Бәрібір өлетін еді…

0
1432

Текелі қалалық ауруханасы  дәрігерлерінің  қателігінен көз жұмған келіншек   жақын құрбымның туған апайы еді.  Әлеуметтік желідегі жазбасында ол әпкесінің өлімі жайындағы оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады да.  Диагнозды  дұрыс қоймағандықтың   салдарынан комаға түскен келіншек аурухана  төсегінде көз жұмды.  Бұл мәселені 31 арна журналистері, жалпы республикалық біраз басылым көтеріп, кінәлілердің жазасыз қалмауына тілекші де болған болатын.  

 Осы орайда қарапайым тамақтан улану мен инсультты ажырата алмағандарға   қатысты Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасындағылар  ақ  халаттыларға жаза қолданды ма деген заңды сауал  туындайды. Алайда,  адам өлімі бола тұра  дәрігерлерді кінәлі емес деп тапқан сараптамадан соң  өз ісіне жауапсыздық  танытқандар   дым  болмағандай жұмыс істеп жатуы көңілге қонымсыз дүние  емей  не дерсің?!  Гипократ антына адал боламын деп ант-су ішкен ақ желеңділердің адалдығы қайда дейсің, осындайда?  Ақ халатына кір  келтірмеуге ант беріп, ең алдымен аурудың қамын ойлайтын дәрігерлердің   қалмағаны  ма?..

 Қате диагнозымен әпкесінің өліміне себепщі болған дәрігерлер басқаларға зиянын тигізбесе екен деп  үмітті  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа артқанымен де  бұл мәселе тек ақ халаттыларға  қатаң сөгіс жариялаумен ғана шектеліпті.

 Фейсбук желісіндегі Денсаулық сақтау министрлігінен келген хатты сала отырып жазған  құрбымның жазбасы ғана емес, министрлік  берген жауаптың    мәтінін  оқып   жүрегім  қан жылады. Онда тексеру нәтижесі бойынша бірқатар  кемшіліктің орын алғанын ашық жазады да, артынша  барлық дәрігерге қатаң сөгіс, тәртіптік жаза қолданылды депті.  Бұл қалай сонда? Дәрігердің кінәсінен адам өлсе қылмыстық іс қозғалмай ма? Жұмыстан шығарып қана қоя салу, ол не деген жеңіл жаза сонша? Адам өлтіріп осылай жазасыз жүре берсе, не болады сонда. Әйтпесе ботулизм деген дер уағында емдесе, жазуға болатын ауру  емес пе.  Егер дәл осылай бір дөкейдің баласы өлер болса, онда бірден қамап тастар еді ғой.

…Біраз жыл бұрын  тағы бір жақсы адамның баласы осы бір ақ халаттылардың білместігінен көз жұмған болатын. Онда да  берген жазалары сол   жұмыстан  шығарумен ғана қалып,   бұл істі де  жаба салды.  Біраз уақыттан кейін сол дәрігердің өзге мекемеде жұмыс істеп жүргенін көрдім.

Мұның бәрін неге жаздым. Білесіз бе, дәрігер қателігінен өмірден тағы бір жақсы адам жан тапсырды. Бұлай жалғаса берсе, қателік жасаған дәрігер ісін жылы жауып, жаза қолданбайтын болсақ, біз қайтіп оңамыз, қандай ел боламыз?!   

 Текеліде орын алған  мәселеге қатысты оқиғаның мән-жайын білмек болған әріптеске айтқан мына бір  жауапты  естіп,  тағы да  есеңгіреп қалдым. «Ол бәрібір өлетін еді, мұны неге қозғай бересіңдер?»

 Білесіз бе, күншығыс елінде қате жіберген дәрігерді абақтыға қамамайтын көрінеді. Мұндай жағдайда БАҚ өкілдерінің назарын аударып, қате жіберген дәрігерді барынша масқара етуге тырысады екен. Сөйтіп дәрігердің кәсіптік қызметіне нүкте қойылады.  Ал бізде олай емес. Неге???

Сарби ӘЙТЕНОВА

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ