Жалған диплом, жемқор мұғалім

0
1820

«Ұстаз» деген ұлы ұғым бүгінде ұлтараққа айналды. Бұл пікіріме біреулер келісер, біреулер келіспес. Әйгілі ғұлама Әл-Фараби: «Ғылымды үйренем деген адамның ақыл-ойы, айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жәй ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмаса керек» деді. Тәуелсіздік алып, елдің бәрі қара базарды жағалап кеткенде, ауылды жерлерде мектеп пен жергілікті әкімдікте ғана жұмыстар болды. Тіпті бертінге дейін мектепке мұғалім болып орнығу үшін, еден жуу-шыдан бастап ұстазға дейін пара беру, пара алу үрдіске айналды. Сапалы білім беретін, өз ісіне жан-тәнімен берілген ұстаздар саусақпен санарлық екенін елдің бәрі айтады. Басқа-басқа, балаларға бағыт-бағдар беріп, әділдікке тәрбиелейді деген ұстаздардың да қолдары таза болмай тұр. Тіпті жетімнің ақысын жеген мұғалімді «кім?» деп айтуға болады.

Алты жыл бойы балалар үйінің ақшасын қолды етіп келген Алматы облыстық №1-ші балалар үйіндегі бұрынғы әлеуметтік мұғалімі қызметтік өкілеттігін пайдаланып, балалардың есеп-шотындағы ірі соманы жымқырыпты. Атын атап, түрін түстеуге де қолымыз батпай отыр. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ қой» дейін десек, жетімдердің ақысына ауыз салған ұстаздың ұсқынсыз әрекетінен жиіркенесің. Директордың сенім хатына ие болғандар мектептің жүрегі саналған мұғалімдердің атына кір келтірді-ау деп налисың. Қамқоршыларынан, асыраушысынан айыр-ылу мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы беріп отыру үшін банктік шоттар ашыпты. Бұл қылмысты жолын 2015 жылдан 2018 күзіне дейін жалғастырған. Алайда мектеп директоры қол астындағы мұғалімінің қылмыстық әрекетін біліп, оған еш шара қолданбаған. Не жұмыстан шығармай, не полицияға хабарламай, не сенімхатын қайтарып алмаған. Алты жыл ішінде 67 миллион теңге ұрлаған мұғалім, тұтылып, сот барысында барлық кінәсін мойындап, балаларға 10 миллион теңге қайтарып беріп, жеті жылға абақтыға тоғытылған. Енді ол кесілген жеті жыл мерзімін өтеп болған соң он жылға дейін білім саласына мұғалімдік қызметке жолай алмайды. Ал, әріптесінің қылмысын бүркемелеген, балалар үйі-нің бұрынғы директоры, Қылмыстық кодексінің 371-бабы «Абайсыздық» бойынша кінәлі деп танылып, 2,7 млн. теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айрылды.
Мектептің жүрегі деген мұғалімдер жемқорлықпен шатылып жүрсе, олардан тәлім-тәрбие алып жүрген балалардың болашағы қалай болмақ. Павлодар облысында бұрын қылмыс жасап, істі болған адамдар мектеп ұжымын басқарған. Олардың бірі сы-байлас жемқорлыққа қатысты жауапқа тартылған болса, екіншісі адам өлтірген. Бірақ аса ауыр қылмысты жасаған кезде күйзелісте болғаны анықталып, медициналық сараптамалар негізінде қылмыстық іс тоқтатылған. Дегенмен сот тарапынан оқытушылық қызметпен айналысуға тыйым салынған болып шықты. Соған қарамастан бұл адамдардың мұғалімдік жұмысқа қалайша қабылданғанына «атам да аң таң, апам да, аң таң». Ал сол кездегі жауапты тұлғалар зейнеткерлік демалыста немесе басқа жұмысқа ауысқан. «Естімеген елде көп» демекші, бұрын істі болған немесе жалған дипломмен мұғалімдік қызмет атқарып келген ұстаздардың да құрыққа ілінгенін естіп, төбе шашың тік тұрады. Мәселен, Павлодар облысына екі бірдей мектеп директоры бұрын қылмысты болғандар. Олар кезінде кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заң бойынша директорлық тұрмақ, жай мұғалім болуға олардың құқығы жоқ болатын. Ал екіншісі алдымен оқу ісінің меңгерушісі, одан кейін директорлық қызметке тағайындалған. Құзырлы орган прокуратураның тексеру нәтижесінде мұндай келеңсіздіктер республиканың барлық оқу орындарынан анықталған. Мәселен, Ақтөбе облысында мектеп пен коллеждерде 34 мұғалім жалған дипломмен жұмыс жасаған. Сонда олардың білім деңгейі қай дәрежеде болған. Білімі біліктілігіне сай болмаса, қанша баланың обалына қалғанын бір Құдай ғана біледі. Ал, шынайы дипломы бар қаншама адам жұмыс таппай білім ошақтарының босағасын сығалап жүр. Жалған дипломмен жұмыс жасағандар мемлекет есебінен айлық алып күн көріп келді. Прокуратураның назарына іліккен ақтөбелік 34 мұғалімнің арасында 11 мұғалім қала мектептерінде, мектепке дейінгі мекемеде 13 және колледждерде 7 оқытушы, тағы 3 мұғалім өзге білім беру мекемелерінде жұмыс жасаған. Мұндай сорақылықтан Алматы облысы да құр алақан қалмапты. Прокуратура органдарының берген мәліметі бойынша 2020 жылы жалған дипломды 25 мұғалім анықталса, оның үшеуі директорлық қызмет атқарған. 2021 жылы 6 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс жасағаны әшкерленген. Құзырлы органдар жалған құжат жасаушылармен жыл сайын күресіп келеді. Алайда, «құйрығымен ізін жасырған түлкідей» алуан түрлі айлаға баратындарды түп-тамырымен отап тастау, мүмкін болмай тұр. Ал, бастарын ауыртпай, оқымай, тоқымай-ақ, ұстаздық дәрежеге қол жеткізгендердің ары таза болса, мұндай әрекетке бармас еді. Алайда, олардың арасында бұрын істі болған, әрі мұғалім бола тұра қылмыс жасағандар туралы айтудың өзі қорқынышты. Қоғамға не қажет болса соны лезде жасап бере қоятын алаяқтар мен түрлі сайттарда жарнамасы жер жарып тұрған дипломның бағасы да көрсетілген.Олардың біразының жолы кесілді де, алайда «жеті басты айдаһардай» бір басын шапсаң, қалған алты басы қылтиып тұрады. Жалғандықтан көз ашпайтын, аш көздік білім саласын былықпен шылыққа әбден батырған. Бірін айтсаң екіншісі, үшіншісі қамқа тонға сіркелеген биттей өріп шыға келеді. Ата-аналар балаларын сеніп тапсырған сол білім беретін мұғалімдердің де арасынан педофильдер шығуда. Алматы облысында бұрын болған алты оқиға, мұғалімдердің қолымен жасалған зорлық-зомбылық екенін прокуратура органы мәлім етті. Мектепте, жемқор, педофиль мұғалім жүрсе, сонда ата-аналар балаларын кімдерге сеніп тапсырып жүр. Бұл жерде мұғалім жаман деуден аулақпыз. Оқушыға қол көтерген мұғалімдер туралы да қоғамда аз айтылған жоқ. Тіпті Павлодар облысында 19 жасар мұғалім ауылдық мектепке жұмысқа орналасып, кешкілік интернетпен жұмыс істеуге білім ордасына бара жатқанда бұрында істі болған қылмыскер мұғалімді зорлап кеткені жайлы қоғамда дүрбелең болған. Оқушының анасынан таяқ жеген мұғалім туралы да ағай-аттан болған-ды. Бұл оқиға жайында Алматы облысының Іле ауданында болғанын ел ұмыта қойған жоқ. Айықпас індетке айналған жемқорлықпен де шатылып жатқан ұстаздар. Алматы облысының білім басқармасын басқарған бас мұғалімге қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Еңбекшіқазақ ауданында бір мектеп директорының да жемқорлықпен шатылғанын жасырып-жабуға келмейді. Қапшағай қаласындағы білім бөлімін ұзақ жыл басқарған ханымда бірінші сатыдағы сотта екі жылға абақтыға тоғытылып аппелляциялық шағым беріп мол мөлшерде айыппұл төлеп, мемлекеттік қызметтен аластатылды. Жалпы осы Қапшағайдағы бұрынғы, білім бөлімі басшысының іс-әрекетіне қа- тысты, қол астындағы мұғалімді қудалап, әрі бір емес екі мәрте заң бұзған мектеп директоры болған «А». есімді азаматшаны қорғап-қолпаштағаны үшін ақпарат құралдарында шулы мақалалар жарияладық. Айналып келіп өзі де істі болып, басына қара бұлт үйірілді. Міне, мектептердегі нашар ұстаздар осындай басшыларға арқа сүйеп, жалғандыққа, көз бояушылыққа барады. Құзырлы органдардың сүзгісінен өткен, жалған дипломды, әрі жемқорлықпен шатылғандар, мұғалім деген тұнық бастауды лайлағандар туралы қалам тербеп отырмыз. Адольф Дистервег: «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді» десе, «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың тағылымды сөзін бүгінгі таңда қайталап айтуға аузың бармайды. Өйткені «Бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» дегендей, білім жүйесіндегі жүйесіз реформа, жоғары оқу орындарынан бастап, орта білім беретін мектептерде былыққа белшеден батқанын көзге шыққан сүйелдей көрсетіп тұр. Жемқорлыққа жол ашып тұрған жалған диплом жайлы Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орны Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өткен жы-лы «Жалған диплом – жемқорлыққа жол ашады» атты мәжіліс өткен-ді. Онда еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген біліксіз мамандардың диплом алу кезіндегі қитұрқы әрекеттері сынға алынған. Мониторинг кезінде жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар анықталып, әр саланың жұмысына келтірген залалы жайлы айтылған-ды. Сол жалған дип-ломның құны 265 мың теңге тұратыны, оны дайындау мерзімі бар-жоғы 1-2 күнде шешілетіні кеңінен сөз болған. Жалған дипоммен жалғанды жалпағынан басқандар І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Алматыдағы Спорт және еңбек академиясында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде, Алматы қаласындағы Алматы технология және бизнес институтында оқыдық деген жалған диплом алған бес адамға қатысты іс сол кезде ішкі істер органдарына жіберілген. Тек қана орта білім беретін мектептерде ғана емес, арнаулы орта білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарында да жалған дипломмен ағартушылық қызмет атқарғандардың жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен жұмысқа орналасқандарын көруге болады.
Жалған диплом, жалған мұғалімдермен прокуратура органдары аяусыз күрес жүргізіп келеді. Алайда, жылма-жыл тексерістен айылын жиып, аяғын тартып жатқан мұғалім сымақтарды көрмейсің. Керісінше, шырмалған шырмауықтай, түйіні тарқатылмайтын жемқорлық, көзбояушылық білім ордаларын ордалы жыландай жаулап алуда. Осындайлардың кесірінен білім сапасы ауылды жерлерде неге төмен деп сұраудың өзі әбестік. «Алдыңғы арба қайда жүрсе артқы доңғалақ сонда дөңгелейді» демекші, ұстаздардан көргенін оқушыларда қайталап, қойын-қоншыларына ұялы те- лефон тығып, жалған құжатпен орындарына студенттерді кіргізіп, ҰБТ-да шулатып жүрген жоқ па? Әлгі жалдамалы репетиторларда рейтінгісін көтереміз деп жалғандыққа барып жүр. Оны бүкіл желіні шулатқан әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы жайлы алып-қашпа ақпараттан, «мен кінәлімін деген репетитор» әрекетінен көруге болады.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ