Жас құтқарушылардың үшінші кадет сыныбы ашылды

0
939

Алматы облысында  жас полицейлердің  кадет   сыныбы Талдықорған, Қапшағай, және Іле аудандарында ашылған болатын. Енді, міне,  жас құтқарушылардың  үшінші кадет сыныбы ашылды.

Түрлі  жағдайда болатын тосын апаттардың алдын алуда  және төтенше жағдайлар орын алғанда қауіп-қатердің бел ортасында төтенше жағдайлар қызметкерлері  жүреді. Тілсіз жау отпен, сумен және жер сілкінісі  кезінде әрі жарылыс болған жағдайларда бастарын бәйгеге тігетін төтеншеліктер қызметі – қиын әрі күрделі мамандық. Жас толқынды осы бір жауапты мамандыққа баулуда  Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентінде «Жас өрт сөндіруші»  кадет сыныбының салтанатты ашылуы  болды.

19 қазан құтқарушылардың  кәсіби  мерекесімен тұспа-тұс келген салтанатты шара азаматтық қорғау жүйесі  ардагерлері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық қызметкерінің мерекесімен орайласты. Биыл Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесіне 26 жыл толып отыр.  Бұған дейін, яғни, 2019 жылдан бастап Өтеген Батыр кентіндегі №7 орта мектепте Жас құтқарушылардың екі кадет сыныбы ашылып,  шәкірттер білім алып келді.  Құтқарушылар мерекесі қарсаңында  Өтеген батыр кенті №13 орта мектебінде   үшінші кадет сыныбы ашылды. Айтулы іс шараға  Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары,  Іле ауданы әкімінің орынбасары, кадет сыныбының демеушілері болып табылатын «ЛУКОЙЛ»  компаниясының өкілдері, волонтерлер, ата-аналар және Өтеген батыр кенті №13 ОМ ұжымы қатысты. Алматы облысы  Қазақстанда мұндай тәжірбиені енгізген алғашқы облыс екенін атап айту артық болмас. Мұнда білім алатын өрендер, төтенше жағдайлар кезіндегі тәртіп ережелері бойынша өскелең ұрпақпен мақсатты жұмыс жүргізілетін болады. Оның мақсаты –  ерте жастан бастап балаларды  тіршілік қауіпсіздігі дағдыларын қалыптастыруға баулу  болып табылатынын айтады  Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілі.

Шара  барысында  кадеттерде білім алып жатқан өрендер  құтқарушылар күніне орай  концерт ұйымдастырып, саптық дайындық дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ,  Іле ауданының ТЖБ қызметкерлері құтқарушылар мен арнайы техниканың көрсетілімдерін ұйымдастырды. Түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірлескен профилактикалық жұмыстары үшін волонтерлерге грамоталар табысталды.

Өскелең  ұрпаққа  патриоттық  тәрбие беру өзекті міндеттердің бірі екенін ескерсек, жасөспірімдерді еңбекке баулуды  ерте жастан бастау   өте маңызды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ