Қазақша білгіміз келмейді

1087

Қазақ қоғамы тағы да екіге жарылды. Себеп өткен аптадағы Қордай оқиғасы. Күн өткен сайын жараның аузы жабылып, ессіздердің қылығы ескіреме деп ойласақ, қателесіппіз. Тіпті басқа тақырпқа ұласып, жаңа мәселелердің шеті қылтия бастады. Басындамұны да әлеуметтік-тұрмыстық дау жаңжал болады-ау деп топшылағанбыз. Бірақ арнасынан асып, күн өткен сайын жаңа қырын танытқан топтық төбелестің қайнары басқаша болып шықты.                                                                  

«Аяғы жаман төрді, аузы жаман елді бұлғайды» – демекші, бір тентектің лаңы бүкіл елді шарпыды. Сабыр Адайша айтқанда:«Әр жусанның түбінде қазаққа ортақ намыс бар»  екенін алаңғасар тентектер аңғармаса керек. Өткен іс өтті. Артына ауыр сұрақтарын қалдырып кетті. Есесіне, халық отыз жыл бойы бір-бірін түсінісе алмағанын ұқты. Мемлекет құрушы ұлттың статусы анықталмаған жерде осындай күрделі дау -жанжалдың туатынын тарих қанша мәрте дәлелдеді.                            

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Қордайдағы қақтығыс қазақ жерінде ұлттар достығының өзгеше үлгісін көрсетеміз деп ширек ғасыр лепірген биліктің беделін бес тиын етті. Тіпті, дұңған диаспорасының көшін бастаушылардың тауға қарап ұлыған ниеті айпарадай ашылып, халық көзі кімнің-кім екендігіне қаныға түсті. Ұлттың үлгі тұтары өзгеге осылай еміреніп, отырса жастары қайдан оң қабақ танытсын?! Әрине, бұл арқылы бір ұлтты қаралаудан аулақпыз. Дегенмен, осы уақытқа дейін бірде-бір дұңған азаматы алға шығып,аталы сөз айта алмауы көңілге кірбің салғаны да рас. Қордайдағы мектеп мұғалімдері дұңған балалары «Қазақша білгіміз келмейді. Керек емес», — дейді деп күйінеді. Масаншы жұртында бұрын да осындай келеңсіз оқиғалар жүз берген, бірақ, татулықты ту еткен жергілікті билік өз балаларына жекіп, қонақтың баласын ренжітпейтін қазақы менталитетке салып басып отырған. Мелекеттік комиссия қатарында Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейт Түймебаев бірге жүрді. Жұртты тыңдады. Бірақ, ресми  түрде пікір білдірмеді. Ассамблея тарапынан сайланған бірнеше мәжіліс депутатынан басқа, өзге этностан ешкім достық қолын ұсынуға құлық танытпады. Сонда осындай күрделі мәселелерге қазақтар ғана алаңдауы керек пе деген заңды сауалдың туары анық. «NUR OTAN» партиясы төрағасының орныбасары Бауыржан Байбек: «Тыныштық ең алдымен – қазаққа керек»,– депті. Сонда қазақ жерінде жасайтын басқа ұлт өкілдеріне тыныштық керек емес пе?                              

Қордай қырғынының тарих бетінде өз бағасын алары анық. Оған шынайы анықтаманы уақыт береді. Өкініштісі азаматтардың бейбіт күнде опат болуы. Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қараған облыс әкімінен бастап бірқатар шендіні жұмыстан босатты. Онымен енді өлген он азамат қайтып келмейді ғой. Ал, шешімін таппаған мәселелер адам өліп, халық зардап шеккенде ғана күн тәртібіне шығуы керек пе?!  Неге?

    А.НАЗЫМҰЛЫ.

Бөлісу:
ТегтерНЕГЕ?

ПІКІР ЖАЗУ