Бір реттік тестен өту ақысы 750 теңге тиісті қаражатты шығаруға мектептің мүмкіндігі бар ма?

0
823

«БІЗГЕ ББЖМ /МОДО сынақ нұсқасынан компьютерде бір  реттік  тестен өту  ұсынылды. Оның  құны 750 теңге. Мектептегі 9 сынып оқушыларының бәрі түгелдей жинап өткізді. Ал, бұған Сіздер  қалай қарайсыздар? Бұл ұсыныспен келіссеңіздер, балаларыңыздан осы соманы беріп жіберсеңіздер. Келіспеймін десеңіздер оны да айтыңыздар?» деп ата-аналар  чатына біздің апай  жазыпты.

– Балам бастауышты бітіреді деп едің,  сендерге де  айтты ма?

Автобуста отырып екеуара әңгімелескен келіншектер  әңгімесі  тыныш отырған менің де көңілімді бұзды.

– Бұған еш ата-ана үн қатпады – деп жалғады сөзін әлгі келіншек. – Ешқайсысы келісетінін, не келіспейтінін айтып жазбады. Бірақ, барлық ата-ана баласынан айтқан ақшаны беріп жіберіпті. Біздікі  ертең апаратын болды. Өзгелерден бөлініп қала алмайсың ғой, балаң үшін өткізесің. Апайымыз жазғанда «мұны не үшін береміз» дегендер болмағанымен,  ата-аналар  чатында  өзара талқылағандар болды. Алайда, бәрі балалары үшін өткізді.

– Ондайды естімедім. Енді, өткізіңдер десе, балаң үшін өткізесің де – деді екінші келіншек  әлгінің сөзін қостап.

МЕН де ата-анамын. Бірақ,  «балаң үшін өткізесің ғой» деп бере салу, беріп алып,  артынан оны әңгіме етудің маңызы бар ма?  Әрі чаттағы жазбада  мұғалім «келіспеймін десеңіздер айтыңыздар» деп отыр. Бірақ,  мұғалім сөзіне  ешкім  үн қатпай, сұраған ақшаны баласынан берді. Бұдан кейін оны талқылаудың қажеті бар ма еді?!  Шыны сол,  осындай  «балаң үшін бересің ғой» дейтіндердің салдарынан мектепте ақша жинау мәселесі  әлі де  сейілмей келеді. Аракідік бұл туралы айтылып, жазылып жатқанымен жараның беті жазылар емес.

Автобустағы  екеудің әңгімесін  санадан сызып тастай алмадым. Осы орайда   ББЖМ/МОДО туралы, «750 теңге»  жайындағы мәселеге де үңілуді жөн көрдім.

Рас, соңғы жылдарда білім саласында түрлі өзгерістер енгізілуде. Соның бірі ретінде жыл сайын сәуір айында компьютер арқылы электронды форматта өткізілетін ББЖМ тестілеуі. Ал мұны өткізудегі мақсат  – білім алушылардың оқу жетістіктерінің ілгерілеуін ұлттық деңгейде өлшеу арқылы орта білім беруді жүйелі жетілдіру болып табылады.

Бұған дейін бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың базалық білімін тексеруге бағытталған бағалаудың жаңа моделі 2021-2022 оқу жылынан  білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингімен (бұдан әрі – ББЖМ) ауыстырылды.  Бұл дегеніңіз, ББЖМ өткізу тәртібі ҚР БҒМ 2021 жылғы 5 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу қағидаларымен реттеледі.  ББЖМ мемлекеттік бақылау түрі болып саналмайды, білім алушы үшін де, білім беру ұйымы үшін де ешқандай құқықтық салдары болмайды.

ТАЛДЫҚОРҒАН қалалық білім бөлімінен алынған жадынамаға сүйенсек, ББЖМ өтетін  білім беру ұйымдарын таңдау бағдарламаға тізімді енгізу нәтижесінде кездейсоқ іріктеу арқылы жүзеге асады. Ал  биыл  бұл тестілеуге  қала бойынша 8 мектеп кіріктіріліпті. Атап айтсақ, №4 ОМ,  №8 ОМ,  №11 ОМ, №13 ОМ, №14 ОМГ, №16 ОМГ, №22 ОМ, №25 ОМ  және  №26 орта мектеп.

Қалалық  білім  бөлімінің  қызметкері  Әсел Алпысбайқызының айтуынша, кіріктірілген мектептерді таңдау олардың құзырына кірмейді. Білім беру ұйымдарында ББЖМ өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды ҚР БҒМ уәкілеті жүзеге асырады. Тестілеуді  тапсыру күні  нақты білгіленбегенімен,  кіріккен мектептер қазірден бастап дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Ал оған дайындықтың қалай жүзеге асатынына мектептің басшылары  жауапты.

Біз  тілге тиек еткен  бір реттік (пробный)  тестілеу  қаладағы «Ustudy»   орталығымен келісімге отырып, жүзеге асырылатынын да айта кетейік. Ал, бөлінетін қаражат мәселесін  әр мектеп өзінше ұйымдастыруы тиіс. Дей тұрғанмен  бұған тиісті қаражатты  мектептің  бухгалтериясынан  шығаруға мүмкіндік  бар.

ОСЫ  орайда  біз  ББЖМ тестілеуіне кіретін мектептердегі бірнеше  бастауыш сынып  мұғалімімен тілдескен едік. Олар да бір реттік тестілеуге жұмсалатын қаражат мектептің бухгалтериясынан қарастырылатынын  айтты.  Ал,  750 теңге  жинауға  ұсыныс білдірген білім ошағының бухгалтериясында  тиісті қаражатты шығаруға мүмкіндік болмағаны ма, қалай?

Жалпы  4-сыныптарда кешенді тестілеу  үш  бағыт бойынша (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану сауаттылығы) жүзеге асырылады. Бастауыш сынып мұғалімдері сөзінше, ББЖМ-ның өткізілуі мектеп оқушыларының 4 сыныптарына тиімді. Себебі: логикалық тапсырмалар орындау барысында оқушылардың шығармашылық қабілеттері дамиды, қызығушылығы, ойлау және қабылдау қабілеттері, шығармашылық ізденістері артады. Демек, оқушыларда ойлаудың қарапайым түрлері орын алады. Математика пәнінің алатын орны да ерекше, өйткені әр тапсырмасы ой белсенділігін қажет етеді. Жаратылыстану, дүниетану сауаттылығы бойынша пәнге қызығушылықтары артып, ой-өрісі дамиды.

ҚАЛАЙ ДЕГЕНМЕН оқушыларды  бір  реттік тестілеуге қатыстыруда   ата-аналардан ақша жинауға келісімдерін  алу мәселесі жайында мектеп басшысы  хабарсыз дей алмаймыз. Білім бөлімінің қызметкерімен телефон арқылы тілдесуде  айтқандай,  бұған  тиісті қаражатты мектеп бухгалтериясынан    шығаруға  мүмкіндік  бар.  Сонда,  әр  баладан жиналған  әлгі 750 теңге кімнің қалтасына түседі?

Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

   С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ