Түсінбей келеді

0
928

16 мамырдан бастап еліміздің барлық өңірінде Ұлттық біріңғай тестілеу басталды. Тестілеу сынағы 5 шілдеге дейін жалғаспақ. Биыл жалпы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысу үшін 290 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Сондай-ақ  ҰБТ-да биыл тестілеуге бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтсақ, талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін алғаш рет ҰБТ күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын смс хабарлама жіберілді. Хабарлама тест тапсырушы түлектердің өзіне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған оқушылардың ата-аналарына жолданды.

Академиялық адалдықты сақтау  мақсатында  әр талапкердің тест нұсқасы таңбаланыпты. Яғни, ҰБТ-да әрбір оқушының жеке тест нұсқасы болды. Сондай-ақ  сынаққа  кіргізу – үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады:  Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы,  жеке куәлік бойынша, және отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізілді. Биыл тестілеу «1компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтіп жатыр. Егер бұған дейін сынақ  процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.

Алайда бақылау күшейтіліп, қаншама кезеңдік тексерістен өтсе де талапкерлердің арасында қулығына құрық бойламай, айласын асырғысы келгендер болыпты. Бүгінгі таңда Ұлттық тестілеу орталығының статистикасына сүйенсек, 174 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да  рұқсат етілмеген көмекші құралдар алып кіргені үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде 159 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, бүгінде прокторинг, яғни, бейнежазба арқылы тексеру жүргізіліп жатыр, егер тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады дейді.

Сондай тәртіп бұзғандар қатарында 139 бал жинаған екі оқушының ісі тіркелді. Бейнежазба арқылы қайта тексеру кезінде аталған оқушылардың ереже бұзғаны белгілі болды. Тиісті шаралар қолданып, тестілеушілердің нәтижесі  жойылды. Бұл елді дүр сілкіндірген бір ғана жағдай. Ал мұндай сорақылықтардың нешесі орын алады. Бірі ұялы телефонмен ұсталса, екіншісі рұқсат етілмеген көмекші құралдармен, енді бірі орнына басқа тұлғаны кіргізумен әлек болады.

Жыл сайын Ұлттық біріңғай тестілеуге өзгертулер енгізіліп, сұрақтар жаңарғанмен жылдағы қолданатын тәртіп біреу. Түлектердің он бір жыл алған білімі тестілеуде өз нәтижесін беруі керек. Темірдей тәртіп пен академиялық тазалықтың өзгермейтінін ата-аналар да, түлектер де біліп, ендігі еттері үйренсе керек.  Алайда тәртіп бұзушылар мұны әлі күнге түсінбей келеді. Неге?

Арайлым БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ