Ауылдағы Фельдшер

0
1052

Науқастармен тікелей қарым-қатынас жасайтын мамандардың бірі – фельдшер. Олар күні-түні кезекшілікте де тұрады, ауырып жатқан науқасқа да жедел жетеді. Науқасқа алғашқы көмегін көрсетіп, ажалға араша болуға ұмтылады. Сондай жандардың бірі – 37 жылға жуық еңбек өтілі бар  Ақсу ауданына  қарасты Матай ауылдық ауруханасының фельдшері  Тамара ДИХАНБАЕВА.

Қаратал ауданына қарасты Жылыбұлақ ауылында дүниеге келген Тамара Төртбайқызы 1982 жылы мектепті бітіріп,  Талдықорған қаласындағы  медициналық училищесіне түседі. Аталмыш оқу орнында фельдшер мамандығы бойынша білім алады.

Айтуынша, кезінде  әкесі барлық қызын жинап алып, мамандық таңдауға байланысты өзінің ақыл-кеңесін беріп отырыпты. Бүгінде білікті маманның медицина саласында қызмет етіп  келе жатқанына 37 жылға жуықтаған.

«Әкем әрқашан бізге нұсқаушы болатын. Қандай да бір жағдай болмасын сол кісімен ақылдасып, бағыт-бағдар алып отыратынбыз. Оның айтқан кеңесінен кейін дәрігер мамандығына қызығушылығым артты. Кейін осы жолды таңдауды жөн көрдім. Ал қазір бұл мамандықты таңдағаныма мүлде өкінбеймін», – дейді білікті маман.

1985 жылы училищені бітіргеннен кейін еңбек жолын Қаратал ауданында медициналық пунктте фельдшер болудан бастайды. Ал, тұрмысқа шықан соң  жолдасының жұмыс бабына орай  Тараз қаласына ауысады. Осылайша жаңа өңірге қоныс аударған жас отбасы  қызметте ілгерілеп, жылдан-жылға биік белестерді бағындыра білді. Одан кейін отбасылық жағдайға байланысты жолдасының туған жері  Матай ауылына қоныс тебеді.  Мұнда келгенде өзінің мамандығы бойынша жұмыс болмай біраз жыл балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді. Тек 1996 жылдан бастап қана  ауруханаға жұмысқа тұрады. Содан бері бүгінге дейін үздіксіз еңбек етіп келеді.

Жас пен кәріге, жалпы күллі адамзатқа көмек қолын созып, ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей, жанына дауа, дертіне шипа беріп, сөзімен жанды елітетін білікті маманға қандай мақтау айтсақ та лайықты. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын оның атқарған жұмыстарына ұжымдастары мен ауыл тұрғындары дән риза. Соның арқасында жылдар бойы төккен маңдай терін ақтап, түрлі марапаттарға да ие болып келеді. Ақкөңіл, ашық жарқын мінезімен көптің көңілінен шыға біліп, зор құрметке бөленіп жүр.

Төрт баланың анасы Тамара апайдың сөзінше, балалары әке жолын қуып, темір жол саласын таңдапты. «Кенже қызым болашақ мамандығын әлі таңдаған жоқ. Кейде маған қарап ойланып қояды. Әрине, егер  менің жолымды қуып, еліне қызмет ететін абзал жанға айналса, тек қана  қуанар едім», – дейді ол.

Бүгінде талай жылдық тәжірибесі бар маманның жеткен жетістігі аз емес. Әріптестері арасында құрметке ие, көпке үлгі Тамара Төртбайқызына  ауыл халқының  денсаулығын жақсарту  жолындағы еңбегіңіз  жана берсін дейміз. Мерекеңіз құтты болсын, еңбегімен елге сыйлы абзал жан!

Арайлым НҰРЖАПАР

АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ