Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар

0
2280

«Ат төбеліндей ғана ел едік», 19 миллионға жеттік деп бөркімізді аспанға атып жүргенде, тағы да сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп барамыз.Жо, жоқ, бөлшектеніп дегенде теріс ұғым болмасын. Қазақстаннан қазақтар көшіп жатыр, оның басым бөлігі жастар. Сонда елдің тұтқасын кім ұстайды.

Статистикалық мәліметтерге қарасаң, өне бойыңды үрей билейді. Мәселен, 2015 жылдан 2019 жылдың қазан айына дейінгі аралықта Қазақстаннан жалпы 200 мың адам шетелге қоныс аударыпты. 2015 жылы 33,4 мың, 2016 жылы 37,8 мың, 2017 жылы 39,8 мың, 2018 жылы 45,6 мың, 2019 жылы 10 айда 44,3 мың елден кеткен. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жер жүзіне тарыдай шашыраған қазақтың көшін Қазақстанға бұрамыз деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Монғолия, Қытай, Иран, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінен көшіп келген қандастарымызға жағдай жасауды үкімет пен жергілікті билікке тапсырған-ды. Олардың көші-қон бағдарламасына көзқарастары ала-құла болды. Әлі күнге дейін Қытай мемлекетінен келгендер азаматтыққа толық қол жеткізе алмай, билік өкілдерінен тауы шағылып, ақпарат құралдарына мұң шағып жүргендері бар. Қазақтың басын бір тудың астына біріктіреміз деп жүргенде енді елден жаппай кетіп жатқан жастардың аяқ алысы шошытады. Тіпті елдің алдында жүрген өнер адамдары Түкиядан үй сатып алғандарын интернетке жаппай жариялауда. Болашағын шет мемлекетпен байланыстыратын жас толқындар аяқтары үзеңгіге тисе шетел асуға дайынбыз дейді. Бас-ты себеп, Қазақстанда білім алу ақысы қымбат, жұмысқа тұрудағы тамыр-таныстық, жалақаның тө-мендігі және қоғамды жайлаған жемқорлықтан жүректері шайыл-ған жас ғалымдар да шетел асып үлгерген. Біздегі қаулылар, заңдар қағаз жүзінде қатып тұр. Ал, іс жүзінде керағар. Елбасы мен Президенттің берген тапсырмаларын жергілікті билік құлақтарына да ілмейтін болған. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Солтүстік өңірлерді қазақтандыру бойынша Оңтүстіктегі жастарды сонда көшіріп, олардың әлеуметтік жағдайларын толық жасау шаралары шалағай болды. Салып берген баспаналары қыстың көзі қырауда жылымай, көк аяз болғанын айтып жергілікті билікке барса: «Сендерді мен шақырғам жоқ, ұнамаса кете беріңдер» деп доң айбат көрсеткенін көгілдір экран көрсетті. Міне, Қазақстанның ішіндегі ішкі жағдай. Осыдан соң көңілі қалғандар тіршілік қамын және болашағын сырттан іздемегенде қайтеді. Өзекті өртейтіні сол шетел асып жатқан жастардың 69 пайызы еңбекке жарамды жаста болып тұр. Өз елімізде де маман тапшылығы жетеді. Ал халық санының азаюы ел демографиясына кері әсер етпей ме? Тағы да статистикалық мәліметке сүйенсек еліміздегі 29-жасқа дейінгі жастардың 45-пайызы шетелге кетуге талпынады екен. Жастардың жаппай шетел асып жатқанынан хабардар болған Елбасы Н. Назарбаев та өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Тіпті «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кетіп, қайтып келмей қойған жас-тарда бар. Олардың кепілдікке қойған дүние мүліктері жастарға әсер етпеді. Қайбір жылдары баласының шетелде білім алуына кепілдік қойып, кері қайтпай қойғаны үшін мемлекеттің шығындаған ақшасын және кепілге қойған мүліктері үшін сотқа тартылған ата-аналардың жан айқайын да естігенбіз. Тағы да статискаға жүгінсек. Ресейдің жоғарғы оқу орындарында 69 мың, Қытайда 17,6 мың, Кореяда 1,6 мың Ұлыбританияда 1 мың жас білім алады екен. Демек, біздегі білімнің сапасы, әрі оқу ақысының жылдан-жылға шарықтауы жас-тардың болашағына балта шабуда деген пайым жасауға болады. Солтүстік өңірлердің жастары көбіне көрші Ресейге оқуға ынталы екен. Алдыңғы жылы Қостанайда мектеп бітіретін 4000 түлектің тең жартысы ҰБТ тапсырудан бас тартып, Ресейге жоғары оқу орындарына ақылы оқуға түскен деген ақпаратты көзіміз шалды. Осыдан екі жыл бұрын, елден жалақының аздығына байланысты жас ғалымдар кетіп жатыр деген дабыл қағылған-ды. Қазір осы тақырып ақпарат құралдарының бас тұздығына айналған. Қазір қаржысы барлар балаларын шет елде оқытуға құмар. Мейлі ғой, кім қайда білім аламын десе еркіндік өздерінде. Алайда, елден жаппай кетіп жатқан жастар Отан деген ұлы ұғымды неге жете сезбеді. «Ажат елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол»-тәмсілді олар неге сезінбейді. Сезінеді, бірақ, біздің қоғам жемқорлықтан көз ашпады. Жігері құмға айналған жастар «Отан» аман болсын деп болашағын шетелмен байланыс-тыруда. Бұл мемлекет үшін аса қауіпті үрдіс. Тоқырау жылдарында ауылдан қалаға жаппай кеткен жастар енді шетелге үдере көшіп жатыр. Бір кездері ауылда қалған кәрі құртаңдар сияқты, Қазақстанда егде жастағылар ғана қалып, жұтаған ауыл сияқты күй кешіп қалмасақ болғаны. Бұл кеңінен ойланатын шаруа. Елбасы бекер алаңдаушылығын білдірген жоқ.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ