Жолдар жабылып, көктайғақ орын алуда

0
1493

Жылдың төрт мезгілінде ауа райы құбылып тұрады. Әсіресе қыстың көзі қырауда тосын мінез көрсеткен табиғат бірде қарлы, бірде дауылды, енді бірде жауын-шашынды болуда. Әсіресе, Солтүстік облыстар мен Шығыс Қазақстан, Арқа өңірінде ат құлағы көрінбейтін қарлы боран мен 30-40 градус аяз болуда. Оның салқыны жылы өңір саналатын оңтүстік өңірлерге де келуде.

Шекарасы шектесіп, малы аралас жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы ақтүтек боранмен араласқан қалың қардан күре жолдар жабылып, көктайғаққа ұласып, жол апаттарына әкеп соғуда. Ауа райының болжамына назар аудармаған автокөлік тізгіндеушілер мен сапарға шығушылар қар бораған дауылда көліктерімен жолда қалып, төтенше жағдайлар туындауда. Кәрі қыстың әбігерімен сықырлаған аяздың екпіні 20-24 қаңтар аралығында Республика жұртшылығын біраз әбігерге салды. Тіпті Солтүстік өңірлерде қардың қалың болуынан, жолдарды аршып үл-гермеудің себебінен қар астында қалған көліктер аршылып алынды. Бұдан бөлек, боранмен тұманға ұласқан ауа райынан күре жолдарда көліктер соқтығысып, тайғақтан жол шетіне шығып кету, күре жолдардағы қоршауларға соғылу, ақ қар, көк мұзда жол ережесін сақтамаудың салдары көрініс берген. Одан бөлек қала ішінде де жаяу жүргіншілердің жол белгілеріне қарамай, жолды қиып өтудің салдарынан апаттар орын алды. Сақтық шараларын ескермеуден және құбылмалы ауа райы кезінде алыс жолдарға сапарлап, мұз айдындарына балық аулауға шыққандарды төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері құтқаруда. Мәселен, Жамбыл облысында ақтүтек боранда малын қыстау маңынан алыстатып кеткен шопан тұманда адасып кеткен. Мұндай оқиға желтоқсан айында Жетісу өңірінің Сарқан ауданында болған-ды. Абырой болғанда, шопанды төтенше жағдай департаменті қызметкерлері дер кезінде қолұшын созып, құтқарып қалған-ды. Бұған қоса балық аулап кететіндер табиғаттың тосын мінезіне тап болып жатады.

Сиыр жылы басталғалы күн біресе жылып, біресе суытып, қарлы боран мен жаңбырға ұласты. Алматы облысының ТЖД «Қазгидромет» РМК-ның 2021 жылғы 20 қаңтардағы дауылды ескертуіне зер салсақ, 22-23 қаңтарда Алматы облысының кей жерлерінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), бұрқасын, тұман, көктайғақ болатынын ескертті. 22 қаңтар күндіз және 23 қаңтарда түнде жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с арасында 30 м/с және одан да көп болуы мүмкін. Дауылды ескертудің ықтималдығы 85-90% болады деп дабыл қағылып, ұялы телефондарға хабарламалар да жіберілді. Алайда, осы ескертулерге қарамастан көлік тізгіндегендер мен жолаушылар сапарлардан бас тартпады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Казахавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының хабарламасы бойынша 2021 жылдың 20 қаңтар күні сағат 21.15-тен бастап ауа райы күрт нашарлап, күннің тұманды болуынан республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолындағы 25 шақырымнан 39 шақырымға дейінгі (Алматы қаласы — Әли ауылы) барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды. Төтеншеліктер осы бағытқа жүрмек болған барлық азаматқа жол жүрмеуге кеңес берді. Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Казахавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының хабарламасы бойынша 20 қаңтар күні сағат 22.30-дан бастап ауа райының нашарлауына байланысты (боран, қар, жаңбыр) республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолында 480 шақырым мен 615 шақырымға дейін (Қабанбай ауылы — ШҚО мен шекара) барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жолдары жабылды. 22 қаңтарда Талдықорған қаласында көктайғақ, батыс-тан соққан желдің екпіні 15-20 м/с жетті. «Алматы-Өскемен а/ж – Қапал-Арасан шипажайы» облыстық маңызы бар автожолдың 0-ші мен 45-ші шақырымында және «Алматы-Өскемен а/ж – Қапал-Арасан шипажайы» автожолынан Көктөбе ауылына дейін 0-16 шақырымдық жолдар жабылып, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жолаушыларға сапарлардан бас тартып, әрі алыс жолға шыққанда ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда барлық қажетті заттарды өзімен бірге алып жүру керектігі туралы хабарламалар таратты. Шектеулі желдің күшеюі, бұрқасынды боранға ұласуы салдарынан, «Алматы-Өскемен» республикалық маңызы бар автожолында (70 — 615 шақырымдары, Қапшағай қаласы — ШҚО шекарасы), «Үшарал – Достық» республикалық маңызы бар автожолында барлық автокөлік түріне қозғалыс жолдарына жүруге тиым салынып, жабылды. Азаматтардың бейқамдық салдарының арты кейде орны толмас өкініштерге алып келеді. Ауа райына мән бермей, дауылды күні балық аулауға шыққан, 1956, 1976, 1977, 1985 жылы туған ер азаматтар ( Қапшағай және Алматы қаласының тұрғындары) қатты желдің салдарынан жағаға орала алмай қалған. Абырой болғанда құтқарушылар «Славир-9У» Ауа жастықшасы бар кеме» арнайы техникасының көмегімен азаматтарды жағаға эвакуациялаған. Ауа райының құбылуына байланысты сақтық шараларын ескеріп, алыс жолға және мұзға шықпауға кеңес берген төтенше жағдай департаментінің хабарламасына құлақ аспаған балықшылар бір қауіп-қатерден аман қалды. Қаңтар айының соңғы он күндігінен бастау алған табиғаттың тосын мінезі ел-жұртты біраз әбігерге салуда. Енді алдағы күндері ауа-райы күрт жылынады деген болжамдар бар. Бұл да қауіп-қатерге алып келуі бек мүмкін. Себеп, таулы аймақтарда қардың көбесі сөгіліп, еритін болса, өзен арналары тасып, арты селге ұласады. Оған жауын-шашын қосылады. Тіпті қыстың көзі қырауда күн көзі жылынып, қарлар еріп, жауын да жауды. «Жетісудың кей өңірлерінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран, тұман, көктайғақ болды. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с, кейде 30 м/с және одан да күшті соқты», – дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдері. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті ерте бастан сақтық шараларын қолға алуда. Таулы аймақтарында орналасқан қар көшкіні қаупі бар учаскелердің жай-күйін кешенді бағалау мақсатында тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия жасақталып, «Жетісу Алатау» тау жотасын ұшақ арқылы аралап, Аксу, Сарқан, Ескелді аудандарында сел қауіпі бар өзендер арналарына тексеру жүргізген. Аэровизуалды тексерістің қорытындысы: өзен бассейндері бойынша қауіпті учаскелер байқалмайды. Өзендер транзиттік режимде ағуда. Таудағы қар қоры өткен жылмен салыстырғанда тең немесе 10 см-ге кем, қардың биіктігі шамамен 20-40 см, шамасында дейді. Құдай жаманшылықтың бетін әрмен қылсын. Әлемді жаулаған індеттен есеңгіреп қалған халық пен теңіздегі дауылдан шайқалған кемедей болған ел экономикасы онсыз да қалт-құлт етіп тұр. «Жығылғанға жұдырық тиіпті» дегеннің кері болмасын деп тілейік. Оңтүстік өңірлерде қыс жайлы болғанымен, Солтүстік пен Батыс, Арқада қалың жауған қардың қалыңдығы көңіл алаңдатады. Табиғаттың тынысы тарылып, ауа райының бірде көл, бірде шөл болуы сақтық шараларын әсте естен шығармауды қажет етеді. «Өлмегенге өлі балық жолығады» демекші, енді бір айдан кейін қыр астында қылтиып көктем де бой көрсетіп тұр. Еліміз індеттен аман болып, заман тыныш болғай.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ