құмарбек 3-ші орынды иеленді. Жеңімпаздардың барлығына қаржылай сыйлықтар беріліп, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері сахна төрін әсем ән мен тәтті күйге бөледі.

Мұқағали рухымен қуаттанған айтулы  тойда  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысынң әкімі Амандық Баталов,  Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алып, Мұқағалидың әдеби-мемориалдық музейін аралаудан басталды. Бұдан кейін ақын ауылындағы мәдениет үйінде «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-тәжірбиелік конференцияға ұласты.  Келесі басқосуда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, республикалық «Мұқағали» журналының бас редакторы,  ақын  Батық Мәжитұлы «Азаттықты аңсаған ақын» атты бас баяндамасын жасады.

– Бұлай дегенде  әсірелеп   отырғанымыз жоқ. Бәрі  ақын жырында сайрап тұр. Мысалы балалар жаттаған «Үш бақытым» өлеңін қайталап оқыңызшы.  Ақын қазаққа керек үш бақытты  бөліп қарастырған.  Неге олай??Себебі,  осынау үш қажеттілік түгел болса,  ел атанудың заңдылығы толық сақталады.

Ошақтың үш бұты секілді киелі тұғырдың біреуін құлатсақ, аманатқа қиянат жасағанымыз.  Жеңіс туын қолдан бергеніміз, қор болғанымыз.  Егемендік үшін күрес биік талғамнан,  ақ-қараны ажырататын  танымнан басталады. Ұлттық мұрат – әр қазақтың келешегі. Ақын өз оқырманын осыған тәрбиеледі. Уәдеден таймауға, қиындықтан қашпауға шақырды. Асыл жырдың астарына үңілсеңіз, асқақ ойлар арқаңызды қоздырады.

Ақын үш құндылықты негіз еткен қарапайым теорияны алдымызға тартты.  Бірінші бақытың – халқың,  екінші бақытың – тілің,  үшінші бақытың – Отан  деді.  Осылардың біреуін тәрк етсең, бақыт құсы  басыңнан ұшады. Егер халқың көбейіп тілің құрыса, өскеннен, өркендегеннен не пайда?! Бұл – тірі жүріп жоғалғанмен бірдей. Ал тіл мен халық түгенделіп, Отансыздыққа ұрынсаң,  құлдықтың қамытын кигенің. Үш күн бірдей күлімдеп нұрын төксе  –  азат  өмір сүргенің! Сонау 70-ші жылдардың аясында ақиық ақын көкейімізге азаттықтың ұрығын септі. Сондықтан Мұқағали Мақатаевты күрескер емес деуге  аузымыз  бармайтын шығар?!», – деді Батық Мәжитұлы.

Конференцияда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттар жөніндегі  басқарманың басшысы Мәрлен Көлбаев  сөз алып,  ақынның 90 жылдығы аясында  жылдың басынан қолға алынып, игі істер атқарылғанын тілге тиек етті. Жалпы іс-шара аясында атқарылатын қыруар жұмыстарға бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылып,  мерейтойға  алыс-жақыннан қадірменді қонақтар қатысқанын айтты. Атап айтқанда, «Түріксойдағы»  Қырғызстан Республикасының арнаулы өкілі, белгілі ақын, аудармашы Қожагелді Күлтегін мен Мұқағали жырларын түрік тіліне аударған Түркиядан арнайы келген Кенан Чарбога, Қырғызстан Ұлттық Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Керімбек Қадырақуновтар жылы лебіздерін жеткізді.

Мерейлі тойға елдің жүрегі Елордадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы, журналист Нұртөре Жүсіп,  ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ел-жұртқа арнаған сәлемін жеткізіп, құттықтауын оқыды. Бұдан кейін қазақтың ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иесі Қанымбүбі Есенғараева Мұқағали туралы ойларын ортаға салып,  ағасына мұңын шаққан арнау жырын оқып берді.

Конференцияда белгілі әдебиеттанушы, сыншы, Мұқағали атындағы сыйлықтың иесі Амангелді Кеңшілікұлы ақын туралы «Құбылыс» атты филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақов «Ұлылар үндестігі» атты,  филология ғылымдарының докторы,  профессор Байынқол Қалиев «Мұқағалидың тіл шеберлігі» атты баяндамаларында толғақты ойларын ортаға салды.  Қазақстан Республикасы Ұлтық ғылым академиясы-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы «Мұқағали тілі сөздігі» атты тақырыпта тамаша ой толғап,  айтулы ғалым Байынқол Қалиұлы жауапты редактор болған,  Шерубайдың өзі атсалысқан «Мұқағали тілі сөздігі» атты еңбек  2015 жылдан қолға алынғанын айтты. Бұл сөздік  2019 жылы жарық көрген, 111 баспа табақтан  1064 беттен тұратын сөздік  39836 тілдік бірлікті құрайды.  Жалпы  Мұқағалидың 2013 жылы «Жалын» баспасынан шыққан көп томдық шығармаларының толық жинағында 1064 өлең,  81 аударма,  14 поэма,  1 дастан,  4 әңгіме, 2 новелла бар.  Ақынның 90 жылдығының қарсаңында жарық көрген «Мұқағали тілі сөздігі» ақынды танып білгісі келетіндерге көптен-көп көмек беретін аса құнды дүние.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы «Мұқағали поэзиясындағы адам концепциясы» атты тақырып төңерегінде тебірене сөйледі. «Біз Мұқағалиды ұлттың ақыны, рухтың ақыны деп жүрміз. Енді адамзаттың ақыны деп атасақ ұтылмаймыз», –  деді ол.

Мұқағали Абай мен Мағжаннан кейінгі ұлы ақын. Көзінің тірісінде елін, жерін жанындай жақсы көрді. Халқының амандығын, жақсылығын тіледі. Еркіндікті аңсады. Ақиқаттты айтатын тура мінезді ақын болды. Жаман әдет, әрекеттерге қарсы тұрды. Қазақтың поэзиясын шырқау биігіне көтерді. Мұқағалиды барлық тілде сөйлетуіміз керек. «Мұқағали» журналы – құнды журнал. Әр үйдің төрінде тұрса артық етпейді. Ақынға Елордамыздан басқа қалалардан ескерткіш тұрғызу керек. Кеген ауданына Мұқағалидың атын беру туралы мәселе жабық күйінде қалмауын қалаймыз,  –   деді белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаев.

Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мен кезінде Мұқағалимен бірге диктор болып жұмыс істеген Бақытжан Атагелдиев сөз алып,  игі тілек-ниеттерін білдірсе, Ержан Алаштуған атты айтулы, арқалы ақын Мұқағалиға арнаған «Жол соңына жолдаулар» атты поэма-эпистоласынан үзінді оқыды.

Ақынның 90 жылдығы қарсаңында Райымбек ауданы мен республикалық «Мұқағали» журналы бірлесе отырып, «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деген атпен ғылыми-танымдық мақалалар үшін бәйге жариялаған болатын. Осы бәйгені ұйымдастыру алқасының төрағасы «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов бәйге жеңімпаздарын жария етті. Бас жүлде – 1 миллион теңге «Құбылыс» атты мақаласы үшін Амангелді Мырзабекке берілді. Бірінші орын, 700 мың теңгеге «Ұлылар үндестігі» атты мақаласы үшін Сәмен Құлбарақ ие болса,  Дүкен Мәсімхан, Жанат Әскербекқызы, Бекен Ыбырайымовтарда жүлделі болды. Ынталандыру сыйлығы Ермек Зәңгіровке, Мақұлбек Малдарбековке, Бағашар Тұрсынбайұлына тапсырылды. «Алжан-Шажа» қоғамдық қоры тағайындаған 200 мың теңгелік арнайы жүлде Нұрлан Сәрсенбайға берілді. Конференцияның соңында «Мұқағали» қорының төрайымы Бақытгүл Айдарова ақынды зертеу, танып-білу, құрметтеу тұрғысында елеулі еңбегін сіңіріп жүрген Байынқол Қалиұлы, Жақыпжан Нұрғожаев, Светқали Нұржан бар бір топ қаламгерлерге қор атынан естелік төсбелгілер тапсырды. Мерейтойды ұйымдастырған облыс әкімдігіне, Райымбек ауданының азаматтарына ақын әулеті алғысын айтты. Мұзбалақ Мұқағалидың 90-жылдық тойына Жетісу жұрты ерекше дайындалды. Әсіресе, аудан мәртебесін алғаннан бері бұл өңірге ерекше зер салған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың зор үлесі барын Нарынқолдықтар айрықша атап өтті.

Қарасазға  іргелес жатқан Сарыжаз ауылы,  аудан орталығы Нарынқол айрықша абаттандырылды. Қарасаз ауылына дейінгі жол жасалып, ақынның әдеби-мемориалдық музейіне, А.А.Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназияға, мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» атты мемлекеттік бағдарлама аясында Қарасаз ауылындағы ауыз су жүйелері қайта жаңғыртылуда. Қарасаз ауылындағы өнер мектебі үшін жаңадан ғимарат салу мәселесі де қолға алынды. Той қарсаңында Райымбектей батыр бабамыздың ескерткішінің айналасы жаңғыртылды және жарықтандырылды. Биылғы жылы көлемі 3 гектарды құрайтын Мұқағали атындағы саябақтың жұмысы да қолға алынған болатын. Аудан мәртебесін  қайта алғанына  3 жылдан асқан Райымбек ауданының орталығында жаңадан салынған  үш бөлмелік  50 тұрғын үйдің кілті  ақын тойында салтанатты түрде тапсырылды. Қоныс той қуанышына Мәдина Жүкеева бастаған көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік және құқық саласының қызметкерлері ие болды. Жаңа қоныс иелерінің атынан аудан әкімдігі жалпы бөлімінің бас маманы Беглан Сәкен, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова сөз алып, Райымбек ауданын қалпына келтіруге негіз қалаған Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевтың атына және облысымыздың әкімі Амандық Ғаббасұлының атына аудан тұрғында-ры атынан алғыстарын айтты. Мәртебелі қонақтар бұдан соң аудан орталығынан жаңадан салынып,  пайдалануға берілген спорттық-сауықтыру кешенін аралады. Мұнда,  жас спортшыларға ойын доптарын сыйға тарту етті. Торқалы тойдың ел есінде мәңгі сақталар тұсы, тарихи күн – аудан орталығына орнатылған Мұқағалидың еңселі ескерткіші  болды. Салтанатты шарамен ашылған ақын бейнесіндегі ескерткіштің биіктігі 8 метр,  қоладан құйылған, тұғыры граниттен тұрғызылған. Ескерткішті сәулетші А. Рүстембеков пен мүсінші Қ.Кәкімовтың қолынан шыққан ақын тұғырына, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Осында келгелі аудан туралы жақсы әңгімелерді естіп, қуанып жатырмын. Туған жерлеріне жастар, өзге де тұрғындар көптеп келіп, тұрақтануда екен. Мұқағали – ұлтымыздың мақтанышы, жырдың асыл қазынасы! Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Ұлтымыздың біртуар перзентіне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Мерей той құтты болсын!», –  деп сөзін жалғаған мемлекеттік хатшы қалың көпшілікке,  қадірменді қонақтарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Мұқағали – қалың оқырманының жүрегіне ыстық ұялатқан қымбат бейне, аяулы ақынымыз. Ақынның ел мен жерге арналған, адамгершілік асыл қасиеттерге үндейтін гауһар жырлары болашаққа бет алып барады. Ақын жырларының өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берер рухани нәрі, тәлімі, тағылымы мол. Ақынның ауылы Қарасазға, аяғы тиген Нарынқол ауылының топырағына үлкен әсермен, толғаныспен келдік. Музейінен алған әсерімізде бөлек. Жаңа ғана салауатты ұрпақ тәрбиелеуге негіз боларлық спорттық-сауықтыру кешенінін араладық. Ақын жерлестерінің атар таңдарынан көрер жақсылықтары мол болсын!, –   деді. Той иесі өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы :

Қымбатты көпшілік! Мұқағалидай ақиық ұлы ақынымыздың 90 жылдығының лайықты түрде өткізіліп жатқанына қуанамыз. Осынау тойға Елордамыздан арнайы келіп Мемлекеттік хатшының, мәдениет және спорт министрінің ортақтасып жатқаны да үлкен оқиға. Аудан қайта қалпына келгелі екі мыңға тарта жастар, бес жүздей отбасы атамекендеріне оралды. Жаңа тұрғын үйлер, құрылыс нысандары бой көтеріп, ауылдың ажары ашылды. Мұқағалидай ақыны бар ел бақытты. Ақынның рухы баршамызды қолдап жүрсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмырлы болсын!, – деді облысымыздың әкімі Амандық Баталов.

Сөз тізгінін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса, Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев алып, ақын рухына бағытталған жүрекжарды арнау өлеңдерін оқыды. Екі күнге ұласқан ұлан асыр тойға келген қонақтар да ақынның ел-жұрты да рухани әсер алғаны жүздерінен көрініп тұрды. Тіпті, ауа райының құбылып қарлатып кеткенін, ақын мінезімен  табиғат та ұшатасып тұр дегендерде болды. Сөйтіп ақын 90 жылдығында туған атамекеніне ескерткіш болып оралды. Мәдениет Министрі Ақтоты Райымқұлова ақпарат құралдары өкілдерінің алдында «Мен кішкене кезімде Мұқағалидың кім екенін білмедім. Бұрын кітаптарда суреттер жарияламайтын. Кішкене кітапашалар еді. Соны оқып өстік. Бірінші рет екі томдық кітабындағы ақынның суретін көргенде осы ма Мұқағали.?! Менің жақсы көретін ағам» деп, қуанып әрі жылағанмын бар.  Оны Мұқағали туралы естелік кітаптарымда айтқан болатынмын – десе, ал облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы : «Мен Қостанайда өстім. Мен Мұқағалидың кім екенін мүлде білмедім. Біздің заманда орыс мектебінде оқығандықтан Пушкин, Лермонтовты оқытты. Ақынның 80 жылдық тойында осы арада екі жарым ай күні-түн демей жұмыс жүргіздім. Сонда ғана Мұқағалиды жетік білдім. Кітаптарын оқыдым. Менің жұмыс үстелімде оның кітаптары тұр. Ақының шын талантты тұлға екеніне көз жеткізген соң, Талдықорған қаласын-дағы «Жастар» саябағында Мұқағалиға ескерткіш  қойдық» –  деді.  Ал, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Мұқағали қазақ қоғамындағы үлкен құбылыс. Оған қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Көзінің тірісінде көре алмай кеткен жақсылықтары ақын өмірден өткен соң жаңғырды. Оның жырлары оқырман жүрегіне ұялады. Жылдар өтіп, ғасырлар ауысқан сайын Мұқағали Мақатаев есімі елімен бірге жасап, әдеби ортадан ойып тұрып орын алуда. Ақынның қай шығармасына зер салсаңыз да сұрапыл соғыс жылдарында балалық шағын ұрлаған  оқиғадан бастап,  туған елін,  жерін жырлау-дан бір танбады.  Өзі айтқандай екі өлең жазса соның бірін туған анасына, туған Отанына арнады.Биыл Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығына ақынның 90 жылдығының тұспа-тұс келуі қазақ елі үшін зор мәртебе – деді.

Батар күн,

Келер түн,

Атар таң,

Шығар күн,

Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!

Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,

Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын!

Жақындық сеземін –

Жерден де аспаннан,

Жылылық сезінем –

Мұздардан, тастардан.

Өмірім, сірә да, әріден басталған,

Әріден басталып, мәңгіге тасталған.

Осы мен, өлмейтін, өлмейтін шығармын,

Сәл ғана мызғып ап,  қайтадан тұрармын  деп, жырлаған ақын ескерткішіне қарап «сәл мызғып ап қайта тұрғандай» әсерде болдық. Екі күнге созылған ақын тойы аламан бәйгеге жалғасты.

…Айналайын!

Атамекен, Ақ мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен!, – деп Мұқағали жырына қосқан қастерлі де қасиетті Қарасазды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қазақтың аяулы ұлы ақынын топырағында жаратқан Қарасаз Мұқағалидың мерейлі тойы тұсында әрдайым бір толқып,  бір толғанып, жадырап-жайнап, жаңғырып жатады. Хантәңірі шыңындай асқақтай түскен ақиық ақын ұлының арқасында жыл сайын көркіне көрік қосып, гүлденіп, түрленіп келеді. Қарасазда жаратылған балапандардың барлығының ақын жырымен үндесіп, тілдесіп өсіп-өніп, ер жетіп келе жатқаны сүйініш.  Ақын ауылынан Мұқағалидың жырын жатқа айтпайтын бірде-бір қара домалақты кездестіре алмайсың.

Қасиетті жұма күні жақында ғана Мұқағалидың жақын бауыры,  өлең мен өнердегі айнымас серігі болған көрнекті ақын Еркін Ібітановтың есімі берілген ауылдағы мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың  90 жылдығына арналған «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысын бастады. Рас, өмір мен өнерде еркін күн кешкен Еркіндей ақын ағамыздың мәдениет үйіне есімінің берілуі Мұқағалидың 90 жылдығына тұспа-тұс келгенін шын мәнінде жарасымды,  айта жүрер ізгі дүние болды.  Кештің тізгінін қолына алған ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор,  Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ақын тойына келген қадірменді қонақтармен таныстырып, алғашқы сөз кезегін белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иесі, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берді.

– Құрметті қаламгер  қауым!  Қасиетті Қарасаздың ел-жұрты! Бүгінгі күн ерекше есімізде қалар тарихи күндердің бірі. Мұқағали – мәңгілік ғұмыр. ХХ ғасырдағы классик ақын.  Халық ақыны, ұлтымыз-дың мақтанышы! Тұла-бойына ғажайып дарын, асқақ талант, сарқылмас қабілет-қарым дарыған ақын.  Көзінің тірісінде қазақтың қарапайым қара өлеңін жауһар жыр маржандарымен толықтырып кетті. Адалдық пен арамдықтың, жақсылық пен жамандықтың, әділдік пен жалғандықтың, ақ пен қараның ара жігін ашып көрсететін жауһар жырларымен ел жүрегінен ыстық орын алды, Хантәңіріндей биігіне көтерілді. Сол өлмейтін өлеңдерімен мәңгілік ғұмыры жалғасып жатыр. Бүгінгі басқос, ертең жалғасатын жақсылықтар соның жарқын көрінісі, –  деді Ұлықбек Есдәулет шынайы көңілімен. Жазушылар Одағының атынан орайлы сәтте Мұқағалидың ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүлге, қыздары Алмагүл мен Шолпанға лайықты сый-құрметін көрсетті. «Өзі мен көзіндей ұрпақтары аман болсын!», – деген жылы ниетін білдірді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ