АГРОӨНЕРКӘСІПТЕ МАМАН ТАПШЫ

0
1657

«Ауыл» партиясының Төрағасы, сенатор Әли Бектаев аграрлық секторда маман тапшылығы мәселесін талай мәрте мінберлерде көтеріп, билікке жеткізген болатын. Төрағаның айтуынша, ауылшаруашылығы саласындағы кадрлардың орта жасы 50-ден асса, ал мал дәрігерлері 58-60 жас аралығын құрайды. Әлемдік экономика шатқаяқтап, мұнай мен теңге құнсызданып тұрған шақта COVID-19 індетінің салдары азық-түлік дағдарысын туғызбауы үшін Қазақстанға жаңа аграрлық саясат қажет. Дәл осы түйткілді мәселе төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында аграрлы сала маманы, экономист Атамұрат Шәменов ауылшаруашылығы күні бүгінге дейін ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айнала алмағандығын жеткізген.

Экономистің пікірінше, жаңа аграрлық саясат ауыл шаруашылығы саласын дамытудың «бархат революциясы» болады. Өйткені аграрлық салада қазір  атқарылып жатқан жұмыстарды бұзбай, бағытын ғана өзгертеді. «Бірінші кезекте азық-түлікпен ішкі сұраныс қамтамасыз етіледі. Бұл әлемдік дағдарыс кезінде ел экономикасын тығырықтан шығарудың тура жолы болады», – деді А. Шәменов. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету аграрлы салаға тиесілі міндет болса, аграрлы сектордың ел экономикасы мен әлеуетіне де айтарлықтай үлесі зор. Облыс әкімінің өзі А. Баталов «Облыс экономикасының драйвері – агроөнеркәсіп кешені» деген болатын. Өңір басшысы тұрғындар алдындағы есепті жиында «Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі Алматы облысында бір трлн. теңгеге, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2,8 млн. теңгеге жетеді», — деп мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, Алматы облысы құс еті мен жұмыртқа өндіруде көшбасшылар қатарында екендігін, құс етін экспорттау соңғы үш жылда 2 есе өскендігін атап өтті.
Десе де, жыл сайынғы қар астында қалатын қант қызылшасы мен жүгері, соя сынды дақылдардың шығыны шаш етектен. Шаруалардың айтуынша арнайы несиемен алынатын жаңа техникаға қойылатын кепілдеменің құны техника бағасына жетпейді. Республика көлеміндегі ауыл шаруашылығы өндірісінің кең ауқымда дамыту мүмкін болмай тұрғандығының себебі де осы. Аграрлы саланы жетілдіруге арналған банк несиелеріне қол жеткізу күрделі мәселеге айналды. Осылайша еліміздегі ауыл шаруашылығына несие және инвестиция тартумен қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.Әлемнің дамыған елдерінің аграрлық секторына жаңа технологиялар жиі енгізілуде. Бізде техника мен технология тапшы, жол қатынасы да нашар. Бүгінгінің басты құралдарының бірі интернет те ауылға дұрыс барып тұрған жоқ. Міне, осы көп жетіспеушіліктің арасында ауыл шаруашылығының алғы шебінде нақты еңбекпен шұғылданып отырған адамдарда заманауи ғылым мен білім жетіспеушілігі уақыт өткен сайын байқалып келеді.
Отандық аграрлы сектор саласын әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік мол. Соны ескерсек, бұл салада бағы темірге байланған техниканың ғана емес, озық интеллект иесі адам ресурсының, соның ішінде жас мамандардың күші де керек-ақ. Жыл сайын орта есеппен 5000-ға жуық түлек аталған мамандықты игергенімен, оның жартысы өз мамандығына сай келмейтін жұмыстарда жүр. Кейбірі тіпті жұмыссыз.«Аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дан астамы қыз балалар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп егін егуге, қорада жүріп мал баптауға бармайтыны айдан анық» дейді Әли Бектаев. Қазақстан халқының басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы ауыл аймақтарымен тығыз байланыста екені баршамызға мәлім. Солай бола тұра, қалалық жастарды айтпағанда, ауылда туып-өскен мамандардың өзі аграрлы салаға бет бұруға ынтасыз. Сондай-ақ, депутат ауылдық өңірлердегі мамандардың жалақысы мәз емес екендігін және әлеуметтік проблемалары көп екенін де атап өткен болатын. Осы сауал төңірегінде Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасына хабарласып, әкімшілік бөлімінің басшысы Күлімхан Шәкенқызымен тілдескен болатынбыз:
– Кадр тапшылығы мәселесі байқалады. Әсіресе, агроном мен зоотехникке үлкен сұраныс туындап отыр. Ауылшаруашылығы саласын мықты меңгерген заңгерді де таба алмай отырғанымызға 2 ай болды. Қазірде жұмыс атқарып жүрген мамандардың жасы ұлғайды, алды зейнет демалысына кетті. 30-40 жас аралығында конкурсқа келетін үміткерлердің көбінің мамандығы – қаржыгер, эконоимст. Бізге олар жарамайды. Ауылшаруашылығы саласында білім алу бойынша грант бөлінісі де дұрыс жолға қойылмаған. Грант Білім және ғылым министрлігі тарапынан емес, Ауылшаруашылығы министрлігінінен тағайындалса дейміз. Себебі министрлік қай өңірде қандай маман тапшы екенін жақсы біледі. Басқармада су шаруашылығы, мал, егін, тұқым шаруашылығы сынды бөлімдер бар. Осы секілді қызметтерге де кадр тапшылығы байқалып қалады,– дейді.
Бүгінгі таңда ауыл жастарының әлемдік деңгейде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына кем тартылуы мәселеге айналды. Осы орайда үздік жобалардың бірі ретінде Елбасының тікелей бастамасымен іске асқан «Болашақ» бағдарламасын атауға болады. Бағдарлама аясында 25 жылдың көлемінде 10400-ден астам жастар шетелдегі озық университеттерді тәмамдап, түрлі салаларда қызмет жасауда. Әрине, бұл мемлекетіміздің алтын қоры, болашағы және үлкен жетістігі екендігіне шүбә келтірмейміз. Алайда, «болашақтықтардың» 21%-ы ғана ауыл балалары. Ал ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша 102 түлек қана оқу бітірген, соның 16 стипендианты бүгінгі таңда білім алуда. Агроөнер­кәсіптік кешенді реттеу мәселе­лері бойынша  заң­на­маға тиісті өзгерістер енгізілген. Осы­ған сәйкес аграрлық сала бойынша грантпен оқитын түлектер бұдан былай меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерлерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Жұмыс істеу өңірін анықтау бойынша шектеулер жойылған.
«Ауыл жастарын мал шаруашылығына тарту қиындап кетті. Сондықтан жайлымдық мал шаруашылығы мен мал бордақылау кешендеріне жастарды жұмылдыру үшін бригадалық формалар мен вахталық қызмет түрлерін енгізген дұрыс», – дейді экономист. А. Шәменовтың айтуынша, бос жатқан жерлерді айналымға енгізіп, ауыл шаруашылығы кооперациясын құруға ерекше назар аудару қажет. Бұл жөнінде «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» КеАҚ басшысы Төлеутай Рахымбеков те бас­ты проблема – өндіріске ғылыми-зерт­теу­лер нәтижелерін ілгерілетуге ықпал ететін инф­рақұрылымның, инновациялық жүйенің тиісті деңгейде болмауы екендігін атап айтқан еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: аграрлық сектор қарқынды дамуы үшін әлемдегі озық білімді меңгерген жастар бұл салада жұмыс істеуі керек. Тура мағынасында да, жанама мағынасында да «Екі қолға бір күрек ұстар» сәт туды.

Д. БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ