«Бірде — бір бала тіркеусіз қалмайды»

0
1528

 Биылғы пандемияға байланысты білім саласы бірқанша реформаны қолға алды. Соның бірі ұлттық біріңғай тестілеу (ҰБТ) форматының жылдағыдан өзгеше өтуі. Тестілеу уақыты  жақындағанда оған толықтырулар мен өзгертулер енгізілуде. Бұл түлектердің көңіл күйі мен дайындығына ықпал етері даусыз.

 Биыл ҰБТ маусымның 22 күні басталып, 5 шілдеге дейін өтеді деп жоспарлануда. Елімізде шамамен 131 мың түлек және орта арнаулы білімі бар 21 мың түлек тапсыру ниетінде. Оның 11 мыңы Алматы облысынан. Биылғы тестілеудің өзгешелігі өтініштердің қағаз нұсқамен емес, онлайн түрде өткізілуі. Жобаны ұсынушылар бұл пандемиядан бұрын қағазбастылықтан арылудың бастамасы деп көрсеткенімен, жағдай олай болмай шықты. Сайттағы техникалық ақаулықтар, тіркеу шарттарының күрделі болуы сынақ тапсырушылар мен ата-аналарға қиын тюде. Әсіресе, интернет желісі әлсіз ауылдың мектеп түлектері амалсыздан қағаз нұсқамен тапсыруға мәжбүр болды. Осы мәселе бойынша «Жетісу» телеарнасының «Бүгін» хабарында берген сұхбатында Алматы облыстық білім басқармасы орта білім бөлімінің басшысы Айжан Адамбекова жаңа жоба ең алдымен ұстаздар қауымына тиімді болғанын айтады.

 «Онлайн тіркеуден өтудің маңызды тұсы мұғалімдердің жүктемесін азайту. Яғни, мектеп бітіруші түлектің құжаттарын мұғалімдер жинап өткізбейді. Бұл өз кезегінде пәленбай баланың құжатын жинап жүретін мұғалімдерге үлкен жеңілдік болды. Қазіргі таңда облыстағы тест тапсыруға ниетті барлық түлек тіркеліп үлгерді» – дейді білім басқарамасының өкілі.

 ҰТО жаңа жобаның мақтауын асырып, жетістіктерін тізіп көрсетуде. Онлайн тіркелу тест барысындағы заң бұзушылыққа қарсы тұратын бірден-бір амал. Мұндай үдеріс әлемдік тәжірибеде бар деп есептейді. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов тіркелу мәселесінде түлектерді  алаңдамауға шақырды. Сөзінше оларға жеткілікті деңгейде уақыт берілген. Тіпті қосымша уақыт қарастырылып, ұзартылған да. Бірақ, тіркелмей жайбасарлыққа салынып жүрген ата-аналар бар.             

  «Қазірге дейін 130 мыңға жуық өтініш келіп түсті, мұның ішінде қайталай тапсыруға ниетті түлектер мен биылғы мектеп бітіретін оқушылар да бар. Мен бірде-бір баланың тіркеусіз қалмайтынын ескерткім келеді. Дәл қазір осындай мәселесі бар жандар болса маған бірден шығып хабарласуына болады. Барлық әлеуметтік желіде тіркелгенмін, жазсын. Бір-екі күннің ішінде жауап беремін», –дейді ҰТО басшысы.       

 Осыдан бұрынғы жылдарда ҰБТ төңірегіндегі дауда кейбір мектеп басшылығының үлгерімі төмен балаларды автоматты түрде тестке жібермейтіні даулы мәселе ретінде көп көтерілетін. Аталмыш жобаны енгізушілер осы мәселенің алдын алудамыз деген пікірде. Енді кез келген бітіруші ҰБТ -ны өз қалауы бойынша тапсыруға мүкіндігі бар. Бұрыныдай електен өтіп, тестке тек жақсы оқитындар ғана барады деген ұстаным өзгермек. Бірақ бұған психолог Әсия Жазылова келіспейді. «Мектептер үлгерімі төмен оқушыны 11 сыныпқа өте бере сынаққа қатыспауға үгіттейді. Соның кесірінен қанша жерден өзі тапсыруға жол ашылса да, бала ұстаздарының айтқанын тыңдауға мәжбүр болады. Оның үстіне жылда, әсіресе, сынақ мерзімі жақындағанда жиі өзгеретін реформалық шаралар оқушы жүйкесіне салмақ түсіреді. Салдарынан, балалар дұрыс тапсыра алмайды, не тесттен өз  еркімен бас тартады».

 Жылдамдығы 4G интернет тұрмақ телефон байланысының өзі әрең ұстайтын ауылдардың барлығы онлайн оқытамыз деп жыл басынан желпінген биліктің көңілін су сепкендей етті. Бұл жақын болашақта 5G интернетін қосамыз деп отырған Алматы облысына да қатысты. Газеттің өткен сандарында осы мәселеге арнайы тоқталған болатынбыз. Облыстық білім басқармасының өкілі қазіргі таңда сабақты телеарна арқылы оқығанымен, тапсырмаларды қағаз түрінде тапсыратын өңір бойынша 7 мың оқушының бар екендігінен хабардар етті.

 ҰТО -ның арнайы шешімімен онлайн тіркелу мерзімі ұзартылған бір топ бар. Олар шеттен оралған этникалық қазақтар. Елдегі төтенше жағдай және карантин уақытының болуы, сонымен қатар шекара қызметінің тоқтауы оларға құжат өткізуге кедергісін тигізген. Сол себепті, аталмыш мекеме қандастарға жеңілдік ретінде артық бір апта мұрсат берген.

 ҰБТ -ға қатысатын балаларды қашықтықтан оқытуға байланысты төртінші тоқсан сабақтары тест сұрақтарында бола ма деген сауал алаңдатқан еді. Олардың пікірінше, төтенше жағдайға байланысты төртінші тоқсан сабақтарына дайындалу барысы былтырығдай болған жоқ. Сол себепті соңғы тоқсан сабағына тыңғылықты дайындала алмаған. Бұған да аталмыш ведомствоның өкілі жауап берді.

 «Нақтылап айтамын. Біз 11 сыныптың 4 тоқсанындағы тақырыптарды қарадық. Олардың барлығы — 9,10 сыныптарда, тіпті 7,8 сыныптарда өткен тақырыптарды қайталау ғана. Барлық пән бойынша солай. Сондықтан, төртінші тоқсанда жаңа тақырып жоқ, сәйкесінше сұрақтар да қиынға соқпайды. Оқу бағдарламасында жоқ сұрақ тестілеуде де болмайды, оның бәрін жіті тексеріп отырмыз. Ата-аналарға уайымдамаңыздар дегіміз келеді», – деді Дидар Смағұлов.

Бір қуанарлығы биылғы төтенше жағдай бітіруші түлектер үшін жаңа мүм­кін­дік­терді сыйлады. Мәселен, соңғы сынып оқушылары биыл кешенді аттестаттау емтихандарынан босатылды. Яғни аттестатқа пәндер бойынша жылдық қорытынды бағалары қойылады. Баса айта кететін мәселе, ҰБТ өткізу аралығы министрлік бекіткен уақыттан өзгеруі мүмкін. Мұны елдегі індет жағдайы белгілейді. Өткен жылдарда тестілеу бас аяғы бір аптаның ішінде бітсе, биыл созылатын түрі бар. себебі, пандемияа байланысты 150 адамдық аудиторияға 50 не 70 адамды ғана отырғызу жоспарда. Ал шалғай аудандарда мұндай мүмкіндік жоқ екенін ескерсек, бір аудиторияға он-он бес баладан ғана отырғызылады. Сәйкесінше, бұл тестілеу процесін ұзаққа созады. Ал, бұдан тест жауаптарының әлеуметтік желіде тарап кетуі де ғажап емес. Өткен жылдарда осындай дау тесттен кейін ұзаққа созылған. Онда тестке алғаш кіріп тапсырып шыққан түлектердің өзінен бір немесе бірнеше күн кейін тапсыратындарға қандай кітапшалардың, қандай сұрақтардың келгенін айту сынды фактілер жүз берген болатын.

Әлеуметтанушы Естай Бозжан ҰБТ -ға түбегейлі өзгеріс керек деп есептейді. Қазіргі қолданысқа еніп отырған жаңалықтар белгілі деңгейде ғана пайдалы. Шын мәнінде мәселенің түйіні басқа жақта дейді.

 «Билікте отырған реформа жасағыштар ҰБТ ғана емес, Білім саласын басынан бастап өзгертулері тиіс. Білімнің дауға айналуы жемқорлықтың кеселі. Соны азайту керек. Халықтың білім беру жүйесіне деген сенімін жоғарлатпай, ештеңе өзгермейді»,дейді әлеуметтанушы.

Жоғарыдағы мәселелер тек ҰБТ айналасындағы санаулы ғана дүниелер. Бұдан басқа да өзекті тақырыптар жеткілікті. Мысалы бір ғана тестілеуге калькулятор алып кіру-кірмеу мәселесінің өзі әлі басы ашық күйінде қалып отыр. Министрлік түлектердің жоғары инженерлік есептеу құралдарын енгізуі мүмкін деп бұған жол бермеуге тырысады. Ал оқушылар есеп шығару барысында калькуляторсыз көп уақытымыз зая кетеді деген уәж айтады.

Түлектердің тестен кейін психологиялық дағдарысқа түсуі жылда қайталанатын үдеріс. Мектеп психологы ҰБТ -дан кейін де өмір бар екендігін, бір сынақтан сүрінудің еш сөкеттігі жоғын оқушыларға жете түсіндіруі керек. Оның үстіне биылғы тосын өзгерістер бала психологиясына айтарлықтай ықпал еткені даусыз.

Р.S. Мақаланы жазуымызға ҰБТ-ға онлайн  тіркелуде қиындық көрген бірнеше ата-ананың өтініші себеп болды. Алайда бұл істі зерттеп, зерделеу үстінде олардың барлығының тіркеуден өткенінен хабардар болдық. Сол себепті келтірген мысалдарды алып, ресми органдардың ақпаратын пайдалануды жөн көрдік. Егер қозғаған мәселе бойынша оқырмандар тарапынан  нақты, дәлелді мысалдар болса, оны да жариялауға  дайынбыз.

А.НАЗЫМ.

Кілтсөздер:БІЛІМ


ПІКІР ЖАЗУ