Адам аласы сыртына шықты

0
1920

Әр күн сайын елді елең еткізетін оқиғалардан көз ашпайтын болдық. Алматы мен Астана жұрты күн аралатып митинглеткіш болды. Ұстап жатыр, қамап жатыр, айыппұлын арқалап шығып жатыр. Ащы ішекше шұбатылған не бітпейтін, не өнбейтін дау. Бұған бола біреуді кінәлаудан аулақпыз. Әркімнің өз шындығы бар. Шындық демекші, ақиқатын айтқансып, ел ішін ала тайдай бүлдіргісі келетіндер бар. Соның көбісі әлеуметтік желіден шығып жатыр. Интернет алысты жақындатып, жақынды алыстатты дегенімізбен, жақсылы жаманды дүние сонда қатар өрілуде. Соңғысы басым болып бара жатқандай…

«Жолдас көп. Кім қаншаға баратыны жол айрығында көрінеді» – деп Ғабиден Мұстафин айтпақшы, қазір жол айрығына жетпей кім екенін көрсеткен адамдар пайда бола бастады. Әсіресе, өз ішімізден. Жаулығын ашық та айтып жүргендері бар. Кейбірі тіпті өз қаракөздеріміз. Мемлекеттігіңді мойындамай, оның ардақ тұтар айбарын табанға таптаса басқанікі басынғандық, ал, өз қазағымызға не жорық? Оқырманға түсінікті болу үшін басынан бастап айтайық. Өткен аптада украиндық журналистке ұлтаралық араздықты қоздырған және сепаратистік пиғылын ашық білдірген екі азаматтың бейнебаяны кеңінен тарады. Соның алдында ғана қазақтың киелі домбырасын жерге бір  ұрып сындырған азаматқа қатысты мәселе көпшіліктің ашуын тудырған еді. Барлығы да кешірім сұрап құтылды. Тек біреуі ғана 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» – деген, енді есірмесе болды дедік те қойдық. Сол жайт басыла бергенде Қазақтың әнұранын мазаққа айналдырғандар шыға келді. Өз тілдерімен айтқанда «Хайып жасап» хит болды. Конституцияда мемлекеттік рәміздердің қорғалатыны анық жазылса да, олар осы қадамға ашықтан-ашық барды. Ал, осы бір-екі күннің ішінде қазақ дастарханының үстіне шығып суретке түскен фотограф жұрттың қызу талқысына түсті. Ұлттық құндылықтардың атын атап, түсін түстеп тұрып қорғайтын арнайы заң болмағандықтан ешкім ештеңе істей алмады. Осындайда Ер Қайраттың «Мен алаңға Қазақ қыздарын қорлап жатыр дегесін бардым. Егер осы жағдай қайталанса ойланбастан тағы барар едім» — деген сөзі еске түседі. Рысқұлбеков баласын осылай сөйлетіп тұрған намыс еді. Ұлтқа деген шын жанашырлық еді ғой…

Мемлекеттік нышандарды қорлап, тұтастыққа нұқсан келтіргісі келетіндер заңның ең жеңіл жазасымен құтылып кетеді. Тіпті арасында заң құрығынан тыс қалатындары да бар. Үкіметтің бұған қатаң тиым салуға шамасы келеді. Бірақ, көп жағдайда үнсіз. Басбұзарларды жұрт өзі тауып жазалап жатыр. Бұл құқықтық мемлекет саналатын Қазақстан үшін ыңғайсыз жағдай. Халық осылай өз құқын өзі қорғаса, заңның үстемдігі қайда қалмақ?

Осы жағдай көрші Қырғыз елінде болса жағдай мүлдем басқаша болар еді. Мұндай сәтте олардың Жогорку Кенешінің депутаттары бірден атқарушы билікке талап қойып, заң жүзінде қатаң жауапқа тартуға ұсыныс жасайды. Өткен жылы «Dogs Fashion» шоуында  Қырғыздың  ақ қалпағын итке кигізгені үшін депуттаттар бірауыздан шешім қабылдап, ұлттық киімді қорғайтын арнайы заң қабылдап тастады. Жоғарыдағы келеңсіз оқиғалар бойынша журналистердің қойған сұрағына біздің «қалаулыларымыз» естімедім, көрмедім деп ат тонын ала қашты. Ел мүддесі аяққа тапталып, бүкіл халық шулап жатса да олар естімейді. Неге?…

А.НАЗЫМҰЛЫ.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ