Шомылу маусымына дейін 14 адам көз жұмды

0
1063

Биыл көктем кеш шықты. Тіпті мамырдың бел ортасына дейін ауа-райы құбылып, бірде жаңбыр, бірде ұйтқыған боранға ұласты. Әйтсе де суға шомылу маусымы мезгілінде басталды . Мамыр айының соңы ауа райының күрт ысуына байланысты адамдар өзен-көлдерді жағалай бастады.

Қауіп те, қатер де, қатар жүретінін естен шығарып алғандар тілсіз жаудың құрбанына айналуы бек мүмкін. Мәселен, 24 мамырда Қапшағай су қоймасы, Қапшағай қалалық жағажайы ауданының жағалау желілерін патрульдеу кезінде құтқарушылар Қоштаев пен Байболат суға батып бара жатқан бір топ адамды байқап, жедел іс-әрекетке көшіп, 2002-2004 жылдары туылған бес жасөспірімді құтқарып қалған. Егер құтқарушылар назарына ілікпей қалғанда, шыбықтай солқылдаған бүлдіршіндер тілсіз жаудың құрбанына айналар еді. Сондықтан, Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі облыс тұрғындары мен қонақтарына ескерту жасауда. 1 маусымнан бастап облыстық құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеріс жүргізу мақсатында электрдабылдар 30 секундқа қосылатынын хабарлайды. Осыған орай, «тұрғындар үрейге салынбай түсінушілікпен қарауларыңызды сұраймыз» деген хабарламалар таратуда.Сонымен қатар Алматы облысының ТЖД Төтенше жағдайлар орын алғанда жағдайда электрдабылдардың қосылу кезіндегі тәртіп ережелерін еске салуда. Онда, үйде болған жағдайда, радио және теледидарды қосып, шұғыл хабарды тыңдап, берілген хабарламаға сәйкес әрекет етіңіз. Егер дабыл кезінде далада болсаңыз, көшедегі дауыс ұлғайтқыштарға құлақ түріп, суға шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздік ережелерін назарда ұстауды ескертеді. Жылма-жыл осындай хабарламалар жармаларда, электронды парақшаларда таратылуда. Алайда, халықтың көбі суға шомылу маусымында бұл қағидаларды ескере бермейді. Балаларды көзден таса қылып, оның арты орны толмас өкініштерге ұласуда. Оның басты айғағы Қапшағайдағы құтқарушылар құтқарып қалған балаларды айтуға болады. Аптап ыстықта, салқын суға шомылу үшін, тоғандарға, көл, өзендер жағасында серуендеп, абайсыздық салдарынан адам шығыны жылда болып тұрады. Шомылу кезіндегі жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – қауіпті дұрыс бағаламау, жүзе алмау, өз күштерін көп бағаламау, алыс қашықтыққа жүзу, алкогольдік ішімдік күйінде болу, дауылды ауа-райында шомылу, дененің гипотермиясы, бұлшықет спазмы, үрленетін жүзу құралдарының жарылуы, бала күтімінің болмауы, биіктіктен секіру сияқты қауіптер себеп болады. Сондықтан суға шомылушыларға судағы қауіпсіздікті ескеріп, медициналық пункт пен құтқару құралдары бар арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға шақырады. Бүкіл отбасымен су маңында демалыста болғандарға, балаларға ерекше назар аударып, оларды көзден таса қылмай қадағалауды сұрайды төтенше қызметкерлері. Жасөспірімдер, ересек балалар, егер өздері су айдынына баратын болса, терең шұңқырлар, күшті ағымдар, водопроворот немесе үлкен толқындар болмаған жағдайда, тек арнайы бөлінген қауіпсіз, тексерілген түбі бар жерлерде ғана жүзуі тиіс. Көптеген жазатайым оқиғалар тыйым салынған жерлерде шомылуға байланысты орын алады. Мәселен, 2020 жылғы шомылу маусымы кезеңінде (маусымнан тамызға дейін) облыстың су айдындарында 36 адам, оның ішінде 14 бала қаза болған. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күшейтілген профилактикалық жұмысының арқасында су айдындарында адамдардың қаза болу санын 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12% — ға төмендеген. Алайда, ағымдағы жылдың өзінде суға шомылу маусымы басталғанға дейін суда адамдардың қаза болуының 14 жағдайы тіркелген, олардың бесеуі кәмелетке толмағандар. Өткен жылдың шомылу маусымында ТЖД-ің құтқарушылары облыстың су айдындарында 62 адамды құтқарса, 2021 жылы шомылу маусымы қарсаңында судағы қауіпсіздік ережелері бар 13000-нан астам парақшалар таратып, 27 адамды құтқарған. Олардың үшеуі балалар болған.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ