Аязда абай болыңыз

0
2199

Саршұнақ аяз қысып, арты бұрқасынды боранға ұласқан кәрі қыстың биылғы екпіні қатты. Тіпті тәуліктеп жауған қарды республикалық маңызы бар жолдарды бақылайтын мекемелер түгілі қала ішіндегі коммуналдық салаға жауаптылар қалың қарды тазалап үлгермеуде.

Солтүстік өңірлерде борандатып жауған қар құрсауы жол түгілі жеке тұрғын үйлерді басып қалғаны интернет желілерінде берілуде. Ауа райына байланысты алдын ала ескертулер жарияланды. Мәселен, қазақстанның бірнеше өңірінде 21-22 желтоқсан күндері кей аймақтарда жел, көктайғақ, бұрқасын болып, тұман түседі деп хабарлайды «Қазгидромет». Қызылорда, Ақмола облыстарында түнде ауа температурасы 21-26, Батыстан, оңтүстік-батыстан күшті жел соғып, кей жерлерде желдің екпіні 23-28м/с күшеюі мүмкін екенін айтуда. Табиғаттың тосын апаттарына сақадай-сай болу үшін, «ҚазАвтоЖол»ҰҚ» АҚ мен «Казахавтодор» ЖШС Алматы облысы бойынша филиалдарының хабарламасына сай 21 желтоқсаннан бастап «Алматы-Өскемен» республикалық маңызы бар автожолдың 588-ші мен 615-ші шақырымындағы барлық көлік жолдары жабылды деп хабарлап, Алматы облысының ТЖД-ті азаматтардың осы бағыттағы сапарлардан бас тартуды және 112 қызметі беретін СМС хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды.
Жаздағы шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздік шараларын ескермей, суға бату салдарынан ажал құшса, қақаған қыста, балық аулауға шығамыз деп автокөліктерімен аса қалың емес мұз айдындарға батуы, болмаса көктайғақта жол ережелеріне мән бермей қарсы бағыттарға сырғанап кетіп, қарама-қарсы бағытта келе жатқан көліктерге соғылып, адам шығынына жол берілуде. Мәселен, Алматы облысының құтқарушылары 21 желтоқсанда, Алакөл көлінде, Ұзынбұлақ учаскесіңде алты балықшыны құтқарып қалған. Анықталғандай, алты балықшы балық аулау кезінде екі автокөлікпен жұқа мұзға шығып кеткен, біраз уақыттан кейін мұз ажырап, бір көлік суға баткан. Ал, аман қалған алты адам жұқа мұздың бетімен өздігінен қозғала алмаған (бұл учаскесіндегі мұздың қалыңдығы 10-15 см). Осы төтенше оқиғаға, яғни, құтқару операциясына Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушысы, 1 жүзу құралы және 1 техникасы жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаментіндегі мамандардың айтуынша, қыстың-көзі қырауда балық аулауға шығатындар мұзда сақтық шаралары мен жүріс-тұрыс ережелерін назарда ұстау керек дейді.
Сонымен қатар қағида бойынша жіңішке және қатпаған мұзға шығуға, мұздың беріктігін аяқтың соққысымен тексеруге, мұзға тәуліктің қараңғы уақытында, (тұман, қар, жаңбыр жауған) және мас күйінде шығуға болмайды. Жұқа, жарылған мұзда қалсаңыз абайлап кері бұрылу және жағаға келген жол бойынша сырғымалы қадамдармен қайту керек. Бірақ, ескертпелерге зер салып жатқандар шамалы. Абайсыздықтан және сақтық шараларын ескермеудің соңы қайғылы оқиғаларға алып келуде. Мұзды суға түскен адам 10-15 минуттан кейін үсіп, 20 минуттан кейін есін жоғалтуы мүмкін екенін балыққұмарлар білуі тиіс дейді мамандар.
Қыс басталғалы бері, қар құрсауынан жолдарда тұрып қалған 21 техника шығарылып, 56 адам құтарылған. 22 желтоқсанда, Төтенше жағдайлар департаменті Сарқан ауданының Мұқан ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығының қыстағынан мал жаюға шығып, адасып кеткен (1988жылы туылған) шопанды құтқарған. Іздестіру мен құтқару жұмыстарына ТЖД және полиция қызметкерлерінен 16 адам, 6 техника, 3 іздестіру тобы жұмылдырылыпты. Қақаған қыстың ақтүтек бораны мен көктайғақ жолдары адам өміріне аса қауіпті болуда. Сондықтан, сақтық шараларын сақтап, абай болайық.

Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ


ПІКІР ЖАЗУ