Жауапкершілік жоқ

0
1574

Сан саланы сарсаңға салған  коронавирус дерті наурыз айының ортасында Қазақстанға да жетіп, елде Тәуелсіздік алғалы бері, 30 жылға жуық уақыт ішінде болып көрмеген төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Бастапқыда бұл тәртіп елдің екі ірі шаһарында ғана болғанымен, артынша басқа қалаларда да сақтық шаралары күшейтіліп, дерттің алдын алу мақсатындағы жұмыстар жылдам атқарыла бастады. Әуеліде Мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеп, оған қатысты тиісті ережелер мен міндеттер халыққа таныстырылды. Осыған байланысты халықтың бас амандығы үшін көптеген нысанның жұмыс уақыты қысқартылып немесе мүлдем тоқтатылды, мемлекеттік түрлі шаралар кейінге қалдырылды. Сондай-ақ, ел тұрғындарына осы уақыттар ішінде жеке бас гигиенасының сақталуы, бетперде тағу және түрлі ойын-сауық, мереке-мейрам шараларын тойлатудан уақытша бас тартуы тиіс екендігі ескертілген болатын.

Дегенмен, төтенше жағдай режимін көзге ілмей, шектеулеріне бағынбайтындар да пайда болып, түрлі той-томалақ, мереке-мейрам жасағандардың бейнежазбалары желіде желдей есті. Артынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп, бұл іс дер кезінде қолға алынды. Айталық, бүгінге дейін бір ғана Шымкент қаласының өзінде 300-ге жуық заң бұзушылық тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылыпты. Ал күні кеше ғана Алматы мен Талдықорған қалаларының аралығындағы бақылау бекеттерінен заңсыз өтіп, ТЖ режимін бұзған 37 жастағы азаматша құрықталды. Сондай-ақ, той жасаған түркістандық тұрғын мен қызылордалық қызын ұзатқан әке мұндай заң бұзушылықтан небәрі 26510 теңге айыппұл төлеумен құтылса, құдалық жасап, той тойлатқан, туған күнін атап өткен Түркістан облысының азаматтары қамауға алынған. Бұдан сырт республика көлемінде режим талаптарын бұзып, жауапқа тартылғандар саны қаншама?!

Халықтың денсаулығы мен бас амандығы үшін мемлекет тарапынан осындай қатаң шаралар қолданылып жатса да, оны сақтамай, қала берді, елеп-ескермей жүргендердің де бары өкінішті. Елде коронавирустан айығып, емханалардан шығып жатқандар санының күн санап артуы көңілге медеу болғанымен, осы аптада бұл жұқпалы індеттен екінші адам көз жұмды. Алғашқысы 13-17 наурыз аралығында Алматы мен Шу қалаларында қонақта болып, арада бірнеше күн өткеннен кейін ажал құшқан болатын. Ал қайтыс болған екінші науқас бір ай бойы ауырғанымен, медициналық көмекке жүгінбей, үйде өз бетінше ем-дом жасаған. Мұндай жағдайлардың орын алуындағы басты себеп – адамдар арасындағы жауапкершіліктің аздығы мен салғырттықтың басым болуынан деп топшыладық. Ал бұл жағдай дәл осы қалыппен  жалғаса беретін болса, ауруға шалдыққандар мен жұқтырғандар санының күннен-күнге артуы бек мүмкін. Оған қоса, «жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, дәл осындай қысыл-таяң тұста халық болып мемлекетке қолдау көрсетудің орнына кей жандар алыпқашпа әңгімелер таратып, ел ішінде дүрбелең туғызуға әуес. Тіпті, елдегі кейбір азамат пен азаматшалар мойнына артылған жауапкершілік жүгін сезініп, өзі мен айналасындағылардың денсаулығын ойлауға, осынау қиын-қыстау кезеңдегі талаптарды қатаң сақтауда өзіндік үлесін қосуға атсалыспайды. Неге?

Лина КӘЛІМХАН

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ