Болса қарыз, өтеу парыз

0
1347

Көптеген адам қарыздан құтылу жолын емес қарыздан қарызға бату жолын іздестіреді екен. Ең алдымен қарызыңызды шамамен емес нақты білу мақсаттында қойын дәптерге тиын қалдырмастан тізбектеп жазып шығыңыз. Кімнен қашан алдыңыз, қанша қаражатын қайтардыңыз, қаншасы қалды? Мойындау арқылы сіз өзіңізді-өзіңіз қамшылайсыз.

Оңайлықпен ештеңе келмейтініне сеніңіз. Қазіргі таңда қаржылық сауаттылықтың аздығы мен тездетіп табыс табу көзін іздеушілер санының көптігіне байланысты қарыз саны өсуде. Мысалы, несие аларда қанша айға алғалы тұрғанын есептеп, пайыз мөлшеріне мән беріп тұратындар некен-саяқ. Бастысы, қанша жыл болса да, қолға ақша түссе болды, келісім шартты соңына дейін оқу былай тұрсын, басын оқымай қолтаңбамызды қоя саламыз. Несие алғанда мынаны естен шығармаңыз, ол тегін келіп жатқан дүние емес. Оны қайтарасыз, қайтарғанда пайыздық үстемемен қосып қайтаратыныңызды ұмытпаған жөн. Сонымен қатар ұялы телефоныңыздағы хабарламалар арасында орын алып, елді шулатып жүрген мына жағдайға тіпті сенбеңіз. «2000 теңге бересіз, артыңыздан 2 адам кіргізесіз сөйтіп, 15000 теңге тұратын көрпеге ие боласыз.» деген жұмысқа тарту мәтіні ғаламторды шарлап жүр. Көбі сеніп, қаражаттарын осы мәтінді құрастырып, өзінің алаяқтығын жүзеге асырып отырғандарға жұмсап жатыр. Қысқасы, инстаграм болсын басқа да сайттардан болсын келген хабарламаға сенбеңіз.
Қазіргі таңда, ел аузынан түспей келе жатқан әңгіменің бірі «миллионмен декретке шығу». Қазіргі жас аналар ойланбай келісім берері сөзсіз. Кәсібі болсын болмасын, дербес кәсіпкерлікті ашып алады немесе басқа адамның кәсіпорнына тіркеліп, зейнетақыға жəне әлеуметтік қорға аударым жібере салады. Өтіп кеткен айларға ақша жіберіп, босануға дейін алатын соманы əдейі көбейтіп алғаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша жауапкершілікке тартылатынын ойламайды, басты назарда «1 миллион теңге». Кәсібіңіз болса, дөңгелетіп миллион алыңыз. Кәсібіңіз болмаса, ай сайын қаражат құйып, мемлекетті алдаудың қажеті жоқ. 1 миллион теңгеге қол жеткізу үшін, ай сайын 43065 теңге салу үшін қиын дүние. Соны салу үшін де сіз қарыз деген нәрсеге жолауыңыз мүмкін. Бүгінгі оңай жолмен тапқан «1 миллион» теңгеңіз, ертең үлкен шығынға әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Тағы да қайталаймын сұрауы бар заманда тегін нәрсе жоқ.
Егер сіздің қарызыңыз көп болса бір жұмыс аздық етеді. Қарыздан құтылуға ниеттенсеңіз, жолдарын табасыз. Үнемшілдік, қанағаттышылдықты жолсерік етіп алыңыз.
Қарыз сұраушыларыңыздың хабарламасына жауап беріп, барлық қарызды қайтара алмасаңыз бөліп қайтару туралы келісімге келіңіз.
Несиеңіз бар болған жағдайда, айына 65000 теңге салатын болсаңыз, шамаңыз келгенше артығымен салуды мақсат етіңіз.
Дүкенге барған кезде керек заттарыңыздың тізімін жазып шығыңыз. Сол тізімнен артық нәрселерге қызығушылық танытпаңыз. Себебі, сіз қарызыңыздан құтылу үшін көп нәрседен бас тартуды ойлаңыз. Ешкімге қарыз болмай, тыныш ұйықтайтын күндерге асығыңыз. Сіз біреудің еңбекпен тапқан табысын қолдандыңыз, енді оны қайтармау әділетсіздік.
Қарызға итермелейтін жайттарды туралы қаржыгер Гүлмира Қарасайқызы өзінің жазбасында былай депті: «Біріншіден, «жұрт не айтады?» деген ойдан бас тарту керек. «Жұрттан ұят болады» деген нәрсе сізге қарызға апаратын жолды көрсетеді. Екіншіден, «өзгеде бар, менде жоқ». Міне, осы талап үлкен шығынға ұшырату мүмкін. Анада айфон 11 маркасы бар ал менде айфон 6 маркалы телефон. Маған лезде телефон ауыстыру керек. Сіз шығынға бату көрсеткішін көрсетуге үлес қостыңыз. Үшіншіден, санаңызда сіңіп қалған «қатардан қалмау». Сіздің қалтаңыз көтере ме, көтермей ме? Маңызды емес. Шетелге саяхат жасау, тойға лимузин жалдау сияқты дүниелер легіне жол ашып, өз өмірің үшін емес қарызды өтеу үшін өмір сүруге көшетін хәлге жетесіз. Қарызды болуыңызға ешкім кінәлі емес. Өзіңіз кінәлісіз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты кеңейтіп, қарыздан құтылу жолын іздестірген жөн».
Қалай десек те, қаржылық сауаттылықтың аздығынан қарызға батып жататынымыз белгілі. Алайда, қарыз алатын дәрежені емес қарыз беретін дәрежеге жетуге талпыну шарт. Жоғарыда айтылған әрбір сөзді оқып қана қоймай, қойын дәптер алып түртіп, әрекет жасасаңыз, бір кәдеңізге жарайтыны сөзсіз. Бастысы – ниет болуы тиіс.

А.ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ