«Бір адамның, бір адамның бақыты ол»

0
1411

Көк көйлекті көрікті көктем келді,

Аңсағаным осы еді көптен бері.

Құлазыған көңілді жадыратты,

Сары саумал кеудемнен өпкен желі

– деп ақындар жырлағандай, күн жылынып, жердің тоңы жібитін мезгіл де, жетті-ау! Наурыздың басы мерекемен басталып  айдың аяғына дейін  ұласады. 1  наурыз – Алғыс айту күні болса, 8  наурыз – Халықаралық әйелдер күні. 14  наурыз –  Көрісу , амал  айы. 22-і  күллі мұсылман қауымының  төл мерекесі.

 

Осы айтулы мерекелердің ең ажарлысы әйелдер мейрамы. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» нәзік жандыларға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Жалпы, әйел деген сөздің түп төркінін қаузап түбіне жете алмайсың. Сатираның жатып атарлары «Әйел» дегенді «Әй, ел болайық, бірігіп қауымдасайық» деп әзілдегені бар. Әзіл болса да астарында әйелсіз еркектердің күні жоқ дегенді меңзеп тұр.Отбасының алауы, шаңырақтың шамшырағы да осы әйелдер қауымы. Ол, аз десеңіз, «Еркек бас, әйел – мойын» деген қастерлі сөзді қайда қоясыз. Ақындар екі өлең жазса, бірін әйел қауымына арнайды. Онда махаббат та, сезім де астасып жатады. Сұлулығымен сұқтандырып, қылығымен қытықтап, бота көздерін төңкеріп қарағанда арбалмайтын алып жоқ. Дәлел керек пе, Қадыр Мырза-Әлидің мына өлеңіне қарсы айтар дауыңыз жоқ шығар.

Махаббатқа мың өртеніп,
мың күйіп,
Мөлдір көзге айналған бір мұң
құйып.
Көз дейміз-ау, көз емес ол,
талайды,
Тереңіне тартып жатқан
тұңғиық.

О! – дегеннен басқа қолдан не
келер!
Ол қараса орыныңа шегелер.
Кірпіктерін–Күн нұрынан суырып,
Қою түнге малып алған жебелер.

О, бозбала алынбаған мұрты әлі,
Оны көрсең жығыласың бір
талып.
Батырларды байлап-матап
тастауға,
Жетіп жатыр қара шаштың бір
талы.

Ғашық болсаң әрі суып, әрі ысып, Жаттым дей бер ертелі кеш
дәрі ішіп.

Қыпша белге жетпейді ғой,
жетсе бір,
Құмар құшақ қалар еді қарысып.
О, жігітім! Босамашы, босама,
Жалынғанмен жүрегін ол
тоса ма!
Анар емес – кеудедегі қос анар-
Бекжандар бұғып жатқан
Қособа!

Қайран сұлу күн келбетті,
Ай мүсін!
Көзін сүзбей қалады оған қай кісі?!
Бір адамның, бір адамның
бақыты ол,
Мың адамның, мың адамның
қайғысы! — дейді.

«Бір адамның бақыты, мың адамның қайғысына» айналған арулар жайлы, Ғ.Мүсірепов «Әйел біткеннің бәрі де өздерінен сұлуырақ көрінген әйелге жау келеді» – десе, Қазақ әйелін «жан жолдасым» – дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Отбасының берекесі де, мерекесі де, әйел. «Балалы үйдің базар болып жататыны» да әйел қауымының арқасы. Әлемнің бар асылын жинап, әйелдерге берсек те аздық етеді. Ерлердің қисық қабырғасынан жаралған десек те жанымыздың бір бөлшегіне айналған аруларды, аналарды, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құтықтаймын! Сіздермен қоғам гүлденіп, Сіздермен – Отан, отбасы нұрланады!

Айтақын МҰХАМАДИ

 

Кілтсөздер:МЕРЕКЕ


ПІКІР ЖАЗУ