Ет пен сүт өндірісіне инвестор тарту қажет

0
793

Күреңбел өңірінде жайылымдық жер мәселесі тұрғындарды алаңдатады. Сол сияқты ауыз сумен қамтуда түйінді мәселелер әлі де бар. Кезінде Қоғалы картобын екінің бірі білетін. Бүгінде Кербұлақ ауданында картоп алқабы 60 пайызға азайған. Осы және өзге де мәселелердің шешімі туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Кербұлақ ауданының халқымен кездесуінде кеңінен талқылады.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Кербұлақ ауданы ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жағынан бірінші орында тұр, облыстың жалпы егістігінің –  20,5 пайызын құрайды. Дегенмен биыл жүгері егу 12 пайызға, майлы дақылдар – 23 пайызға, көкөністер 35,5 пайызға төмендеген. Сол сияқты кезінде Қоғалының картобы бүкіл кеңес елдеріне әйгілі болатын. Бүгінде бұл өңірдің картоп алқабы 60 пайызға азайған. Бұл ретте аудан әкіміне картоп өндірісін жандандыру үшін шаруашылықтарды анықтап, тұқыммен, арнайы техникамен қамтамасыз ету,  ол үшін арнайы сервис-тік дайындау орталығын құру тапсырылды.  Сол сияқты озық технологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттыру, су қой-маларын күрделі жөндеуді аяқтау және егістікті суарумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

– Ауданда ет пен сүт өндірісіне қарқын қосу керек. Ол үшін бар кәсіпорындарды толық қуаттылығына шығару шараларын қабылдап, жаңа өң-деу өндірістерін ашу үшін инвесторлар тартуды қолға алу қажет. Ауданда 71 мың бас ірі қара мал, 302 мың бас қой мен ешкі, 21,5 мың бас жылқы бар. Бірақ оларды бағатын жер жетіспейді. Бұл ретте босалқы жерлер құрамынан жайылымдық жерлерді 13 мың гектарға кеңейтіп, олардың жалпы алаңы 103,5 мың гектарға жеткізілді. Сонымен қатар 6 мың гектар жайылым жерлерді халықтың пайдалануына беру үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі басталды, –  деп атап өтті Қ. Бозымбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, осы жылы агроөнеркәсіп кешенінде төрт жобаны іске қосу жоспарланған. 723 млн. теңге инвестиция тартылып, 123 жұмыс орны ашылады. Бұдан басқа, Көксай  мыс кен орнында тау-кен байыту комбинаттың құрылысын жүргізу үшін «Консолидацияланған құрылыс тау-кен компаниясы» ТЭН құжаттарын  дайын-дауда. Бұл ірі жобаны іске асыру барысында 1,5 млрд. АҚШ доллары көлемін-де инвестиция тартылады, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жылына 20 мың тонна мыс шығаратын комбинат 2026 жылы іске қосылады.

Қанат Бозымбаев өз сөзінде ауыз су мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Кербұлақ ауданында  63  елді мекеннің 59-ы  немесе 93,7 % орталық сумен қамтылған. Биыл 966 млн. теңгеге Сарыөзек ауылында су жүйесі құрылысының төртінші кезегін аяқтау жоспарлануда. Жобада 16,8 шақырым су құбыры желісін,  6  резервуарды, сутартқы мен сорғы станциясын қайта жаңарту және салу, қолданыстағы резервуарларды демонтаждау көзделген. Талдыбұлақ,  Қосағаш,  Қарымсақ,  Шаған,  Шилісу ауылдарын сумен қамту қолға алынады.

Өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Сарыөзек ауылында 1,8 млрд. теңгеге газ тарату желілерінің құрылысы аяқталған болатын. Алайда құрылыста бірқатар кемшіліктерге жол беріліп, соның салдарынан газ-тарату станциясы мен газ құбыры сапасыз салынған. Жөндеу жұмыстары жылыту маусымына дейін аяқталып, газ беріледі.

Тұрғындар тарапынан «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автожолының жағдайы туралы мәселе жиі көтеріледі. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, осы жолдың 0-45 шақырым учаскесі «Алацем» компаниясына қосалқы мердігерлік қызмет көрсетуге берілген. Ауыр жүк таситын көліктердің жүруіне байланысты қазіргі жолмен қатар технологиялық жол салынатын болады. Биыл 45-68 км учаске бойынша күрделі жөндеу басталды. Жұмыстардың негізгі көлемі осы жылға жоспарланып, 2023 жылы аяқталады. Сонымен қатар «Сарыөзек станциясын айналып өту» автожолына ағымдағы жөндеу жүргізілуде.

Қанат Бозымбаев шағын және орта бизнесті дамыту, жергілікті халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс беру, білім мен денсаулық, мәдениет пен спорт салаларына қатысты да маңызды мәселелерге назар аударды.

Жиында облыс әкіміне ауыз сумен қамту, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, жайылымдық жерлерді бөлу, білім беру мен мәдениет нысандарын жөндеу, апатты үйлердің мәселелерін шешу проблемаларын көтерді. Көпшілік инвестициялық жобаға деп берілген ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу-тексеру жұмыстарын жүргізуді сұрады. Жоба іске асырылмаған жағдайда жерді қайтарып алса деген талаптарын жеткізді.

Жергілікті ауыл әкімінің жұмысына көңілдері толмайтынын ашық айтқан тұрғындар да болды. Қ.Бозымбаев көтерілген мәселелердің барлығы да хаттамаға енгізіліп, тиісті деңгейде қарастырылатынын жеткізді. Кездесу соңында облыс әкімі жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ