Желтоқсан ауызға да алынбайды

0
2163
1

Желтоқсан айы басталғанда жыл сайын көтерілетін мәселе жаңа жылдық шығын. Жаңа жыл елімізде кеңінен тойланатын мерекелердің бірі. Осы орайда республикадағы қалаларды мерекелік безендіру үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінетіні қоғам тарапынан сынға ұшырап келеді. Әр жыл сайын бір ай бұрын жаңа жылдық дайындықтар басталып, қаланы безендіруге миллиондап қаржы бөлінеді. Қанша рет айтылып, халық шырылдап жатса да, Тәуелсіздік күнінен бұрын жаңа жылға дайындық басталады. Орталық алаңға алып шырша құрылып, айналасын түрлі декорациямен әсемдеп, жаңа жылды уақытынан бұрын қарсы алады. Тіпті, қазақтың жаңа жылы атанған 22 наурыз мерекесі бұлай тойланбайды. Міне, биыл  елдегі жағдайға қарамастан бұл дәстүр жалғасын тауып, жаңа жылдық дайындықтар  басталып кеткен. Бұған дәлел дүкен сөрелеріндегі шыршалар мен жаңа жылдық ойыншықтар, түрлі сыйлық дайындалған қорапшалар. 

 Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметтерге сенсек, бірқатар әкімдік пен мектеп ұжымы шырша мен өзге де безендіру жұмыстарына қазірден тапсырыс беріп қойған. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей,  қоғам  наразылығы жоғарыдағылардың құлағына жеткендей. Жергілікті жерлерде бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы көлемі де жыл өткен сайын қысқарып келеді. Ал, Атырау қаласы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек,  биыл бюджетті үнемдеу мақсатында қала көшелерін жаңа жылдық безендіруге қаржы  бөлінбейді екен. Облыс орталығының көшелерін безендіруге былтырғы әшекей бұйымдар қолданылмақ. Атырауда жаңа жылдық мерекеге бөлінетін қаржы мөлшері жыл өткен сайын азайып жатқан көрінеді. Екі жыл бұрын осы мақсатқа 61 миллион теңге бөлінсе, 2020 жылды қарсы алуға 18 миллион қаражат бөлініпті. Сонымен қатар мерекенің үлкен символы шыршаның орталық алаңға осымен үшінші жыл қатарынан құрылатыны белгілі болды.   

 Алматы қаласында осыдан үш жыл бұрын 175 миллион, кейінгі жылдары бюджет қоржыны қысқарып  75 миллион жұмсалған. Еліміздің кей өңірлері жаңа жылға дайындық ақшаны далаға шашу деп есептейді. Оған қаржыны үкімет қазынасынан емес, қызығушылық танытқан кәсіпкерлерден алатын көрінеді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігі алдыңғы жылы мереке тойлауға мүлде қаржы жұмсамаған. Қалада бой көтерген мұз қалашықтың құрылысына қаржы кәсіпкерлер тарапынан бөлінген екен. Бұл бастамаға қала билігі емес, кәсіпкерлердің өзі қызығушылық танытқан. Яғни, жаңа жылдық жобаларға қаржы құйып,  одан еселеп пайда табуды мақсат тұтқан… Жаңа жыл жайында неге сөз қозғады демеңіз. Айтпағым,  Тәуелсіздік күнінен Жаңа жыл жақын, ал  Желтоқсан ауызға да алынбайды.  Неге?            

М.МҰРАТБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ