Қымыз – қырық ауруға ем

1776

Халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан тәрбиесі мен дәстүрлі білімі – ғұмыр бойы жинақталған тәжірибелердің қорытындысы екені анық.Онда талай уақыттың сүзгісінен өткен күнделікті әдет-ғұрып, салт-санадан бөлек, құнарлы азық пен шипалы сусынды пайдалану әдеті де жатыр. Яғни, төрт түлік малдың қадірін білген дана халқымыз одан алынған өнімдерден әр түрлі тәтті, дәмді тағамдар әзірлеп, дастархан байлығын арттыра түскен. Әсіресе сүт тағамдарын сақтау мен дайындауда басқа ұлтқа қарағанда қазақ халқы өте шеберлік танытқан екен. Солардың бірі – қасиетті қымыз сусыны. Осынау дертке – дауа, тәнге – шипа болған бие сүті жайлы ғылыми тұрғыда зерттеу еңбегін жазып, оның сан қырлы ерекшелігін дәріптеп жүрген ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Дәулет Ізбасарұлымен сұхбаттасудың сәті туған еді.

– Бүгінде ұлттық сусынымыздың ерекше қасиеті тек ел ішіне ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі десек, артық айтпаймыз. Ауруға ем, сауға қуат болған қымызды қай уақыттан бастап зерттеп келесіз және ғылыми еңбегіңізде оның нақты қай ерекшелігіне тоқталдыңыз?
– Әрбір қазақ баласы үшін төрт түлік мал, соның ішінде жылқының алар орны ерекше деп ойлаймын. Себебі, халқымыз ежелгі заманнан бері Қамбар ата тұқымын ерекше бағалап, қастерлі түлік санаған. Бабаларымыз жастайынан ат жалын тартып мініп, төрт түлікке жақын өскен. Әрі одан алынған өнімдерді пайдалануды күнделікті әдетіне айналдырған. Яғни, күнделікті ішер асымыздың пайдасын ерте заманнан білген халқымыз мықты да күшті ұрпақ өсірген.
Өзім 1950 жылы жер жәннәты – Жетісуда, яғни, Алматы облысының Гвардия ауданы, қазіргі Кербұлақ ауданында дүниеге келдім. Жастайымнан атқа құмар болып өскендіктен, мектеп бітіргеннен кейін Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түстім. 1974 жылы институтты үздік тәмамдап, ауылшаруашылығы саласында қыз-мет еттім. Кейіннен 1985 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының магистрі атанып, сүтті және етті бағыттағы жылқы тұқымы жайлы ғылыми зерттеу жүргізіп, диссертация қорғадым. 1985-1987 жылдар аралығында Шет тілдер институтында білім алып, оқуды аяқтағаннан кейін 1993 жылдан бастап шет елдермен байланыс жасап, малды асылдандыру бағытында қызмет атқара бастадым. Нақтылай кетсем, осы тұста Америкадан мамандар шақырып, жыл сайын еліміздегі шаруалардың шетелге барып тәжірибе алмасуына атсалыстым. Бүгінге дейін 60 шақты фермер Американың тәжірибесімен танысып, қажетті мағлұматтармен қанықты. 2008 жылы ірі қара тұқымын шетелден әкеліп, асылдандыру бағытындағы жұмыстарға аз да болса өз үлестімді қостым деп айта аламын. Қазіргі таңда бие сүтінің медицина саласындағы қасиеті мен пайдалы тұстары жайлы ағылшын тілінде мақала дайындадым. Ол жұмысым алдағы уақытта Америка газеттерінің бірінде жарық көрсе деген жоспар бар. Сонда шетел жұртшылығына қасиетті қымызымыздың ерекшелігін әйгілеуге үлкен мүмкіндік туатын еді.
– «Биенің сүті сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?!» деп Ақтанберді жырау жырлаған қасиетті сусынның ерекше екенін ғалымдар сонау ерте заманнан-ақ ұғынған. Осы тұрғыда қымыздың емдік қасиетіне тоқталған ғалымдардың зерттеулері қаншалықты құнды?
– Иә, дұрыс айтасыз. Ұлттық сусынымызға өткен ғасырлардан бері өзге ұлт зерттеушілері ерекше көңіл бөліп, қызығушылық танытқан. Мәселен, бие сүтінен жасалатын қымыз жайында біздің заманымызға дейінгі V ғасырда грек тарихшысы Геродот «Көшпелі скифтер бие сүтінен қымыз ашытуды біледі. Олар бие сүтін ағаш ыдыстарға құйып, піседі» деп жазса, Түркі халықтары этнографиясын зерттеуші Л.П.Потапов қымызды ойлап тапқан көшпенділер, әрі нағыз көшпенді тұрмысы шыдамды да, жүріске мықты жылқы өсірумен байланысты болғанын айтқан. Ал француз саяхатшысы Вильгельм Рубринас болса 1253 жылы қазіргі Татарстан территориясына саяхат жасап, алғаш рет қымыздың дәмін татқан екен. Сонда ол қымыздың ашыту жолдарын, дәмін, адам ағзасына тигізер орасан зор пайдасын байқаған. Қымыз жайлы көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігін бақылаған С.Т. Аксаков та, тіпті, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де ерекше ықылас білдірген. Қазақ дастарханындағы осы бір сусынның ерекше қасиеті мен пайдасы талай әдеби шығармаларда көрініс тауып, айрықша бағаланған. Бұлардың барлығы дерлік ұлттық тағамдарымыздың пайдалы әрі емдік қасиетінің молдығын ерте кезден байқаған халқымыздың тағам дайындау дәстүріндегі қырағылығы мен жоғары шеберлігін айқындайды.
– Қазақ тұрмысы үшін еттің қадірі мен қасиеті қандай жоғары болса, бас тағамды сіңіріп, жұғымды еткен адал ас – қымыздың да алар орны ерекше. Осынау сусынның адам ағзасына тигізер пайдасына тоқталсаңыз?
– «Үйрілген, сары алтындай, сары қымыз, Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз» деп Жамбыл бабамыз жырлаған бие сүтіне тоқталар болсақ, оның тағамдық құндылығы жөнінде тек халық аузында ғана емес, медицинада да көп мәліметтер кездеседі. «Қымыз – қырық ауруға ем» деп бекер айтылмаса керек. Бие сүтінің құнары ана сүтімен тең болып келеді. Яғни, қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп болғандықтан да оның пайдасы өте жоғары. Қымыз қуаттандырады. Әсіресе ол С мен А витаминіне бай. Мәселен, биенің бір литр сүтінде орта есеппен 0,092 -0,690 мг А витамині және 86,94 -126,3 мг С дәрумені бар екені анықталған. Сондай-ақ, құрт ауруларының алдын алып, ауырған адамның қайта қалпына келуіне барынша ықпал етеді, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіптен пайдалы.Тек иммунитетті көтеріп қана қоймай, көп аурумен күресуге күш-қуат береді. Оның құрамындағы түрлі дәрумендер адам бойындағы түрлі ауруларға қарсы күресетін қабілетке ие болғандықтан, тізбектей берсек пайдалы тұстары өте көп.
– Коронавирус инфекциясы мен пневмония дерті асқынған дәл қазіргі тұста қымыздың атқарар рөлі қандай?
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерді ашып қарайтын болсаңыз, бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус пен пневмония дертінен айығу әрі алдын алу үшін түрлі әдістер айтылады. Солардың ішінде халқымыздың ұлттық тағамдарын жиі пайдалану керектігі көп жерде айтылып та, жазылып та келеді. Әсіресе, қымыз бен саумалды пайдаланса, вирустың алдын алады екен деген ем-домдар да кездесуде. Бұлардың барлығы толықтай қате деп айтуға негіз жоқ. Себебі, аталған тағамдардың барлығы адам иммунитетінің мықты болуына септігін тигізеді. Ал иммундық жүйесі мығым адам оңайшылықпен ауыра қоймасы анық. Алайда, тек қымыз, шұбат секілді өнімдерді пайдаланып коронавирустан айғып кетуге болады деп айтуға да болмайды.
– Бүгінде әртүрлі әдістермен дайындалған ұлттық сусынымыздың көптеген түрлерін дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. Олардың барлығы дерлік адам ағзасында пайдалы ма?
– Соңғы 10-15 жылдың көлемінде елімізде көптеген бие сүтін өндіретін фермалар мен шаруа қожалықтары ашылып, олардың саны жыл санап көбейіп келеді. Ал онда өндірілетін бие сүтінің сапасы да әртүрлі. Себебі, қымыздың пайдалы дәрумендерге бай болуы жайылым түріне, таза ауа мен жем-шөбіне тікелей байланысты. Сол себепті де, барынша таза әрі табиғи өнімді тұтыну адам ағзасына пайдалы деп есептеймін. Мәселен, Алматы қаласында мен білетін бірнеше жерде бие сауылады. Оның біріне күн сайын немереммен бірге барып, жаңа сауылған саумалдан ішуді әдетке айналдырғанма бірталай уақыт болды. Осы орайды пайдалана отырып, оқырман қауымды да табиғи сусын арқылы иммунитетін көтеруге шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Бөлісу: