Жаңа билік өтірікті өкіртіп айтпайтын шығар

0
1391

Халық айтса да   қалып айтпайды.  Сөйлесе сөздің сөлін шығарып, сүйектен өткізіп жібереді.  Асыра сілтеу де қазаққа жұққан дерт. «Шөлмек мың күнде сынбайды,  бір күнде сынады» деген тәмсілді де қазақ айтқан. Отыз жыл отыз елден асып,  елу елдің қатарына кіреміз» деп ұрандатып,  ақсақты – тыңдай,  өтірікті  – шыңдай қылып бөсіп жүрген биліктің өтірігі  қаңтарда бір күнде шықты. Отыз елдің қатарына кірмек түгілі,  отыз елдің артында шаң қауып қалыппыз.

Енді келіп өткенді жамандап,  елді басқарған экс-президенттің ит терісін басына қаптап жатырмыз. Кезінде соның қол астында қызмет жасағандар қазірде билікте,  үкімет құрамында,  әкімдікте отыр. Негізі Елбасының көзін бояғандар да осылар. Пәлендей жұмыс орны ашылды деп  президентке  тұсаукесерін  қидырып,  артынан банкротқа жібергендер  жең ұшынан жалғасқан жемқорлар емей немене. Қарағанды облысында ұшақ шығаратын кәсіпорын ашылды. Ұшақ шығаратын болдық деп  бөркімізді аспанға аттық.  Аяғы сиыр құйымшақтанып жоқ болды.  Нұр-Сұлтан қаласындағы аэропортқа бара жатқан жол жағасындағы  қадалары қадалып,  миллиардтаған қаржыға жоспарланған ЛРТ нысанының құрылысы аяқталмай, бөлінген қаржыны талапайға салғандар бүгінде Америка асып соттан жалтарып,  бұл  іске Кәрім Мәсімовтың қатысы бар деп «Үшбу» хат жолдап,  өздері қашып жүр.  Кезінде Елбасы да үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрғанда: «Кәсіпорын ашылды деп мені алып келіп лентасын қидырасыңдар, ал ертесі кәсіпорын жабылады.  Бұл не қылған көзбояушылық», – деп айтқаны бар. Бір ғана Кәрім Мәсімовтың тұсында ғана емес, оған дейінде, одан кейінде үкіметті басқарған шенділердің  қырық өтірік айтатын тазша баладан асып түспесе кем соқпағанын уақыттың өзі көрсетті.

«Бақсам бақа екен» демекші, өтірікті судай сапырып,  Қазақстанда орташа еңбекақы 500 000 мың теңге деп Елбасын имандай сендірген  шенеуніктердің жасы да,  жасамысы да кешегі Кеңестік жүйенің бес жылдық жоспарын бойларына сіңіріп алыпты. Кеңестік кезеңде жоспар орындау  үшін социалистік жарысқа түсіп,  ауыспалы қызыл ту үшін жан алып,  жан берісетін. Жоспарды артығымен орындау үшін егістік жерлердің гектарларын жасырып,  мал төлдетуде неше түрлі құйтырқы әрекеттерге баратын. 100 қойдан 180-200  қозы алды деген  шопандардың кеуделері медальға толатын. Бұл өтіріктен де Панфилов ауданына қарасты  Үшарал ауылында колхоз басшысы мен ферма меңгеруішісінің арасы суып арыз жазылып, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне «Қоздаған қошқарлар» деген сыни мақала шығып,  аяғы сотқа ұласып, колхоз председателі қызметтен кетіп, мамандар жауапқа тартылған-ды. Сол өтірік тәуелсіз Қазақстанда әлі өмір сүріп келеді. Неткен ғұмыры ұзақ,  өлмейтін,  өшпейтін шайтан құбылыс бұл. Патшаның көзін бояған  үкімет,  үкіметтің көзін бояған жергілікті әкім-қаралар өздерінің ұпай сандарын түгендеп бұқара халықты басып, жаншып келгені енді айтылып жатыр. Онда да  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дүрліккеннен кейін көтерілістің себеп-салдарын анықтап,  бар гәп, халықтың әлеуметтік теңсіздік үшін  ереуілге шыққанын айтты. Экс-Президент  Елбасы Н. Назарбаевтың тұсында да,  халық жаппай ереуілдетпесе де,  Маңғыстау өңірі 2011 жылы алты ай әлеуметтік теңсіздікті айтып алаңда жатып алды. Алайда,  елдің мұң-шеріне патша да,  үкімет те құлақ аспады. Есесіне елге оқ атылды. Құқықтары табанға жаншылды, бас көтергендер сотталды. Жер мәселесімен ереуілдеткендер қуғын-сүргінге ұшырады. «Халық жалқау,  бәрін үкімет берсін дейді, олай болмайды  ауылдағылар екі сиыр алып күндеріңді көріңдер» , – деген патша тағылымы күлкіге айналды. Сол екі сиырды жаятын жер, шабатын шөп,  жемді қайдан аламыз деген бұқара билікке тісін қайрап жүрді. Ақыр аяғы қаңтар қырғыны болды. «Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» демекші бейбіт шеруге шыққандарды арандатушылар қойдай иіріп, жылқыдай жусатты. Бұған құқық қорғау органдарының асыра сілтеуі қосылды. Көк сандықтың түймесін басып, ғаламторды ашып қалсаң «баламыз террорист емес, абақтыдан шығарыңдар» деген аналардың мұң-зарын көресің. Айран ішкен  құтылды,  шелек жалаған тұтылды, бұл атыс-шабысты жасағандар кландар арасындағы бақталастар ұйымдастырды дейді.  Мұндай пікірді Елбасының кеңесшісі болған экс шенеунік Ермұхамет Ертісбаев та  әлеуметтік желіде  жүрген сұхбатында жоққа шығармайды. Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді деген осы да. Осы қанды қырғын болмаса  халықтың көңіл-күйі,  әлеуметтік тұрмысы бір қалыпты болса  құда да,  құдағи да  тыныш болмас па еді. Әлемге күлкі де, түрпі де болмайтын едік. Әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен ереуілді бастап берген  мұнайлы өлке  Батыс өңірі  әлі еңбекақымызды көтеріңдер деп табандап сұрап жатқан жоқ па? Әлеуметтік теңсіздіктің ушыққанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып,  Қазақстандағы бар байлық 162 бай-манаптың уысында кеткенін,  Қорғас кеденіндегі,  Алматыдағы «Алтын Орда» базарындағы былық-шылықтарды жоюды құзырлы органдарға тапсырды. Кедей-кепшіктер тапқан нанын көз жасына шылап жесе, жердің асты-үстіндегі байлықты елге үлестіріп бермей, туғандарымен бірге,  құда-жекжат, тамыр-таныстарына үлестірген патшаның қартайып, қалжырағанында абырой беделінен айырылып,  өз еліне жеккөрінішті болуын  келесі патшалардың басына Құдай бермей-ақ қойсын. Ел басқарғандар астамшылдықтың ерте ме, кеш пе бір сұрауы боларын,  халықтың теңіз, ханның көбікке айналатынын біліп, өткеннен сабақ алса  екен дейміз.  Шынтуайтында,  бұқараның көңілі әлі күпті. Әлеуметтік саланың оңаларына  бір үміт, бір күдікпен қарайды.  Базарларда,  дүкендерде азық-түлік бағасы  сол баяғы таз кепешін киіп тұр. Мысалы сиыр еті – 2200, жылқы еті – 2500,  қазы-қарта – 2900-3000 теңге көлемінде тұр. Арзандамақ түгілі керісінше көтеріліп барады  дейді қала тұрғындары. Президент  тапсырмасынан кейін сарапшылар орташа жалақының нақты көлемін есептеп шығарғандарын айтты.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда орташа жалақы қазір 275,5 мың теңгені  құрайды  және үнемі өсіп  келеді  десе, Мемлекет басшысы мұны шындыққа жанаспайды, халықтың табысы жалақыдан гөрі әлеуметтік жәрдемақыларға көбірек тәуелді деп сын тезіне салды. Ал әлеуметтанушылар сандардың айырмашылығын жілік шаққандай талдапты, зер салып көріңіз.

«Егер  біз  кірісті  алатын болсақ, онда күзде мысалы, шамамен 38% адамның отбасылық жиынтық табысы 100-ден  200 мың теңгеге дейін болған, ол шамамен 23%-ның табысы 200-ден 300 мың теңге. Бірақ бұл бізде қолданылатын көрсеткіш. Міндетті тұрде отбасы коэффициентіне бөлу керек. 100-ден 200 мың теңгеге дейінгі табысты 4-ке бөлсек, сонда Президент айтқан  50 мың теңге шығады.  Егер біз өңір бойынша бөлсек, онда басқаша көрсеткіш пайда болады», – дейді Стратегия әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті,  Гүлмира Илеуова.  Елбасыға әлгі Қазақстанда орташа табыс  500 000 теңге деген мәліметтті де осы статистика мамандары берген шығар. Оларды  да көзбояшылыққа баруға мәжбүрлегендер болған шығар.  Ең жоғары жалақы алатын Самұрық қазына, мұнай-газ саласындағы  лауазымды шенеуніктер  және облыс әкімдері мен аудан әкімдері Ақордада есеп бергенде жалақыларын жар салып айтты. Мұны көрген:  тапқандарына  талқан сатып алуға жетпейтін қарапайым жұмысшылар мен мемлекеттік қызметтің төмен сатысындағы адамдар таңдайларын қақты. Пәтерден-пәтерге көшіп, тапқандарын  не киімге, не тамаққа,  не коммуналдық төлемдерге жеткізе алмай, екі күннің бірінде некесі бұзылған жас отбасылар қаншама.  Республика бойынша статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстанның қай жоғарғы оқу орындарын  бітірген түлектер ең жоғары жалақы алатыны белгілі болыпты. Бұл жағынан Атырау облысында  ең  жоғарғы орташа жалақы 420 мың тенге. Сондай-ақ  алғашқы үштікке  Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысы кірді.  Көш басында тұрған Маңғыстауда қарапайым жұмысшылар неге ереуілдетіп жүр. «Алатынмыз 150 000 мың теңге қай жыртығымызды жамаймыз, зауыт қожайындары мен  инженерлер жоғары жалақы алады. Біз құлдан да жаман болдық,  қит етсе жұмыстан кет дейді», – деп жұрт ұлардай шулап жатыр. Ең төменгі орташа жалақы Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Бір ғажабы,  ең төменгі орташа жалақыда  Алматы облысы көрсетілмеген.  Мұндай сандар қайдан пайда болды деген сауалға ұлттық статистика бюросында кәсіпорындар қызметкерлердің жа-лақысы туралы есеп береді  екен. Кәсіпорын демекші, Талдықорған қаласында акумулятор,  темір зауытынан басқа ірі кәсіпорындар жоқ. Халықтың көбі базар жағалап құрылысқа жалданып, жұмыс істейді. Олардың алатын жалақылары көңіл көншітпейді. Құрылыс саласында жүргендердің көбі жалпы республика бойынша кей кездері жалақыларын ала алмай  ереуілдетіп, соттасып жүргендерін көресің. Медицина саласында жедел-жәрдем жүргізетін жүргізушілердің ереуілі дүркін-дүркін қызуы көтеріліп тұрады. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын анда-санда алатын сыйақыларын қоссқанда, орташа жалақыдан  сәл жоғырлау ғана. Бұл қарапайым мамандардың еңбекақысы. Күні кеше ғана 24.кз  телеарнасында халықтың  күнкөріс деңгейінің 2021-2022 жылға арналған көрсеткіші  жарияланды.

Күнкөріс деңгейі 2021 жылы – 34 302 теңге,  2022 жылы – 36018 теңге,

Айлық есептік көрсеткіш 2021 жылы  – 2917 тенге,  2022 жылы  – 3063 теңге,

Ең төменгі айлық табыс 2021 жылы  – 42 500 теңге,  2022 жылы  – 60000 теңге,

Базалық зейнетақының ең тө-менгі мөлшері 2021 жылы  – 18 524 теңге, 2022 жылы – 19 450 теңге.

Қазақстандықтардың нақты қаржылық жағдайы ресми сандарға қарағанда әлдеқайда төмен екені мәлім, азаматтарымыздың көпшілігі аз жалақы алады. 60-70 мың,  әрі кетсе 100-120 мың теңге болатыны айтылды.  Бұл шынайы ақиқат. «Статистика тұрғысынан қателіктер бар екенін айтып, жағдайды жақсы етіп көрсететін әдістемелерді қолданатын сандардан кетуіміз керек», – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Алматы облысының баға комитетіне облыстағы ең жоғары жалақы алатындар мен орташа және төменгі жалақы алатындар туралы сұрадық. Олар арнайы хат жолдауды,  әрі одан  2-3 күн аралығында жауап болатынын айтты. Біз оны  күтіп тұра алмадық…

ТҮЙІН ОРНЫНА: 

Балтырларын байпақ қысқан бай-манаптар мен кебенекке оранып күнелтіп жүрген кедейлердің дәуірінде өмір сүрудеміз. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» десекте, адал еңбекақысын ала алмай,  зар жылап жүргендер мен  үріп ішіп, шайқап төгіп жүргендердің арасы жер мен көктей. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 10 жылда әлеуметік саланың әлсіреуі, ең төменгі күнкөрістің ашық айтылуы, қотырланған қоғамның соясын қасығандай болды. Енді осы теңсіздікті жою, бұқарамен санасу, асты-үсті қазба байлыққа толған жер қазынасы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуі керектігін айтты. Ереуілден есі шыққан биліктелілер «Күлтөбенің басында күнде жиналып жиын өткізіп жатыр. Қара халық әділдікті талап етіп, басшыға талап қоюда. Әлеуметтік теңсіздік,  жұмыссыздық жойылмай, елді сабырға шақыру абырой әпермейді. «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей» дегенді Абай тектен-тек айтпаған шығар.  Су жұқпайтын суайттың шекпенін жамылған бұрынғы биліктің бетпердесі ашылды. Енді, жаңа билік өтірікті өкіртіп айтпайтын шығар.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ