Қайран аға, қара нарым, қадірлім

0
1480

Қамшының сабындай келте ғұмыр түгесілгенде  ханды да, қараны да қара жердің қойнауында теңестіреді-ау! Тірісінде түгі түленіп, түлкідей түрленген жұмыр басты пенделер бірін-бірі аяқтан шалып, алысып-жұлысып ақыретке аттанғанда «жақсы адам еді, жақсы адам еді, жақсы адам еді» деп өлімге қимайтыны несі екен.

Жасаған жақсылығын жуып-шайып, азғырғандардың тіліне еріп, әлгі жақсы адам-ның жүрегін ауыртып, нақақтан  нақақ жала жабылғанда, табаны тайып сүрінгенде, тақымына шөңге кіргенде, тар тігілген жеңнен, тасадан соғылған сұм қанжардан жан дүниесі жараланғанда, айтаққа ергендер де жақсы адам өлгенде жаназаға келді-ау. Сол тау тұлғалы жақсы адам қоғам қайраткері, үш бірдей ауданды басқарған адам түгілі жан-жануар, хайуанаттарға жақсылық жасайтын  Ғалым Тұрғамбаевтың  да  фәни жалғаннан  бақиға аттанғанына  қырық күн болыпты.

Қайран аға! Алланың берген  сексен төрт жыл ғұмырын сүрдіңіз. Сіз жүрген сүрлеу жолда тайға басқан таңбадай іздеріңіз жарқырап жатыр. Ары-бері Жаркентке жол түскенде Басшиге соғып, сізден ғибратты әңгіме естіп, адалдықтың, ақиқаттың қайнар бұлағынан  сусындап қайтушы едік. Сексен жылдық мерекеңіздің алдында өзіңізбен арнайы сұхбат жасағанымда арпалысқа толы өміріңіздің күнгей мен көлеңкесі туралы, бүгінгі қоғамның басшылары мен Кеңестік дәуірдегі кадр мәселесі жайлы ақтарылып айтып едіңіз, абзал аға! Ел мүддесінен гөрі жеке бастың қамын күйттеген, тамыр-таныс пен жең ұшынан жалғасқан жемқор қоғамның түбі жақсы болмайтынын айтып,  халық толқиды, өздерін Құдай санайтындар қадірден жұр-дай болады. «Қарада тұр, Айтақын!», – деп едіңіз. Болжамыңыз тура келді. Оны өзіңіз де көріп кеттіңіз, кемеңгерім! Қайсы бірін айтайын. Сіздің арыңыздың таза екеніне менде кәміл сенгем. Оны заң аясында дәледеп те бергенсіз. «Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» демекші, сіз өмірден қайтқан күні қонақасыңызда сізге қарсы шыққан  адам сіз туралы өте жақсы әңгіме айтты. Ернімді тісіммен тістеп әрең шыдап отырдым. Үйіңізге арнайы қонақ болып, Мақпал екеуі дастарханыңыздан дәм татып, қазақи дәстүрмен шапан жауып шығарып салған аңғал батыр, арыстан жүректі Заманбек Қалабайұлымен ақыретте жолығып, татуластыңыз ба, аға?! Көзінің тірісінде «Маған тиісу үшін Елбасының алдынан өтіпті. Үлкен кісі өзің біл» депті. Жүзбе-жүз жолығудан қашқақтады. Билік қолында тұрғанда қабылдауына бардым, қабылдамады.  Кейіннен Ғалым Тұрғамбаевқа бекер тиіскен екем. Қатты өкінемін» деген әңгімесін қол астында қызмет жасаған Оспанова Роза Кәрімжанқызы айтыпты. Бір үлкен мерекеде жолыққанда Роза маған осы әңгімені айтты» деп едіңіз. Роза Кәрімжанқызымен ұялы телефон арқылы сөйлестім. «Заманбектің айтқаны рас» деді. «Мен оны баяғыда-ақ  кешіріп қойғам, Алла төбемізде тұр ғой,  аққа Құдай жақ! Түбі бір сұрауы болады» деген едіңіз. Екі арыстан,  екі алып жүрек, бір атаның балалары  жарық дүниеде бастарың бірікпегенмен бақида, мәңгілік мекенде бірге жүрген шығарсыңдар, аға! Өзіңіз туып өскен Жаркентте сізден кейін ауданға бесінші әкім болып  тағайындалған  Марат Сағымбаев балаңыз «Суан баба» қорығын қолға алыпты. Бақсының моласындай күл-топырақтың үстіне қаңылтырдан ескерткіш қоя салған қордың бұрынғы төрағасы Базархан Жақыбаев туралы мақала жазып, оған қосыла шапқан Сламғали Піскенбаев ақын екеуміздің  арамызда газет бетінде айтыс болып, оған қоса Дүйсен Әлімжановты сотқа беріп, ит жығыс болған мәселеде менің жыртысымды жыртып, үлкен басыңызбен Базарханға барғаныңызды ел қайдан білсін аға?! Күллі жұртқа күлкі болып, әруақтарды қорлағандай қаңылтырдан қалқайтып қойған ескерткіш Алла бұйыртса тотықұстай түрленетін болады. «Ел-жұрт үшін де, сырттан келген меймандар үшін де елдігімізді көрсететін қасиетті орынға айналады», – дейді Марат балаң. «Көргені жақсы көш бастайды» деген осы ғой, аға. Әділшайық Ыбраймолдаевтың тәлімін алған балаңыз, енді, сіздің де елеулі еңбегіңізді елеп ескеріп, ел-жұртымен ақылдасып ауданның бір үлкен көшесіне есіміңізді беріп  және «Суан баба» қорығына мүсініңізді қоятын шығар деп үміттеніп отырмын.

Сіз өмірден кеткенде Ақсудың ел-жұрты қатты толқыпты. Халыққа жасаған адал еңбегіңізді айтып, есіміңізді өшірмей, балаларына «Ғалым» деп айдарлап ат қойған ақсулықтар сізді аузынан тастамай айтып жүр. Ғалым атты ат жалын тартып мінген азаматтар да есіміңізді қадірлеп, ол кісідей болмасақ та ағаның атын кірлетпейміз дегенде төбем көкке бір елі жетпей тұрды, аға! «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді» деген осы екен ғой! Сіздің шарапатыңызды көргендер сіз жайлы жылы лебіз айтса, қайран ағам,  қара нарым бір аунап жатқан шығар деп пайымдаймын.  «Менде жұмыр басты пендемін, өзімнің де жаңылысқан сәттерім болған шығар. Бірақ қол астымдағы қызметкерлердің біреуінің соңына шырақ алып түспедім. Обал-сауап дегенді санамнан шығармадым. Адам түгілі айуанның  да киесі бар» деген тәмсіліңізді жадымнан шығарған емеспін аға. Сізді сағынып ұрпағыңызға мұра қалдырған кітаптарыңызды қайта бір саралап шықтым. Адамгершілік жайлы тебірене жазған ойларыңызды тағы бір сүзгіден өткіздім аға. Елбасының күйеу баласы Рахат Әлиевтің Алтын-Емел қорығына келіп, аң атқандағы қатыгездігін жақсы суреттепсіз. Оны да сол аңдардың киесі жібермеді-ау… Адамдарға жасаған қиянаты да аз емес-ті. Кісі ақысы – кісіге жібермейтінін ол марқұм білсе де, баудай қырылған аңның киесі барын білмеген шығар. Әйтпесе, сіздің «тек еркегін ғана ат, обал болады» деген бір ауыз ақылыңызға құлақ асса керек еді. Байлық, мансап дегеннің буына масайғандар «Алдыма кім түседі  деп алаңдайды екен, артымда кімдер келе жатыр», – деп қарамайды екен аға. Қарайлайтындары да бар шығар, кім біледі.

Аға,  мен сіздің рухыңызбен тілдесіп отырмын! Өмірден өтеріңізді өзіңіз де біліпсіз ғой. Түс көрдіңіз бе екен? Әлде Алла аян берді ме екен. Ұлыңыз Даниярға «Мен алай-былай болып кетсем, Астанадан ауылға жеткізе аласың ба?» депсіз… Құдай берген екі ұлдың бірі Талғатыңызды өзі беріп,  өзі алды. Ғұмыры келте болды. Талғаттың қасына жерлерсіңдер деп аманаттапсыз. Даниярды адалдыққа баулыдыңыз. Өзіңіз сияқты кішіпейіл. Кісінің де, мемлекеттің де ала жібін аттаған жоқ, қанағатшыл. Досыңыз Шернияз Нұғыманұлы бір апта бұрын дүние салғанда туған өлкеңіз Жаркентте ақтық сапарға шығарып салған күні жақсы сөйлепсіз. Бұл сіздің туған өлкеңізбен, ел-жұртыңызбен соңғы қоштасуыңыз болыпты. «Бабында тұрған тұлпардай тың еді. Шернияздың артынан іле-шала кете барды», – дейді Құдай қосқан қосағыңыз София жеңгем. Алматыға келіп, енді Астанаға ұшамыз деп қамданып отырғанда аяқасты айырылып қалдық деп, қайғыдан жүрегі қарс айырлып егіліп отыр. Жан алатын періште әзірейіл де айтпай келеді ғой. Әлде балаңыз Даниярға айтқан «Алай-былай болып кетсем ауылға жеткізе аласың ба?» деген өтінішіңізді Алла Тағала естіп, сүйегіңізді алыстан арқалатпай, жақыннан жеткізуге мүмкіндік жасағаны ма?! Өзіңіздің өтінішіңіз бойынша Талғат балаңыздың жанынан топырақ бұйырды. Топырағыңыз торқа болып, жаныңыз жәнатта болсын, аға! Жандарбек балам үйленгенде төрде отырып, келінге торт кестірмей, қазақы салт пен самаурын қайнаттырып, ауылдың ақсақалы, абызы деп өзіңізге, жеңгеме келіннің қолынан шәй бергізіп едім. Тойға келген ел сүйсініп, сіз ақ батаңызды беріп, бақытты болыңдар деп ағыңыздан жарылып едіңіз. Сол келіннен төрт немере сүйіп отырмыз. Жандарбек те, келін де сіз бен жеңгем туралы жиі айтып отырады аға!

Бір ғасырға жуық ғұмыр кештіңіз. Қазақтың әр азаматы сіздей болып өссе, өзіңіздің есіміңізді арқалаған Ақсудағы азаматтар аман болса, Ақсудың ел-жұрты да сізді елеусіз қалдырмайтын шығар, аға! Енді сіздің екінші ғұмырыңыз басталды. Сіз жайлы әлі талай естеліктер айтылар, есіміңіз алты Алашқа  әйгіленер. «Алтын-Емел» Мемлекеттік ұлттық паркі де сіз жайлы жылда бір шара өткізіп тұрар. Өзіңіз іргесін қалаған Ұлттық парк директоры Халық Баяділов те сіздің жарқын бейнеңізді мәңгі есте қалдырады деп сенеміз, қайран аға!

(Ғалым ағаның рухымен тілдесу)

Қайран аға, қара нарым, қадірлім,

Самұрығым, саңлағым, сабырлым.

Сыймаушы едің жалғандықпен күресіп,

Қауызына қалай сыйдың қабірдің?!

Алтын-Емел тарихында есімің,

Ақиқаттың айқара ашып есігін.

Тірлігіңде түлен түрткен марқұмдар,

Ақыретте сұрады ма кешірім?

Жолықтың ба, Заманбектей заңғармен,

Көзсіз батыр, «алды-арты жоқ» аңғалмен.

Кезікті ме екіжүзді пенделер,

Ту сыртыңнан сұққылаған қанжармен.

Бақидағы қалай аға қалыңыз?

Жай тапты ма жәннат бақта жаныңыз.

Амансың ба, тозағының отынан,

Дұғадамыз жасымыз да кәріміз.

Күйе жаққан өзіңіздей асылға,

Жандар жүр ме, бәрін айтшы жасырма.

«Арамдарды Алла өзі реттейді», –

Деуші едіңіз «еш пендеге тас ұрма!»

Тірлігіңде жасамап ең асылық,

Билікте де көрмеп едің тасынып.

Асқақ тұрып ақиқаттың алдында,

Көрмеп едің жалғандыққа бас ұрып.

Алтын-Емел қорығында тіршілік,

Көктеп жатыр өзің еккен мың шыбық.

Жортқан аң да, ұшқан құс та жан аға,

Айғай құм да «Ғалым» дейді күрсініп.

«Ғалым» дейді жыбырлаған жәндік те,

«Ғалым» дейді қара жерге дән бітсе.

Табалап жүр, сабалап жүр тірілер,

Арғымақтың аяғына қан түссе.

Алла кешсе күнәңізді күлімдей,

«Қыл-көпірден» өткін аға, сүрінбей.

Біздің жақта басталуда реформа,

Елбасын да жамандадық дүрілдей.

Төсті соққан мүжіліп ед балға да,

Қара бұлт үйірілді Ханға да.

Жалт бұрылды жағымпаздар, жантықтар,

Қарсы шықты қарқылдаған қарға да.

Сіздер жақта кілті кімде жәннаттың,

Тозағында кімдер жатыр азаптың.

Біздің жақта хәлі мүшкіл қазақтың,

Ана тілге тумады әлі азат күн.

Қалай аға, жайлымекен жер бесік,

Жер бесіктен жатқан жоқ па ел көшіп.

Сұрағынан аман өтіп қабірдің,

Жатсаң екен екі аяқты кең көсіп.

Абызым-ау, айналып ең данаға,

Теңдей едің ханға дағы, қараға.

Елден  сәлем  Заманбекке айтарсың,

Топырағың торқа болсын, Жан аға!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ