Айна кірлесе, ел қайда қарап бойын түзейді?

0
985

Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде жемқорлықпен күресіп келеді.  Бірақ,  шығып жатқан нәтиже шамалы.  Дүние-мүліктерін  тәркілеп,  жоғары эшолоннан бастап,  жергілікті жердегі билік өкілдерін  бірінен кейін бірін темір торға тоғытты.  Алайда, айылдарын жиып жатқан шенділерді көрмейсің.  Керісінше  «мұрның барда бір сіңбіріп қал», – дегендей жұмсақ креслоға жамбастары тиер-тиместен пара алып  тұтылып жатса,  енді бірі тендерден  ауыл шаруашылығына  бөлінген  субсидиядан  жымқырып  жұтқыншақтарын  толтырып  әлек.  Қыл аяғы білім саласы мен денсаулық саласы да жемқорлықтың бел ортасында жүр.  Тіпті, балаларын бір мектептен, екінші мектепке ауыстыру үшін 500 долларға дейін пара алғандар туралы,  жемқорлықпен күресіп жүрген мекеме өкілдері  облыстағы бүкіл ауыл әкімдерінің бас қосқан жиынында айтқанда,  таңдай қаққанбыз.

Жемқорлықсыз қоғам құру көптеген мемлекеттердің басты мақсаттары. Алайда, ол оңайшылықпен жүзеге асып кетуі екі талай.  Жең ұшынан жалғасқандармен  сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бағытында Алматы облысында түрлі шаралар  үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазақстанда да жемқорлықпен күрес жұмыстары әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлем елдері сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей тәсілін әлі ойлап тапқан жоқ.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуді  жандандыру бағытында, әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заңды барынша күшейтуде. «Балық басынан шіриді», –  дегендей  елге тұтқа,  халыққа адал қызмет атқарады деген шенділердің өздері жемқорлыққа белшесінен батып,  қасықтап жиған абыройларын шелектеп төгіп, елге жеккөрінішті болуда. Бұл дегеніміз  –  экономиканың бір тетігін бұрап отырғандар  релісін істен шығарып,  қара басының қамын күйттегендер өздерінің ғана қолын бұлғап қоймай,  тамыр-таныстықпен   қаржы жымқырып, мемлекетті үлкен дағдарысқа алып келуде. Онсызда әлемді жаулаған  ковид-19  бен пандемия індеті алып мемлекеттердің экономикасын шайқап,  ірі-кәсіпорындарын тоқыратып жатқанда,  жең ұшынан жалғасқан сыбайластар,  қыл аяғы дәрі-дәрмектерге  бөлінген қаржыларға ауыз салуы,  жақсылықтың нышаны емес әрине. Сыбайлас жемқорлықпен күрес елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, қарапайым халықтың  әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне,  діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениетінің тамырына бойлап кіріп алды.  Қазір екінің бірінен сұраңызшы жұмысқа кіру үшін бір нәрсе бермесеңіз еш нәрсе шешілмейді  деп айтады.  Басында білім саласы туралы айтқанбыз,  сол білім ошақтарында тіпті,  еден жуушыға дейін жұмысқа пара беріп кіргендерін айтады.  Жемқорлыққа қатысты сан-салалы жұмыстар атқарылып, әр жиын сайын  сыбайластықтың түбі жақсылыққа апармайтынын айтып, жемқорлықпен шатылғандар туралы түрлі бейнесюжеттер көрсетіп,  тіпті шенділерді жемқорлар қамалған түрмелерге дейін алып барып көрсетті. Бірақ,  одан сабақ алған шенділер некен-саяқ болып тұр.  Не үшін  қоғам болып,  жемқорлықтың тамырына балта шабайық деп,  қызыл кеңірдек болып мәслихаттар өткізіп, мониторинг жүргізіп әлек болып жүрміз?  Қызметке келген жас толқындар ашкөздіктен аулақ болсын, жемқорлығы жоқ  таза мемлекет құрайық,  мемлекеттік қызметкерлер мемлекет қаржысына қол сұқпай,  халыққа адал қызмет етсін. Халықтың қамын күйттесін деп үгіттеп жатырмыз.  Алайда, мемлекеттік қызметкерлер жасы да,  жасамысы да  халыққа адал қызмет етіп қалайық деп емес,  керісінше  асап қалайық дейтін сияқты.  Мәселен,  Алматы облысында жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тарапынан 93 қылмыс тіркелген. Оның 67-і  сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар.  Департамент басшысы  Е. Мақажановтың  айтуынша,  тіркелген қылмыстардың басым бөлігін парақорлық және жымқыру фактілері құраған.

«Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 159 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса,  оның ішінде 22-і  бірінші басшылар :  облыстық маңызы бар  – 6, қалалық – 4,  аудандық – 11,  ауылдық  –   бір адам сотталған.  Оның ішінде 72 адам 142 млн.теңгеден астам сомаға айыппұлға,  2 адам бас бостандығын  шектеуге,  5 адам бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, сотты болыпты.  Іс жүргізу аяқталған қылмыстық істер бойынша  келтірілген   залал сомасы  3,6  млрд. теңгені құраған. Оның 3,5 млрд. теңгесі өтелді», –  дейді Ернар Әбсейітұлы соңғы он айда атқарылған жұмыстар бойынша берген ақпаратында.   Міне осы көрсеткіштердің өзі-ақ,  бір ғана Алматы облысында жемқорлықтың  қай деңгейде екенін көрсетіп тұрған жоқ па?  Егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті  жыл басынан бері осы қылмыстарды тіркемесе,  күшіктеген доңыздай бұл сыбайластық тамырын тереңге салатыны хаһ еді.  Жауапқа тартылған 159 мемлекеттік қызметкерлердің 22-і бірінші басшылар екенін аңғарсаңыз,  қулықтарына құрық бойламайтын  құлқынның құлы болып кеткен небір шенділерді көресіз. Осылармен қолды болған 3,6 миллиард теңгенің  3,5 миллиарды өндіріп алған сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне айтар мың алғысы бар шығар. «Оң көзің сол көзіңе қарауыл болсын», – демекші, бұл қылмыспен сыбайлас жемқорлық мекемесі ғана күресіп жатқан жоқ. Қалың бұқара болып, күресуде.  Алайда,  арам шөптей қаулап кеткен бұл індеттен, ашкөздік ырық бермей келеді.

Жалпы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, құқықтық статистикасын талдау көрсеткендей  есепті кезеңде анықталған әрбір үшінші қылмыс жергілікті атқарушы органдарға және оларға ведомстволық бағынышты мекемелерге  тиесілі болып шыққан.  Атап айтқанда,  мемлекеттік сатып алу саласына – 11 қылмыс,  денсаулық сақтауға – 4,  білім беруге – 11,  жер қатынастарына – 4,  ауыл шаруашылығына – 3,  сондай-ақ құрылысты жүзеге асыру кезінде – 4 қылмыс тіркелген.  (тендер, мемлекеттік сатып алу және т.б.)  Қазіргі уақытта 25 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды,  10 лауазымды тұлға бойынша айыптау үкімдері өткізілді.

Сонымен қатар,  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында азаматтық қоғам институттарымен тығыз өзара іс-қимыл маңызды рөл атқаратындығын мәлімдейді.  Бұл орайда  «Жетісу – адалдық алаңы» арнайы мониторингтік топ және ақпараттық-ағартушылық штабы тарапынан жүзеге асырылған жобалар оң нәтиже берген. Сондай-ақ, облыс тұрғындарына кеңестер берілетін  «Antikor Live» жобасы аясында  ҚР  Парламент  Мәжілісінің депутаттары Жанна Тельпекбаева,  Әлия Әбсеметова және Мақпал Тәжмағанбетованың қатысуымен тікелей эфир өткізілген. Бұл жоба қазіргі кезде халықты қызықтыратын өзекті мәселелерді талқылау бойынша тиімді диалог алаңына айналған. Департамент басшысы Ернар Мақажанов бүгінде Алматы облысында квазимемлекеттік сектордың 200-ден астам ұйымында комплаенс қызметі жұмыс істейтінін айтуда. Жыл басынан бері өтініштер бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен бес тұлға көтермеленіп,  олардың сыйақы мөлшері 1 миллионға жуық теңгені құраған.  Халық болып жұмылғанда ғана сыбайластықтың тамырына бір жола балта шаба алмасақ та  біршама тежеуге мүмкіндік туады.  Оны жоғарыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы  агенттіктің атқарған жұмыстарынан да көруге болады.

 

Әйтеседе, жемқорлықпен белсене күресу үшін, экономиканы жандандыру барысында және ауқымды әлеуметтік  түрлендіру мақсатында да мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігі айтылып жүр.  Айла-шарғысы  таусылмаған  алаяқтар мен қолдарының жымысқысы бар жемқорлар мен пара дәметуші және пара берушілердің жолдарын бөгеу барысында заңдарды әлі де қатайта түскен ләзім болар еді.

Түйіні тарқатылмай ең күрделі мәселеге айналған жемқорлыққа қатысты мәліметтерге қарасақ.  АҚШ бұл мәселемен өткен ғасырдың  60-70 жылдары бетпе-бет келіпті.  «Шейх» операциясы атымен тарихта қалған ФБР агенттері ірі шенеуніктердің,  конгрессмендердің,  штат губернаторларының кеңселері мен кабинеттерінде болып  оларға пара ұсынып,  адалдықтарын тексеріпті. Ақша көрсе көмейлері бүлкілдеген ашкөздер,  осы операциядан кейін өз мансаптарымен, жоғары лауазымды қызметтерімен қош айтысқан.  Міне, біздің елде жүзеге асыратын тағы бір тәжірибе осы. Ал,  ең қатал жаза қазіргі күнде  Қытай елінде қолданылады.  1980 жылдардың басында қатаң экономикалық қылмыс жасағандар үшін Қытай қылмыстық кодексінде «ату жазасы» күрт көбейген.  Қытайда сыбайлас жемқорлықпен шатылғандар өмір бойы  сотталу немесе өлім жазасын алады.  Ал,  Оңтүстік Кореяда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық туралы хабарлаған адамға анықталған сомадан пайыздық ақы төленеді.  Бір таңқаларлығы жемқорлықты хабарлаушылардың көпшілігі – заң бұзушылардың әріптестері болып шығады екен.  Жаңа Зеландиялық үлгіге зер салсаңыз,  мемлекеттік органдар қызметкерлері еңбекақысының  жоғарылығымен сипатталады. Онда бонустар мен мадақтау жүйесі кең қолданылады.  Біздің елде жаңазеландиялық үлгі  колданылып,  іске асырылып келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің тағы бір тиімді жолы  –  Сингапурлық жүйе.  Бүгінгі таңда  Сингапурде қылмыс үшін жазалағаннан,  ең дұрысы оның алдын алу принципі бойынша әрекет ету. Бұл елдерде сыбайлас жемқорлыққа айыпталушыға кінәсіздік презумпциясының принципі қолданылмайды,  ол өзінің кіріс көздерін түсіндіруге міндетті.  Ал,  Қазақстанда осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін ҚР Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінде дербес құрылымдық бөлімше – ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылған. Осындай құрылымдық бөлімшелер облыстық және оларға теңестірілген соттардың кеңселерінде бар. Аумақтық бөлімдердің қызметін үйлестіру және олардың алдындағы міндеттерді анықтау ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөліміне жүктелген. Алайда, сот саласындағы судьялардың да осы парақорлықпен шатылып жатқанын интернет желілерімен ақпарат құралдары көзге шыққан сүйелдей бадырайтып тұрып көрсетіп жатады.  Мұндайда  «өзің дүмшесің кімге үлгі болғандайсың», – деген халық мәтелі еріксіз ойға оралады.

Ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі мен оның аумақтық бөлімшелері І ҚБ­мен белгіленген міндеттерді орындауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде өткізеді.  Мәселен,  сыбайлас жемқорлық элементтеріне қарсы іс­қимыл, сондай­ақ, сыбайлас жемқорлық көріністері туындаған кезде азаматтардың жүгінуіне мүмкіндік беру мақсатында,  аумақтық бөлім бастықтарының азаматтарды күнделікті қабылдауын жүргізу механизмін  іске асыруда.  «Жемқорлық індет, онымен күресу міндет» – деп  айдарлап ат қойып,  жемқорлармен алысып келеміз. Бұл құбылысқа қоғамда қарсы.  Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заңын қабылдаған болатын. Тіпті, бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы,  трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл әлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды. Әлем елдеріндегі озық үлгілерді қабылдап, жемқорлыққа қарсы заң тармақтарын қайтайтып-ақ жатыр.  Алайда,  Республиканы былай қойғанда, бір Алматы  облысының  өзінде жемқорлықпен шатылып жатқан шенділердің санына қарап, «ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себеміз» – деген ой санаңды санға бөліп жібереді.  Ат үстінде жүргендер, «қанағат қарын тойғызады» – деген аталы сөзді плакатқа жазып,  қызметтік бөлмесіндегі қабырғаға іліп қойса,  бөлмелеріне кіріп шыққан сайын сол тәмсілге көздері түссе, қомағайлықпен өздері күрессе, мына қоғам баяғыда гүлденіп кетер еді-ау. Бірақ оны жүзеге асырып жатқан бір шенеунікті көрмедік.  Жемқорлыққа ерлер түгілі, нәзік жанды әйел қызметкерлердің көш бастап тұрғанын қалай жасырасың? Құлқын үшін торға қамалғандар бала-шағаларына «сендердің қамдарың үшін осы жолға түстім»,  – деп айта ма?  Табалаудан да, жазғырудан да,  аулақпыз. Алайда,  мемлекеттік қызметкер халықтың айнасы.  Ал,  айна кірлесе,  бұқара кімге қарап бойын түзейді.

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ