Ақжүрек азамат еді

0
2627

Кеше ғана арамызда жүрген жайсаң да  атпал  азамат әрі  құдам  Оспанов Тұрсын Молдағалымұлы  туралы  естелік жазамын  деп кім ойлаған?..   Бойындағы барын туып-өскен жеріне арнап, еліне елеулі, халқына қалаулы, жұртына жұғымды болған, ақжүрек  жан Қаратал ауданына қарасты  Абай ауылында туып-өсті.

Азды-көпті ғұмырында жақсылардың жанында көбірек жүріп, шарапатын молырақ сезінді.  Қаратал ауданының су басқармасының төрағасы қызметін атқара жүріп, қоғамдық  жұмыстарға  бел сыбана  араласты.  Қаратал ауданы халқының сенімінен  шығып,  қатарынан төрт рет облыстық мәслихаттың депутаттығына ұсынылды. Халық қалаулысы облыстық мәслихаттың әр  сессиясында Қаратал ауданындағы  шешімін күткен түйінді мәселелерді көтере жүріп, қатарластары арасында  өз ұсынысын өткізе білуімен де ерекшеленді. Депутаттық сауалдарымен ауылшаруашылық өндірісімен шұғылданатын  ауыл азаматтарына да  көп көмегін тигізді. Өзіне жүктелген жұмысты  абыроймен атқарып, халықтың, басшылықтың  сенімінен шыға білді.

«Ұлық болсан кішік бол» демекші, ол  еш адамды жатсынбай,  үлкенмен де,  кішімен де тіл табыса білетін жан еді. Бойындағы  ұйымдастырушылық, елді шаруаға жұмылдыра білу қасиетімен  де  өзгелерден ерек  болды. Артында ел  айтып  жүрер  ізгілікті ісін қалдырған  Тұрсынның  еңбегі   еленбей қалған жоқ. Адал қызметі үшін Қаратал ауданының құрметті азаматы атанды, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерекелік медалімен,  «Қазақстан маслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан маслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен,  «Қазақстан даңқы» орденімен наградталды.

«Алла Тағала не берсе де адамның ниетіне береді» – деген,  жар таңдауда да еш қателеспеді. Өмірде жолы болған азамат текті ұрпақтан шыққан жоғарғы білімді Бақтылыны жолықтырып,  отау тігіп, Алланың  қалауымен өмірге   бір қыз бен  бір ұл  әкелді.  Ұлы да, қызы да жоғарғы білімді. Үш немере сүйіп, ата атанды.

«Тумақ бар жерде өлмек те бар» дейді  шариғат сөзі, шіркін бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе, өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді ғой. Тұрсынның арманы немерелерімді үйлендіріп,  құдалықта төрде отырсам дейтін. Амал нешік,  арманына жете алмады. Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шорт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті. Болжаусыз осы екен ғой өлім деген, күн бұрын көзге келіп көрінбеген. Тағдырдың жазуына, дегеніне көнбеске амал жоқ. Алланың әмірінен мықты әмір болсын ба. Ендігі күндерінде Тұрсынның шаңырағына қайғы бұлты үйірілмесе екен деп тілеген жұрттың тілеуі қабыл болсын дегім келеді. Атасының өмірінің жалғасы немерелері Әмір, Айдана, Айкүндердің өмірі шуақты қуанышқа толы текті ұрпақ болып өссін деп бір Алладан сұраймын.

Ал «Қайырлы істе қайыр бар» дегендей, Тұрсынның аудан жұртшылығына жасаған жақсы істерін халқы ұмытпасы анық.

 Барлыбек БАЙТАЙҰЛЫ


ПІКІР ЖАЗУ