Өркениеттің бастауы, берекенің астауы әз-Наурыз!

0
818

Күллі мұсылман қауымы үшін жыл басы Наурыз  – көктемнен басталады. Жердің тоңы жібіп,  күн мен түннің теңеліп, күн нұрына бөленген, тіршілік атаулының жанданған шағы бұл. Жуанның жіңішкеріп,  жіңішкенің үзілетін шағын  қазақ: «Көтеремнің аузы көкке жетсе, көксау да  өлмейді»  –  деп тәмсілдеткен. Өткенге салауат айтып, келер күннен береке мен тыныштық тілейтін бұл айтулы мейрамда  бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, мал-жанның амандығын біліп, аралары ажырап кеткен ағайындарды қайта қауыштыратын  әз-Наурыз  –  бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы.

Жер әлемнің түрленіп түлеген сәтінде, қазаны қайнап, қыстан аты арып, тоны тозып шыққан ағайынның мәре-сәре болатын төл мерекесі. Қайта оралған жыл құстарының боз торғайы шырылдап, бұлбұлы сайрап,  орман-тоғай  мың сайрамға  ұласып,  дархан даланың төсінде абыр-сабыр  күйге түсетін қауымның қорасында мал төлдеп, түйесі боздап,  қойы қоздап,  жылқысы кісінеп, танасы мөңіреп азан-қазан болған мезгілдің мейірбаны осы Әз-Наурыз! Атам қазақтың «Наурыз келді, құт келді» –  деп бұлақ көрсе көзін ашып,  ақ құйып,  ағаш егіп,  сыпырынып, жиналып барын киіп, бақанын қолына ұстап,  ұлттың  ырым-жоралғыларын жасап жататын уақыттың жұпар иісі бұрқырап, бейне бір жасыл түске енген кілемдей даланың самалы танауыңды қытықтайды.

Қош келдің, науат Наурыз!

Қош келдің, балауса көктем – Жаңа жыл!

Біреуім екеу болып, мал қосылды,

Қорама жүз-жүз  лақ, қозы толды.

Ызғарлы, қыс-зымыстан, суық кетіп,

Аспаннан күн күлімдеп, шырай  [қонды] енді.

Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,

Сай-сала күрілдесіп, суға толар!

Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,

Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.

Жаз исі бүгін келді, жан жайланды,

Кешегі көрген бейнет артта қалды.

Өмірге жаңа жолдар ашатұғын

Жаңа жыл – бүгінгі күн –жаздың алды.

– Қатын тұр, көжеңді ішіп, асыңды сал!

Келейін түске шейін мен жайып мал!

Жаңа жыл – шілде күні  – өмір басы,

Тойынсын бүгінгі күн жас балалар!

Бас қосқан: шалдар, жастар бөлек-бөлек,

Қамдаған үй қожасы мейрамды елеп.

Шараны шайқалдырып алып салды

Шалдардан енді бұған бата керек!

– Ақсақал, «илай-аумин» – батаңды бер,

Көгерсін көкірегінде ең кіші ел!

Бір малын келер жылға екеу қылып,

Кәсіпке жұмылмаған қалмасын ер!

Береке күннен-күнге таси берсін,

Кедейдің үстемдігі аса берсін!

Құдайдың не бергені қайырлы боп,

Ел өрлеп ілгері аяқ баса берсін –  дейді Мәшһүр Жүсіп бабамыз. Әулие бабамыздан асырып, біз не айтамыз, ағайын!

Парсы тілінен аударғандағы «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны береді. Әр елдің тілдік ерекшеліктеріне қарай, Наурыздың жазылуы мен айтылуы әрқалай:  Новруз,  Навруз,  Нуруз,  Невруз, Нооруз тағысын тағы да.

Мәдениеттанушы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор  Әсия Мұхамбетованың пікірінше, қазіргі кезде Наурыз аталып жүрген Ұлыстың ұлы күні – ежелгі тәңірлік күнтізбенің айнымас бір бөлігі. Өзінің зерттеу еңбектерінің бірінде: «Бүгінде 12 жылдық қытай немесе шығыс күнтізбесі ретінде көбірек белгілі. Тәңірлік күнтізбе  – көшпелі өркениеттің бастауы,  әрі көшпенділер қоғамындағы өмірдің барлық саласын реттеп, теңшейтін құрал болған», – деп жазады Әсия Ибадоллақызы.

Қазақтар оған  мүшел деген атау берген, бұған қоса күнтізбенің негізі болған 12 аңға сәйкестендірілген 12 жылдық кезең де – мүшел аталған.  Көшпенділер арасында мүшел өмірдің басты өлшемі болып танылғандықтан,  әр қазақ Тәңірлік күнтізбе жайлы айтарлықтай білімге ие еді. Бұл күнтізбе көшпенділердің дәстүрлі дүниетанымын,  рухани өмірін,  ұлттық мінез-құлқын зерттеудегі аса құнды деректер көзі болып табылады.

Жаңа күнді кіргізіп, жаңа өмірге жол ашып,  дүниеде бар жарық пен жақсылықтың күш-қуаты тасып, барлығы қайта жанданған Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Қазақтың әр шаңырағында береке-бірлік болсын!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ