Елді сансыратқан төлем жүйесі

937

Цифрландыру – қазіргі заман талабы. Қоғам дамыған сайын әлем жұртшылығы күн санап сандық технологияға көшуде. Солардың бірі – қоғамдық көліктердегі төлем жүйесінің жаңаруы. Осыған дейін еліміздің ірі қалаларында енгізілген жаңаша төлем жүйесі облыс орталығы Талдықорған қаласында да күшіне енді. Аталмыш жүйе «АЛЕМПЭЙ» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен орнатылған.

«Цифрлы Қазақстан» мем-лекеттік бағдарламасы аясында 25 қарашадан бастап қаладағы қоғамдық көліктерде электрондық билеттеу жүйесі енгізілді. Жол ақысын электронды түрде төлеудің артықшылықтары жоқ емес. Мамандар пікірінше, ол арқылы жолаушылар ағынының статистикалық есебін жүргізуге және нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршруттарды субсидиялауға мүмкіндік туады.Сонымен қатар, цифрландыру тұрғысынан да бұл шешім көптеген мәселеде тиімді болатындығын айтады. Яғни, қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізуге, қоғамдық көліктің қызметін жақсартуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ, салық түсімдерін қадағалауға септігін тигізбек.
Аталмыш төлем жүйесінің енгізілетіндігі жайлы хабарлама Талдықорған қаласы әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында бір-неше күн бұрын жарияланған болатын. Алайда, қала тұрғындарының басым бөлігі бұл жаңалықтан хабарсыз екендіктерін айтуда.
Төлем карталарын сатып алу туралы жарнамаларды көргенімізбен, автобустарда нақты қай уақыттан бастап енгізілетіндігін білмедік. Ерте бастан қалалық әкімдік пен автопарк басшылығы немесе қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан ескерту, хабарландыру жұмыстары жүргізілсе, мұндай түсініспеушіліктер туындамайтын еді деген наздарын айтты қала тұрғындары.
Сонымен қатар олардың айтуынша, қаладағы кей автобус-тарда жол ақысы бұрынғыдай 80 теңге болса, кейбірінде баға 40 теңгеге өсіп, 120 теңгені құраған. Осыған байланысты халық жаңа жүйе қолданысқа енгізілсе де, барлық қоғамдық көліктегі жол ақысының құнын бірізділікке салуды сұрайды.
Бұл жөнінде Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбақыт Алтынбеков екі ай бұрын қоғамдық көліктерде төлем карталарының бағасы мен қайдан сатып алуға болатындығы туралы жарнамалық плакаттар ілінгендігін, ал электрондық төлем жүйесін енгізу туралы жарлықты тек 12 қараша күні алғандықтан, хабарландыру жұмыстары соңғы бірнеше күн көлемінде ғана жүргізілгендігін айтты.
– Қазірде қала тұрғындары тарапынан түрлі сұрақ пен арыз-шағымдар жиі түсуде. Әкімшілік тарапынан хабарландыру жұмыстары әлеуметтік желі мен ресми сайтқа орналастырылып, «Жетісу» телеарнасындағы жүгіртпежолға берілді. Бүгінгі күнде қаладағы барлық 196 автобус салондарында валидаторлар орнатылған.Сондықтан, жүргіншілер жол ақысын 9 түрлі әдіспен, яғни, көлік карталары, банк карталары, SMS-төлем, 4 мобильді қосымша, NFC смартфоны және қолма-қол ақшамен төлей алады. Мектеп оқушыларына жол жүру билеттерінің берілу яки берілмеуі қазірше белгісіз, ал көпбалалы аналар мен қарттарға жасалатын жеңілдіктер өзгеріссіз қалады,–дейді Н. Алтынбеков.
Еске сала кетсек, төлем карталарын «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен, сондай-ақ «Алемпэй» ЖШС кеңселерінен сатып алуға болады. Көлік картасының құны ересектерге 500 теңге, балалар үшін 400 теңге. Сондай-ақ, жол жүру ақысы ұялы байланыс операторының қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы қолма-қол төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен 80 теңге төленсе, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф 120 теңге болады.

Л. КӘЛІМХАН.

Сурет ғаламтордан алынды

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ