Алакөлдегі ауқымды істер

0
2182

 Жоңғар қақпасының берік қорғаны болған, желдің өтінде, шекараның шетінде тұрған Алакөл туралы айтсаң аңыз, жырласаң дастан таусылмайды. Қойнауы құт-береке, ырыс пен ынтымаққа толы аймақтың бүгінгі кескін-келбеті, облыстағы өзге аудандармен салыстырсаң оқ бойы озық тұр. Сәулеті мен келбеті жарасқан аудан, Алматы облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

Тарихына үңілсең 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы – Үшарал қаласы. Ауданда 80 мыңнан астам халық тұрса, оның ішінде 16 ұлт өкілі бар. Ауыл шаруашылығына тән барлық саламен айналысатын елдімекенде суармалы егін шаруашылығы қарқынды дамыған. Аудандағы пайдала-нылатын жер көлемінің аумағы 165,5 мың га, оның ішінде жыртылған жері 76,7 мың га, шабындығы 87,3 мың га, жайылымы 1,46 мың га. Бұдан бөлек, құрылыс, кәсіпкерлік және инвестиция саласында өзгелерге үлгі-өнеге болып жүрген аудан экономикасы жайлы ауыз толтырып айтуға болады.
Төрінен қонақ, белдеуінен ат кетпеген Алакөл ауданының бір шеті Шығыс Қазақстан облысымен, екінші шеті аспанасты елі Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан аудан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ары-бері өткен жолаушы да, іс сапармен жүрген адамдардың барлығы Алакөлдің айдынына жүзін жумай өтпейді. Басқаны айтпағанның өзінде, кеңестік кезеңнен бір түйір сыр тарқатар болсақ, ғарышқа жол салған ғарышкерлердің бәрі Алакөлдің маңындағы Жалаңашкөлде емделетін. Табиғаты тамсантқан, суы да, құмы да ем болған өңірдің «Ойжайлауын» көрген Абайдың әкесі Құнанбай қажы «Осындай жер жұмағын көрмей жүрген, Құнанбай шын соқыр екенсің ғой» деп айтыпты-мыс деген аңыз әфсәнә бар. «Елден елді, жерден жерді» бөлейік деп тұрған жоқпыз, бар мәселе айрандай ұйып отырған ауыл еңбеккерлерінің еселі еңбектерін мадақтап, жігерлеріне жігер қосу – қалам тарқан әрбір журналистің парызы. Өзге өңірлердің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Алайда, Алакөлдің экономикалық көрсеткіштерінің қай бағытын алсаңда оң динамиканы аңғарасың. Аудан еңбеккерлерінің тоғыз айда атқарған жұмыстарын саралап көрелік.

Аграрлық сала

Таңның атысы күннің батысы демей, бел шешпеген диқаншы мен малшы қауымның көрген бейнеттерін тілмен әсерлеп жеткізу мүмкін емес-ті. Ол үшін бір мезгіл кетпен мен қамшы ұстап, бірде егістік, бірде мал соңынан жүріп көру керек. Сонда ғана тынымсыз шаруалардың шынайы еңбегіне қанығасың. Олардың жанкешті еңбектеріне баға да бересің. Қазақ «көз қорқақ, қол батыр» дегенді тура осы шаруақорларға қаратып айтқан-ды. Енді, қысыр сөзді қымыздай сапырмай нақты атқарылған шаруаларға зер салып көрелік. «Аудан еңбеккерлері ауыл шаруашылық өнімдерінен 33875 млн. теңгені құрады. «Бұл өткен жылдың осы мерзімінен 110,4 пайызға өсіп, мал басының барлық түрі көбейді» – дейді аудан әкімі Әлібек Жақанбаев. Мал шаруашылығында 11560 тонна ет, 332 50 тонна сүт өндірілген. Жалпы өнеркәсіп саласы бойынша 81 70,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, заттай көлем индексі 100,6 пайызға орындалғанын айтқан аудан басшысы дәнді-дақылдардың егістік алқабы 84867 гектарға игерілгенін, оның ішінде 1063 гектарға қант қызылшасы, 36678 га дәнді дақылдар, 32058 га майлы дақылдар, картоп, көкөніс, 2600 га бақша дақылдары және 12471 гектарға азықтық дақылдар егілгенін айтты.

Инвестиция

Елдің тізгінін ұстап отырған әкімдердің іскерлігін көрсететін тағы бір көрсеткіш ол ауданға тартылған инвестиция көлемімен бағаланады. Бұл жағынан Әлібек Жақанбаев мырзаның аудан халқын жұмылдырса жұдырыққа, жайса алақанға айналдыра алатынын айқын көруге болады. Әсіресе, іскер азаматтардың басын ұйыстырып, аудан экономикасын қарқынды дамытуда өңірлерге тартылып жатқан инвестиция көлеміне қарап, оның өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда анағұрлым жоғары екенін көрсеткіштер айқындап тұр. Мәселен биылғы жылы аудан экономикасына 28953 миллион теңгенің инвестициясы тартылған. Ал, 2019 жылы бұл көрсеткіш 6888 миллион теңге болған. Демек, 131,2 пайызға өсіп, заттай индексі 129,2 пайызды құрап тұр. Тартылған инвестициялардың 16457 миллион теңгесі немесе 57 пайызы бюджеттен тыс қаражаттар екенін айқындап айтып берді.

Салық

Аудан бюджетінің бүйірін шығаратын салық түсірілімдері. Міндетті төлемдерді жинау үшін әуелі шаруалар мен кәсіпкерлерге кеңінен қолдау жасап, олардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін барлық жағдай жасалуы керек-ақ. Шаруасы дөңгелегендер тапқан табысының бір бөлігін мемлекет қоржынына салады. Мұның ішінде аудан бюджеті де бар. Ұйымдастыра білген ұтады. Бюджет қоржыны толық болса, ауданның тыныс-тіршілігі де артады. Әрине, республикалық және облыстық бюджетке бөлініп жатқан қаражаттар да бар. Солардың бәрін шашау шығармай, тиісті жеріне жұмсап, атқарылған шаруаларға қатысты салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жоспары 108,2 процентке орындалып 4349,4 миллион теңге болса, оның ішінде республикалық бюджеттің көлемі 1 216,9 миллион теңге ал, жергілікті бюджеттің көлемі 3132,4 миллион теңгені құраған.

Шағын және орта бизнес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерімен жергілікті орган өкілдеріне, әсіресе, ауыл-аймақтар мен елді мекендерде шағын және орта бизнесті ұлғайтуды ұдайы тапсырып келеді. Кәсіп бастаймын дегендерге кең қолдау жасалуда. Шынын айту керек ірі кәсіпорындардан гөрі шағын және орта кәсіпорындардың өндірген өнімдері анағұрлым сұранысқа ие екенін кәсіпкерлердің өздері де айтып жүр. Демек, сұраныс бар. Тек оларға қолдау көрсетіп, қанаттарын кеңге жаюға бар мүмкіндік жасалса, оларды несиелендіріп отырса, ел экономикасы да қарқынды дамиды. Бұл бағытта Алакөл ауданында шағын және орта бизнестегі белсенді 3071 бірлігі 48729,0 миллион теңгенің өнімін өндіріп, жергілікті бюджетке 1952,6 миллион теңге түскен. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 454,1 миллион теңгеге 13 жоба қаржыландырылып, туризм саласының дамуына бағытталған.
«Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына орай 132 миллион теңгеге 3 жоба қаржыландырылып, 1 жоба 2 миллиард 300 миллион теңгеге (ЖШС «Алакөл Агро») республикалық деңгейде қарастырылуда деген аудан басшысы ағымдағы жылдың 9 айында 7388 шаршы метр тұрғын үй кіріске алынғандығын айтып, аудан көлеміндегі құрылыс саласын да тілге тиек етті.

Құрылыс қарқынды

Аудан орталығы Үшаралда ғана емес, елді мекендерде имандылыққа шақыратын сәулетті мешіттер мен мәдениет ошақтары, тұрғын үйлер мен балабақшалар, спорттық нышандар бой көтеруде. Мұның бәрі аудан экономикасының қарқынды дамуының арқасы екендігін айтады аудан әкімі. Шынында да, құрылыс технологиясы таңдай қақтырады. Бұл бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан халықтың әлеуметтік саласын ұлғайтады. Аудандағы құрылысқа қатысты жұмыстардың көлемі 23 млрд. 496 миллион теңгеге жетіп, жылдық жоспар 124 пайызға орындалды. Ал, заттай индексі 180,4 пайызды құрады. «Ауыл ел бесігі» арнайы жобасы аясында 1117 миллион теңгеге Қабанбай ауылының ауруханасы (710,9 млн.теңге) мен мәдениет үйін күрделі жөндеу (171 млн.теңге) және ішкі 8 көшесін орта жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. Оған 235,2 млн.теңге бөлінді. Бүгінгі күнге мәдениет үйі мен 8 көшенің орта жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен барлығы 4 млрд. 492 млн. теңгеге 57 жоба қамтылып, жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Бағдарлама аясында барлығы 1207 жұмыс орны ашылып, оның 611-і жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастырылды, жоспар 99,6 пайызға орындалды. Жыл басынан 1-ші қазанға дейін бағдарлама аясында 3548,9 млн.теңге қаржы игеріліп, 79 пайызды құрапты. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарын таза ауыз су, жылу, жарықпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда екен. Елімізде ерекше назарға алынған мемлекеттік саясаттың бірі – қазақстандықтарды сапалы әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті жүктелген болатын. Осы орайда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Балапанов ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы (553,5 млн.теңге) мен Қабанбай ауылының су жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстары (53,6 млн.теңге) жүргізілуде. Сонымен қатар, Ақши демалыс аймағының ауыз су және кәріз жүйесінің құрылыстары жоспарға сәйкес атқарылуда екен. Ал екі бірдей нысанның құрылысын жүргізуге 2 млрд.теңге бөлініпті.

Жол мұраты – жету

Ауданымызға темір жол және автожолдар қатынайды. Соның басты көзірі автожолдар. «Жол мұраты жету» демекші, бұған дейін Талдықорғаннан Алакөлге жүретін күре жолдардың сапасы сын көтермей келді. Ол туралы сан сыни мақалалар жазылды. Бұл түйін де біртіндеп тарқатылып келеді. Аудан аумағында барлық авто жол 1448,3 шақырымды құрайды. Олардың 333 шақырымы республикалық, 534 шақырымы облыстық және 581,3 шақырымы аудандық маңызды жолдар. Биылғы жылы облыстық жолдарға 2 миллиард 217 миллион теңге және аудандық маңыздағы 5 елді мекеннің (Жыланды – 25,9, Үшарал – 50,9, Архарлы – 39 , Қабанбай – 24,2, Үшқайың – 12,7) жолдарын орта жөндеуге 152,7, Ақши ауылы көл жағалауына 247 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы» шеңберінде 13 ауылдың жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп (444,5 миллион.теңге), 2 елді мекеннің жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары күнтізбеге сай жүргізілуде (1 088,9 млн.теңге). Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» бағытындағы 184 шақырым және «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» бағытындағы 765 шақырым жол құрылысы іске асырылуда.

Халықты жұмыспен қамту

Басты міндеттердің бірі жұмыссыздықты жою. Бүгінгі қоғамда жұмыс істеймін деген адамға барлық салада жұмыс бар. Өйткені, жекеменшік дәуір, яғни, капитализм. Әркім өзін-өзі жұмыспен қамту керек. Алайда, біздің қоғамда соны жете түсіне бермейтіндер де бар. Бізге екі қолға бір күрек тауып бер дейтін халықпен тығыз қарым-қатынаста болған соң оны да жүзеге асырып жатырмыз деген аудан әкімі жұмыссыздардың санын азайту мақсатында әрі халықтың әл-ауқатын көтеруге қатысты атқарған жұмыстарын ортаға салды. Бұл бағытта аудан экономикасының барлық саласында 2020 жылдың 9 айында 5150 жұмыс орны ашылғанын, оның ішінде тұрақты жұмыс орны 1660, жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайыз болып тұр. Ауданда жұмыспен қамтудың пәрменді шараларының бірі Нәтижелі жұмыспен қамту және  жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үш бағыты бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. 70 адам кәсіптік оқуға жіберіліп, 14 адамға 59,5 миллион теңге көлемінде несие берілді. Жастар практикасына 72 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 77 адам, қоғамдық жұмысқа 831 адам жіберілгенін айтты.

Білім, денсаулық. және туризм

Білімсіз күнің қараң. Экономика да, ішкі саясат та, идеология да біліммен жүзеге асады. Білімді адам қоғамды алға жетелейді. Бүгінгі кезең білімділермен бәсекеге түсу дәуірі. Құдайға шүкір білім жағынан жасөспірімдерге кең жол ашылған. Кешегі кеңестік кезеңде совет баласының шетелде білім алуы мұң болған. Тәуелсіздік алғалы кез келген қазақстандық жас әлемнің кез келген жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдап жүр. Аудандағы 44 мектепте 14605 оқушы дәріс алуда, 3 ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ. Мектеп жасына дейінгі балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы 100 пайызды құрайды. Үстіміздегі жылы Қайнар орта мектебі (514,5 ) мен Үшбұлақ ауылындағы «Безродных» атындағы орта мектебі (601,9 млн.теңге) ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді.

Ал денсаулық мәселесі бүгінде әлемді алаңдатып тұр. Елді жайлаған індеттен мектептердегі білім интернет жүйесіне көшті. Басты себеп халықтың денсаулығы. «Қандай ауру болмасын оның алдын алу және денсаулық саласын зам

анауи технологиямен қамтылуы қажет. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Аудандық ауруханада оттегі станциясы іске қосылып, 87 нүктеге оттегі тәулік бойы қамтамасыз етіледі. Осы күнге дейін бір балонды 3500 теңгеден сатып алсақ, қазір сағатына 6 баллон өздігімен толтырылып, оттегі ауруханаға жіберілуде. Құны — 76 млн.теңге. ATASAM/ OXL-600 маркалы бұл станция Түркия елінде жасалған.

Ал туризмді дамытуда нақты жобалар қолға алынып, тоғыз айда демалушылардың саны 798 мыңға жетіп, 4 млрд. 790 млн. теңгенің қызметі көрсетілді. 2,6 млрд. теңгеге 15 туристік нысан кіріске алынды», –деген аудан әкімі «

Алатау» қоғамдық-саяси газетін үнемі оқып отыратынын, ауданда бұл басылымның оқырмандары көп екенін айрықша атап өтті. Арнайы іс сапармен барған біз де аудандағы тоғыз айда атқарылған істердің көрсеткішін көріп, аудан еңбеккерлерінің жетістіктеріне риза болып қайттық.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ