Қытайға журналист болып барып, жазушы болып оралдым

41

Қазақ әдебиеті мен журналистика саласына  өзіндік үлесін  қосып келетін,  оқырманға  тың  шығармаларымен  таныс, Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі,  Халықаралық  Қазақ  ПЕН клубының мүшесі, «Жетісу» телеаранасының  бөлім басшысы,  «Janr» жетісу  әдеби клубының президенті Есболат АЙДАБОСЫН  орда бұзар шақтан өтіп, қырықтың  қырқасына шығып отыр.  Мерейлі  жастың төрінен орын алған   жазушы ағамызбен   тілдесудің сәті туды.

АЛАТАУ:  – Кез келген адам балалық шақтан өтетіні белгілі. Қырықтың қырқасына шығып отырған Есболат Айдабосынның балалығы жайында білсек дейміз?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Классикалық қазақы отбасының тәлімін алдым. Атам мен апам,  әкем мен шешем, ағаларым мен қарындасым, бәріміз бірге тұрдық. Үлкен екі ағам – атамның баласы болды, мен апамның баласы едім, «арпа ішіндегі жалғыз бидай» ғана әке-шешеме тән. Күнде кешкілік төрт көзіміз түгел жер үстелдің басына жиылып ас ішеміз, тамағымды тауысқан соң апам отыратын бөстекке басымды қойып қисайып жатамын. Үлкендер әр нәрсені әңгіме қылады, мен сол әңгімелерді тыңдап жатып ұйықтап кететінмін. Ертеңіне апамның қойнында бір-ақ оянам. Сол бір көнетоз бөстекті, сол бір ыстық құшақты әлі сағынамын. Сағыныш деген адам бойындағы ұлы сезімнің бірі ғой, кейде кеудені кернеп сыймай кетеді. Сондай сәттерде қолға қалам алып «балалық шаққа саяхат» жасап қайтатыным бар. Жалпы менің шығармашылық жолым осы балалық шаққа саяхаттан басталған. «Қызыл сақа»,  «Сүлікқара»,  «Қамшыұстар», «Қоңыр боти»  деген әңгімелер сол балалық шақтан естеліктерім. Атам мен апамның бүкіл болмыс-бітімін, мінез-қылықтарын суреттеп «Менің атам», «Қайран әжем» деген эссе жаздым. Айта берсек балалық шақ туралы әңгіме көп. Бақытты балалықты өткердім деп айтсам болады. «Бақытты балалық» демекші, осы сөздің төркінін бертінде түсініп жүрмін өз басым. Адам бала кезінде әр нәрсеге қуана біледі екен,  есейе келе сол қуанышы сиреп кетеді, тіпті қуануды ұмытып кететіндер бар,  қуанып тұрса да көңіл түкпірінде бір қасірет жатады, көзіндегі мұң кетпейді. Мысалы сіз кішкене балаға балмұздақ алып беріңізші  немесе екі-үш мың теңгенің ойыншығын сыйлаңызшы, қалай шаттанады. Ал ересектерді олай қуанта алмайсыз ғой, рас па? Бүгінде екі-үш мың теңге түгіл екі-үш миллион доллар берсең де, көлік, пәтер, ұшақ түгіл тұтас аралдарды сыйға тартсаң да қуанбайтын адамдар бар. Ал, қуану дегеніміз – ол бақыттың бастауы, өмірі қуанышқа толы адам – бақытты адам. Біз жиын-тойда бір-бірімізге бақыт тілеп жатамыз, бірақ «бақыт деген не?» десең әркім әрқилы жауап береді. Менімше бақыт деген қуаныш.  Адамның өмірі қуанышқа толы болса, кешке төсегіне күрсінбей жатса, таңертең күңіренбей түрегелсе, айналасына риза-қош көңілмен, гармониямен өмір сүрсе сол адам – бақытты адам. Шіріген байлыққа малынып отырып, қабағы ашылмай жүретін адам бақытты ма, әлде бала-шағасының амандығына тәубә деп, солардың жеткен аздаған жетістігіне мақтанып-марқайып, шын қуана білетін қарапайым адам бақытты ма? Өзіңіз ойлана беріңіз. Бірді айтып, бірге кетіп қалдым-ау деймін, келесі сұрағыңызды қоя беріңіз.

АЛАТАУ: – Ата-анаңыз бен қолыңызға алғаш қалам ұстатқан ұстаздарыңыз туралы да айта отырсаңыз?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Әке-шешем екеуі де мал дәрігері болып совхозда қызмет істеді. Ерте кетіп, кеш келеді. Әлгінде айттым ғой, біз шал-кемпірдің тәрбиесінде өстік деп. Ешбіріміз балабақшаға барған жоқпыз шыны керек. Әке-шешемізді сол кездегі қалып бойынша «папа-мама» деп атайтынбыз, біздің кезде «әке-шеше,  ана» деп айту жоқ еді. «Папалап», «мамалап» жүргенмен ол кісілер маған аға мен жеңгедей болды. Ішіміз бәрін біліп тұр, солардан туғанымызды білеміз, бірақ бәрібір бой бермейміз. Кейбір қылжақбастар: «әй, мына мыжырайған кемпірден қалай туасың, сенің шешең анау» десе де «апам, аһ дегенде аузынан түсіп қалғанмын» деп бет бақтырмаушы едік. Ағамша еркелеп,  жеңгемдей әзілдесетінбіз. Ол кісілер соған мәз болатын, қызғану, «менің баламсың» деп таласу болмайтын. Сөйте жүріп әкелік-аналық қамқорлығын аяған жоқ. Тоғыз-он жасымда демікпе деген дертпен ауырып қалдым да көбіне үйден шықпайтынмын. Үйде іш пысады. Не істейсің? Ол кезде қаптаған телеарна жоқ, «күндізгі телесеанс» деген айдармен түсте кино көрсетеді, соны көресің, онан кейін жатып алып кітап оқисың.  Бір айда үйдегі ертегілер мен өге кітаптар таусылды, бірер айда көрші-қолаңның үйіндегі кітап таусылды. Сатып алып оқитын болдым. Анам ауыл дүкеніне барып таңдап жүріп кітап алып келеді.  «Бес ғасыр жырлайдыны» ары-бері төңкерістіріп сан мәрте оқыдым,  кейінен  «Елім-ай» деген атаумен қалың кітап болып шықты. Оны да алып қайыра оқыдым,  Доспамбет,  Шалкиіз, Сүйінбайлардың жыр-толғауларын жаттап алдым. Бір күні шешем көкшіл түсті үлкен кітап алып келді. «Ақ жол» деп аталады. Сыртында көзілдірік таққан қара сақалды кісінің суреті бар. Бас алмай оқыдым. Әуелі «Ер Сайын» жыры беріліпті, онан кейін «Әдебиет танытқыш»,  мысал өлеңдері.  Ахмет  Байтұрсынұлымен осылай танысқам.  «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген кітап болды,  ішінде билер мен шешендердің нақыл сөздері топтастырылған. Соның ішінде Бейімбет Майлиннің әкесі  Майлы мен шешесінің қалай үйленгені жайлы шағын әңгіме бар, екеуі де тақыр кедейдің балалары. Атын ұмыттып қалыппын, қазақтың бір белді биі әділ төрелік айтып екі жасты қиянаттан аман алып қалады. Соңында «осы екеуінен қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин туады» деп түсіндірме жазылыпты. Осыны оқып алып әлгі жерде қанаттанбаймын ба, «мынадай тақыр кедейден туған бала әйгілі жазушы болғанда, менің нем кем?»  деген бір ұшқын көкейде пайда бола қалды. Содан Бейімбетті іздеп жүріп оқыдым. Әңгімелерінің бәрі ұнайды, кейбір кейіпкерлерінің мінезі өзіміздің ауыл адамдарына ұқсайды. Мектеп оқулығында Бейімбеттің суреті бар екен, оны көріп тіпті құмарттым. Қайта-қайта қараймын, әлгі сурет өзіме ұқсайтын секілді көрінеді де тұрады. Аптасына бір моншаға түскенде шашымды тарап қоюшы едім, енді шашымды тура төбемнен қақ жарып Бейімбетше тарайтын болдым. Тараған соң айнаға қараймын, айнадан маған Бейімбет қарап тұрғандай болады. Осылайша әдебиетке деген құштарлық пайда болды. Елден жасырып өзімше бірдемелер жазатын болдым, ептеп өлең құрастырдым. Әр нәрсенің бір қайыры бар деген, екі-үш жылға созылған сырқаттың арқасында қазақтың ауыз әдебиетінен нәр алып, елдер студент кезде оқыған дүниелердің көбін бастауыш сыныпта тауысып тастадым. Ұстаз дегенде маған ең әуелі ұстаз болған осы дүниелер деп ойлаймын.    

АЛАТАУ: –  Өмір деректеріңізден сіздің ҚазҰПУ-дың  филология факультетін тәмәмдағаныңызды оқыдым.  Аталмыш оқу орнынының педагогика саласын бітіргеніңізбен, еңбек жолыңызды мұғалімдік емес,  журналистика саласына бұруыңыздың мәнісі неде?

Есболат АЙДАБОСЫН : – Мектеп бітірер жылы аграрлық университеттің бір топ мұғалімі ауылға сау етіп келе қалды. Ақылы негізде оқитын шәкірт жинап жүр екен. Ол кезде ақылы оқу жаңадан басталған шақ. Мектеп басшыларына «бала жиып бер» деген-ау деймін,  оқуға талабы бар оқушыларды жеке-жеке шақырып алып үгіттеуге кірісті. Біраз қыз-жігіттер құжатын өткізіп, алғашқы жарнасын төлеп тастады. Менің де барғым келеді, бірақ мен іздеген мамандық жоқ. Көңіл түкпіріндегі «жазушы болсам» деген бір ой арагідік бой көтеріп қояды. Бір күні мектеп директорының орынбасары мені оқуға шақырғанда «АлМУ-дың филфагына барам» дедім. «Ой, ол жерде кілең қыздар оқиды. Саған не бар?» деп бұрылып кетті. Состиып тұрып қалдым. Сонан кейін қайда оқуға баратыным туралы ешкімге айтпадым,  университет табалдырығын аттап, оқуға қабылданғанша осы бір күмән көкейден кетпей қойды. Абырой болғанда курсымызда біраз жігіт болды. Бірақ көбісі оқу үшін емес, диплом үшін келген еді. «Әскери кафедрасын бітірсем болды», «әскери боламын», «полицияға қызметке тұрамын» деген жігіттермен бірге оқып, бірге жүрдім. Өзім де бірте-бірте солардың ыңғайына жығылып кеткенім бар.   Жас кезде адамға ортаның ықпалы зор болады екен. Сол ортаға қалай бейімделіп кеткеніңді білмей қаласың. Кітапханаға тек реферат,  курстық  жұмыс жазу үшін баратынбыз,  қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенті болғаныммен кітапханаға барып бірде-бір көркем шығарма оқымаппын. Осыған әлі күнге өкінемін. Өмірімдегі бір үлкен қателігім – студент кезімді,  нағыз оқитын шағымды құр өткізіп алғаным. Диплом алар тұста айтса айтқандай менің курстас достарым шынымен де әскери салаға, ішкі істер органдарына жұмысқа тұруға қарекет қылып жатты. Ал мен қайда барамын? Мектепке барғым жоқ, ол кезде мұғалімдердің жалақысымен үлкен қалада жан бағу қиын болатын. Шақшадай басым шарадай болды. Бір күні автобуста келе жатсам «радиоға диктор керек» деген хабарландыруды құлағым шалып қалды. Шауып отырып «Қазақ радиосына» бардым. Қара шаңырақтың кіре берісінде күзетшілерге мән-жайды түсіндіріп тұрғанымда, қияқтай қара мұрты бар жігіт ағасы келе қалды. Бірден мені ішке кіргізіп алды. Кейіннен білдім, қайда келгенінен бейхабар, мен секілді сарыауыз балапанға алғаш қолын созған адам Байғали Есенәлиев ағамыз екен. Бірден дикторлар отыратын бөлмеге алып келді. Даусымды тексерді, балалығымды, шалалығымды байқады, ақыры «диктор болу ешқайда қашпайды, алдымен журналист болып үйрен» деп арқамнан қағып шығарып салды. Жөн сілтеп қана қоймай,  радиодағы әдеби хабарлардың тізгінін ұстап жүрген Қанат Тәкебаев ағамның қасына қосақтап берді. Ол кезде қазіргідей диктофон жоқ, Қанат ағамның 10-15 келілік репортерін көтеріп, соңынан салпақтап жүремін. Анда барамыз, мұнда барамыз, ақын-жазушылардан сұхбат аламыз. Баққожа Мұқай, Сәкен Иманасов, Оразақын Асқар секілді қабырғалы қаламгерлердің қолын алып, дастарханынан дәм таттым. Қанат ағам «шәкіртім» деп таныстырып қояды, менің бөркім қазандай болады. Қойшы әйтеуір, Тәкебаевтың соңынан салпақтап 3 айдай жүрдім. Сол салпақтаумен менің журналистикадағы соқпағым басталыпты. 

АЛАТАУ : – Негізінде  филология мен журналистика екі бөлек арна емес пе? Сонда  сіздің жан қалауыңыз  журналистика саласы болғаны ма, әлде?…

Есболат АЙДАБОСЫН : – Екі әлем, әрине.  Бірақ егіз әлем десек болады, қоңсылас сала. Екеуінің де сөз өнеріне қатысы бар, содан болар мен секілді мұғалімдік оқуды оқып, журналист болғандар көп. Тіпті, бес жыл журфакта оқығандардан озып, мықты журналист ретінде танылған мамандар жетерлік. Журналистік мектептен өткеніме еш өкінбеймін. Осы күні де менің жазушылығымды,  журналистігім асырап отыр.  Жазушылықпен жан бағу Қазақстанда қиын. Бұрын болатын, бір кітаптың ақшасына бір үй,  бір көлік алатын. Бәлкім болашақта соған қайта айналып келерміз, ал дәл қазіргі уақытта ол қиын шаруа. Журналистика маған не берді? Журналистика мені жазуға үйретті, сөз саптауымды түзеді,  ақпаратты қорытуға дағдыландырды, қысқа жазуға, негізгі мәліметтерді елеп-екшеуге бейімдеді. Мұның барлығы жазушы болам деген адам үшін өте керек қасиеттер.  Сондықтан болар алғашқы әңгімелерімде артық эпизод, артық ойлар көп шығар, ал сөзден кеткен қателік аз болды. Журналистика мені жазу өнеріне дайындап жіберді былайша айтқанда.  Екінші журналистиканың маған бергені – танымалдылық. Мен елге әуелі журналист ретінде танылдым. Мені әлі күнге жазушыдан гөрі,  ұлттық арнадағы «Апта.кз» бағдарламасын жүргізген журналист ретінде танитындар көп.

АЛАТАУ : – Сіз осы «Апта.кз» бағдарламасын жүргізіп жүріп эфирден едәуір уақыт көрінбей кеттіңіз. Сөйтсек Бейжіңге оқуға барған екенсіз. Телеарнадан кетіп, неге Қытайға баруды ұйғардыңыз ?

Есболат АЙДАБОСЫН:  – «Аптада» бір жүйрік ат, әркім бір мініп шабатын» деп ФБ-ға жазғанмын телеарнадан кетіп бара жатқанымда. Қарап отырсам 2003 жылы телеарна табалдырығын аттаппын, тура он жыл болғанда жұмыстан кетіппін. Осы он жыл ішінде үш телеарнада қарапайым тілшіден бастап жауапты редактор, бас редактордың  орынбасары, продюсер, жүргізуші-редактор секілді қызметтерді атқардым. 2011 жылдың аяғынан 2013-тің басына дейін бір жарым жылдай апталық сараптамалық бағдарламаны жүргіздім. «Өнерді үйрен де жирен» дейді ғой, сол уақытта өзімнің аздап қажығанымды сезе бастадым. Өзіме деген көңіл толмастық байқалды. Хабарымыз жақсы шығып жатыр, басшылар да, басқалар да мақтайды. Бірақ ішкі әлемде тоқырау бар, бастапқы қарқын жоқ.  Көңіл әлденені іздейді, өзге өрісті аңсайды. Ол тұста «Болашақ» бағдарламасы бойынша журналистерді шетелде оқыту ісі басталмаған кез,  ізденіп көрсек, Қытай мұнай компаниясының гранты бойынша Бейжіңде оқуға мүмкіндік бар екен. Әйеліміз екеуміз бірдей құжат тапсырып едік,  сынақтан өтіп кеттік. Осылайша екі баланы жетектеп Қазақстанның астанасынан,  Қытайдың астанасына бір күнде қоныс аудардық. Үш жыл шамасында сонда оқыдық. Бір жылымыз тіл үйренуге кетті,  екі жыл мамандық бойынша дәріс тыңдадық. Қытайдағы өміріме бір риза болатыным – ел көрдік, жер көрдік, басқа қоғам, басқа ортаны таныдық, одан бөлек  әдебиетпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік болды. Қытайға кетпей тұрып бір-екі әңгімем ғана әдеби сайттарда жарияланған болатын, ол жақта жүріп бұрқыратып жаздым. Жазғандарым жарияланып жатты. Міне, солай Қытайға журналист болып барып,  жазушы болып оралдым. Менің журналистикадан әдебиетке қарай трансформациялық кезеңім Бейжіңде өтті. «Сүлікқара» деген алғашқы кітабымның 90 пайызы сол жақта жазылды.

АЛАТАУ : – Журналистика саласында жүріп әдебиетке  өзіңізше үлес қосып келесіз. Жалпы, журналист Есболат Айдабосын  мен жазушы Есболаттың айырмашылығы туралы не дейтін едіңіз?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Бәлендей айырмашылық жоқ. Мәселе қабылдауда секілді. Мысалы сіз маған кім деп келіп отырсыз? Жазушы деп келіп отырсыз ба, журналист деп пе?  Жазушы-журналист. Міне, сұрақтың жауабын өзіңіз айтып отырсыз. Сіз үшін мен жазушы тире журналистпін. Ал біреу үшін жазушымын, екінші біреуге журналист қанамын. Ал үйдегі балама әкемін, әйеліме күйеумін, әке-шешеме бұлардың ешқайсысы да емеспін, маған десең қырық кітап жаз, олар бәрібір сені балам деп қана қабылдайды. Сондықтан мен қазіргі қызмет орным «Жетісу» телеарнасының табалдырығын аттаған сәттен журналистпін, сол жерде журналистік қызметімді, өзіме берілген міндеттерді атқарамын. Әлдекім телеарна туралы сұрай қалса мен журналист ретінде сөйлеп беремін. Ал, жазу столына отырған сәттен жазушымын. Сол секілді әдеби кездесуге шақырып, әдебиет, шығармаларым бойынша сұрақ қойылатын болса онда мен жазушы ретінде жауап беремін. Жалпы, мына нәрсені түсініп алу керек. Әдебиет пен журналистика деген жеке-дара жатқан тұтас әлемдер, образды түрде айтқанда ауыл шаруашылығы секілді бір-бір сала. Ауыл шаруашылығының мал шаруашылығы, аграрлық шаруашылық, балық шаруашылығы секілді салалары көп қой. Сол секілді әдебиет пен журналистиканың да ішкі саласы, бір-бірімен қосылмас арналары көп. Мен соның бір-бір арнасынан ғана ат суарып жүрген адаммын. Мысалы менен жалпы журналистика туралы сұрамаңыз, менен теле журналистика, оның ішінде ақпараттық, танымдық бағдарламалар туралы сұрасаңыз бірдеме айта аламын. Өйткені, менің дайындығым сол бағытта,  телеарнаның осы қапталында қызмет еттім. Сол секілді әдебиеттің де көп дүниесін біле бермеуім мүмкін, бірақ бір нәрсені білемін. Ол – көркем проза. Оның ішінде әңгіме, хикаяттар, романдар. Әңгіме жазу бөлек, роман жазу бөлек. Әңгіменің тілімен роман жаза алмайсың, мұны жазушылар ғана түсінеді. Ақындар түсіне қоймас. Поэзияның да кейбір жықпыл-жықпылы маған беймәлім, өйткені мен ол жақта  тек оқырманмын. Оқырман болған соң менің пікірім де оқырмандық деңгейде ғана, сарапшы ретінде сөйлеуге қақым да құлқым да жоқ. 

АЛАТАУ: – Сөзіңізге қарағанда роман жазып жатырсыз-ау?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Бастадым, бірақ аяқтай алмай жүрмін. Тарихи тұлға жайлы дүние еді,  жүгі ауыр екен.  Әңгіме шағын болған соң жұмыстан қол босағанда тиіп-қашып болсын аяқтап тастауға болады. Ал романға тапжылмай отыру керек екен. Ақындар шабыт деп жатады ғой, жазушыға бап керек. Ол бап деген ең әуелі шығармашылық көңіл-күй, шығармашылық хәл. Соған бір еніп алсаң өндіртіп жазуға болады. Өкініштісі ене алмай жүрмін, енсем де шығуым тез,  сол бапты тұрақты ұстай алмай келемін. Таңертең бастықтың жиналысына қатысып, онан соң тілшінің мәтінін тексеріп, бағдарламаңды монтаждап, өйтіп-бүйтіп жүргенде әлгі шығармашылық аураны жоғалтып аласың. Оған қайта кірігу үшін қайтадан сағаттап отыру керек. Өзім негізінде бір істі бітіріп барып, екіншісінің жалына жармасушы едім. Сол бастап қойған роман бүгінде мені басқа тақырыптарға жібермей тұр.  Шағын әңгімелерді түрткен боламын, бірақ ананы аяқтау керек деген ой әркез кеудені тоқпақтайды да жатады. Ол не бітпеді, не мені басқа тақырыптарға жібермеді. Осылайша бір тақырыпта  екі жылдан бері айналсоқтап жүрген жайым бар. 

АЛАТАУ: – Бүгінде «Жетісу» телеарнасында бөлім басшысы ретінде еңбек етіп жатырсыз.  Арнадағы қауырт жұмыстар жеке шығармашылықпен еркін айналысуға  қандай да бір  қиындық тудырып жатқан жоқ па?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Джек Лондон деген америкалық жазушы бар. Сол кісі «Мартин Иден» деген романында «Редакторлық жұмыс жазушы үшін әдеби өлім» дейді. Келісуге болады. Жазушы болып қалыптаспай тұрып редакторлық қызмет істесең, ол саған пайдалы болады, сөзсіз. Әлгінде сөз басында айттым ғой, менің жазу стилімді, сөз саптауымды қалыптастырған журналистика деп. Ал, жазушы болып қалыптасып алып,  журналистикада жұмыс істесең онда ол шынымен де  «әдеби өлімге» әкеліп соқтыратын секілді.

АЛАТАУ: – Сіз  секілді болсам дейтін  кейінгі толқындарға қандай ақыл-кеңесіңізбен бөлісер едіңіз?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Біз жіберген қателікті жібермеңдер дегім келеді. Ол қандай қателік десеңіз, басында айтқанымдай ғой. Студент кезімде оқи алмадым деп.  Қарап отырсақ әр нәрсе өз уақытымен. Студенттік шақ – оқитын,  білім жинайтын,  болашақ кәсібіңе дайындалатын кезең. Бұл кезде адам оқитын дүниені оқып тастау керек. Әдебиетші, жазушы немесе журналист болғың келе ме, онда қазақ қаламгерлерінен бастап, Батыс пен Шығыстың бүкіл мықтыларын түгендеп шық. Үлкен қормен, дайындықпен кел.  Дизайнер болғың келе ме, онда сол сала бойынша жазылған еңбектерді ақтар, жаңалықтарды біл, ізден, үйрен. Өйткені оқу-білуге берілген бұл уақыт қайтып келмейді екен.  Қазақ «кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ» дейді. Бүгін оқымаған дүниені ертең оқи алмайсың, өйткені ертеңнің өз мәселесі шығады. Бізде студенттердің көбі ата-анасына жәрдем қылу үшін жұмыс істейді,  бізге де 3-4 курстың қыз-жігіттері жұмыс сұрап жиі келеді. Солардың біразын «кітапханаға барыңдар» деп қайтарамын. Өйткені олар жұмысқа тұрғаннан кейін кітап оқуға мұршасы болмайды. Оқыса да тиіп-қашып оқыр,  бәрібір студент кезде оқымағанына өкінеді. Жұмыс деген не, ол ешқайда қашпайды, жұмыс істеп үлгереміз, дипломды қолға алған шақтан бастап зейнетке шыққанша қырық-елу жыл жұмыс істейміз қарап тұрсақ.

АЛАТАУ: – Сізді қоғамдық жұмыстардан көп көреміз. Бір жыл бұрын  «Janr» деп аталатын әдеби клуб құрылып, соған жетекшілік етіп келесіз. Клубтың  жұмысы жайлы да айта кетсеңіз.

Есболат АЙДАБОСЫН: – «Janr» әдеби клубына Талдықорғандағы 45 жасқа дейінгі жас қаламгерлер мүше. Мақсаты – әдеби жобаларды жүзеге асырып, өңірдегі әдеби-шығармашылық процеске серпін беру. Клубтың құрылуы пандемия кезеңімен тұспа-тұс келді де, көп жоспарымызды іске асыра алмай қалдық. Дегенмен қам-қарекетсіз қалған жоқпыз. Алматы облысы мәдениет басқармасының қолдауымен жыл мезгілдерінің әрбіріне арнап «Жапырақ жауған күз», «Ақпанда жауған ақ қарлар», «Біз күткен көктем» деп аталатын әдеби-сазды кеш өткіздік. Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдығына арнап ақынның өлеңдері мен шығармашылығын талдаған ғылыми монографияны топтастырып кітап қылып шығардық. Сонымен бірге өзіміздің мүшелеріміздің кітабын шығаруды бастадық. Биыл қазақтың қабырғалы қаламгері, классик жазушы Сайын Мұратбековтың 85 жылдық мерейтойы. «Janr» клубы мен С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана Ескелді ауданының әкімдігінің қолдауымен «Жусан иісі» атты әдеби байқау жариялады. Бәйгеге тура 100 шығарма келіп түсті. Қазіргі уақытта қазылар оқып, бағасын беріп жатыр. 25 қараша күні бәйгіде озып шыққан жүйріктерді марапаттаймыз. Бұйырса бұл байқауда жүлде алған шығармалар мен жақсы әңгімелерді жинақтап кітап қылып шығарсақ деген ойымыз бар. Сонымен бірге «Жусан иісі» байқауын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.

АЛАТАУ:  –  Кез келген мықты ердің  артында ақылды әйел тұрады. Сіздің де есіміңіздің ел ішіне  танылуында  Құдай қосқан жарыңыздың да өзіндік үлесі бар деп ойлаймыз. Отбасыңыз жайында да қысқаша айтып өтсеңіз?

Есболат АЙДАБОСЫН: –  Әйелімнің есімі – Гүлмира. Екеуміз бір университетте білім алғанбыз, бертінде бір жерде жұмыс істедік, бүгінде бір үйде тұрып жатырмыз. Бұрын өлең жазатын, кейіннен ол өнерін қойды. Дегенмен әдебиеттен бір адамдай хабардар. Менің бүкіл шығармаларымды әуелі сол оқиды, соның сынынан өткен соң барып өзгелерге көрсетемін. Көп балалы ана деген куәлігі бар, қазір жеке кәсіппен айналысады. Балаларым әлі кішкентай, алды алтыншы сыныпта оқиды, кішісі үш жаста.

АЛАТАУ: – «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» деген ғой қазақ атамыз. Осы жасыңызға дейін біраз еңбектеніп, журналистика саласымен қатар  әдебиет әлемінде де өзіндік орныңызды қалыптастырып үлгердіңіз. Отыз бен  қырықтың айырмасын сезіне алдыңыз ба? 

Есболат АЙДАБОСЫН: – Қырықты әлі сезініп үлгермедім, бірақ бір байқағаным адам үшінші мүшелінде рухани бір түлейді екен. Қазақтың ақыл тоқтататын жас дейтіні осы кезең. Мұны маған марқұм Бейсен Құранбек ағам айтып еді, расымен де өзімнің ішкі жай-күйімнен осыны байқадым. Бұрын өзім жайлы пікірім құбылып тұратын, көбіне-көп сырттың пікіріне тәуелді едім. Біреу мақтаса шынымен сондай екенмін деп сеніп қалатынмын, біреу даттаса кәдімгідей тауым шағылып қалушы еді. Үшінші мүшелден асқалы сол комплекс жоғалған сынды. Қазір кім не десе де қозғалмайтын болыппын. Мақтаса да, даттаса да «өз сөзі өзінікі» деп отыра беремін. Әрине эмоция танытып, жақсы сөзге ілтипат, теріс пікірге қарсы жауап береміз ғой, бірақ жүрекке жақын алмаймын. Елдің айтқанына аса сеніңкіремеймін, өйткені өз орнымды білемін.

АЛАТАУ:  – Сонда сіздің орныңыз қайда?

Есболат АЙДАБОСЫН: – Жалпы әр адам өз орнын  білсе бізде көп нәрсе реттелер еді. Менің орным осы – шығармашылық. Әдебиет пен тележурналистика. Шенеуніктік менің орным емес, бизнес пен ғылым менікі емес. Мен қазір «елдің бәрі мемлекеттік қызметке тұрып жатыр»,  «ойбай маған да өсу керек» деп ұмтылар болсам онда адасқаным. Ол жұмыстар қолдан келмейді емес, келеді. Біраз ұсыныс та болған. Бірақ көңілім қаламады. Ал көңілің қаламаса ешнәрсе баянды болмайды. Адам өзінің көңілі қалаған кәсіппен айналысуы керек. Сонда ғана бір нәтижеге жетеді, ал Абай айтпақшы «әр нәрсеге әсемпаз бола берсек» өзімізді жоғалтып аламыз.

АЛАТАУ: –  Әлгінде Бейсен Құранбек ағамыздың атын айтып қалдыңыз. Әр адамның өмірінде  үлгі етер, жанына жақын жандар болады. Бұл кісі туралы не айтар едіңіз?

Есболат АЙДАБОСЫН: –  Ағалар көп қой, нағыз «аға» дейтін атқа лайығы аз. Сол аздың басында Бейсен ағам тұрады әркезде. Көп көмектесті. Қол көмегі, сөз көмегі, қаржылай қолдауы өз алдына үлкен өнегелер көрсетті, тәлім берді. Жасаған жақсылығын бұлдамайтын, басқалар секілді қарымтасын дәметпейтін, атың озса бірінші қуанатын, қызғанбайтын. Көңілің түссе алдымен қолдау білдіретін. Қай жағынан болсын ұстаз болды маған. Әлі күнге қандай да бір маңызды шешім қабылдар сәтте «егер Бейсен ағам болса осындай кезде не істер еді?» деп өзіме-өзім сұрақ қойып аламын да, соның жауабына сай әрекет етемін. Бірде «сен жазушысың, білуге міндеттісің» деп, өзіне бір адамдардың жасаған аярлық әрекеттерін айтты. Бәрі танымал кісілер. Мен «енді сіз де қарымтасын бермедіңіз бе?» деймін ғой шыдай алмай. «Әй, батыр, мен ағаларыммен алыспаймын ғой» деді. «Көрген жерде бірінші болып амандасамын, хал-жағдайын сұраймын, есесіне бетім ашық, көңілім жай. Ал олар қысылады, сол кездегі әрекетіне өкінетін шығар» деді. «Ағаларыммен алыспаймын» дегені маған да сабақ болып келеді. Ол кісі ізгі мінездің энциклопедиясы секілді құбылыс мен үшін. Оның тұла бойы – адамды жақсылыққа жетелейтін қасиеттердің қоймасы. Байыппен қарасаң бір басынан бәрін табасың. Шешім қабылдап, мінез танытар жерде – батыл, суық,  ақылға салар сәтте –  сабырлы,   ұлықтар мен бай-бағланның алдында бүгежіктеп жасқанбайтын өжет, өзінен атақ-дәреже, мансабы төмен жұртпен сөйлесе қалса – кеуде кермес қарапайым, жаурағанға пана болған қамқор. Қысқасы, данышпан Абай айтқан толық адам : нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраттың иесі еді. Сол себепті мен Бейсен ағама «Парасат» деп ат қойғанмын. Биыл өзінің журналистикаға алғаш араласқан жылдары жазған мақалалары мен сұхбаттарын топтастырып «Парасат биігі» деген кітабын шығардық. Өкініштісі, маңдайымызға сыймай кетті, жарықтық. Жаны жәннаттың төрінде шалқысын!

АЛАТАУ: – Әумин! Емен-жарқын сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен:  Арайлым  НҰРЖАПАР

Бөлісу: