Журналистиканың қара нары

0
1100

Музыкада – дыбыс, суретте – сызу, кинода – бейне,  биде – қозғалыс ең басты рөл ойнаса деген анықтамаға жазуда – сөз бен сөйлем маңызды рөл атқарады деп жалғасақ болатын шығар. Бала кезінен жазуды серік етіп, өмір-жолын журналистикамен сабақтастырған ағамыз да  «Не жазсаң да әуелі сөз бен сөйлемді дұрыс қолдануға барынша мұқият қарағың. Өйткені сенің қате қолданған сөйлемің ертең біреуді шатастырмауы қажет. Жазудың жауапкершілігі осы» деп үнемі құлақтандырып отыратын. Ағайдың бұл айтқанын журналистикада ұран етіп келетін шәкірттері аз емес.

Бала жасынан  қаламгерлікке бет түзеп,  газет-журнал мен кітаптың ортасында есейген Болат Абаған Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының  Жетіарал деп аталатын шағын ауылында дүниеге келді. Орта мектепте оқып жүріп-ақ  сөзден сурет салған  баланың қабілет-қарымын  ұштауда  сол тұста  қазақ тілі мен әдебиет  пәнінен сабақ берген  КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі  Қанипа Бітібаеваның   зор үлесі  бар. Мектепте жүріп: «Бүгін  аппақ  қар жауып тұр. Адамдардың бірі жұмысқа,  бірі сабаққа асығып барады . Біреулер  ақ қарға аяғымен өткенін жазып жатса, енді бірі жететінін  жазып жатыр» деп жазғанынан-ақ ұстаздардың  ұстазы  болған Қанипа  апай   шәкіртінің, яғни,  бала  Болаттың  жазу әлемінен ойып орын алатындығына  сенді.  Әке мен ананың, ұстаздың  ақ батасы, бала арманы  Болат  ағаны алға жетеледі.

Мектепті бітірген жылы жоғарғы оқу орнына түсуге  бірден жолы  бола қоймады. Сүйген қызы  Бибігүлдің «әскерден  келгенше күтемін» деген жауабын алып, Отан алдындағы борышын өтеуге Моңғол Халық Республикасына   аттанды.  Екі жыл әскери борышын өтеп келген соң көп ұзамай Алматы қаласына жол тартты. Бұл кезде   Бибігүлі де сол қалада оқып әрі жұмыс істеп жүрген еді. Мұнда  келген  соң  ағамыз Алматы үй құрылысы комбинатына жұмысқа орнығады.  Бір жылдан кейін  Бибігүлімен  шаңырақ құрып,  Ақерке есімді қызы дүниеге  келеді.

Жұмыс істей жүріп  жоғарғы оқу орнына түссем  деген бала  арманына қол жеткізу үшін  ол ҚазМУ- дегі  дайындық  курсына оқуға түседі.  Содан бір жыл өткен соң   қабылдау емтиханын  жақсы тапсырып,  шығармадан  бесте бес алып, студент атанады. Оның  жазуға деген қабілетін байқаған  университет  ұстаздары  журналистика факультетіне қабылдайды.  Жұмыс істей жүріп оқуды  сырттай  бітіріп шығады.

Университетті тәмамдаған жылы мемлекеттік комиссия төрағасы болған  жазушы, журналист Сейдахмет Бердіқұлов   жұмысқа шақырады. Бұл кезде ағамыз   бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқан. Сондықтан  бірден барамын демепті. Өйткені,  жұмыс істеп жүрген жерінен үш бөлмелі пәтерге кезекке тұрып қойған. Бірақ,   арада  Кеңес одағы ыдырап, үй  кезегінің быт-шыты шығып, бәрі аяқсыз қалады.  Содан  жазудан қол үзіп, қарайып  қалмайын деген  оймен  газеттерден жұмыс іздейді. Бұған дейін құрылыс саласында жүрген  оны   бірден ешкім жұмысқа ала қоймайды.

«Өмір болған соң жақсы мен жаман қатар жүреді. Адам  болған соң да алдыңда жақсылардың жолығуы өмір заңдылығы  емес пе.  Қолыма басылым бетіне шыққан әңгімелерімді алып «Алматы ақшамы» газетіне  барып көрдім. Бірақ, жұмысқа алмады. Сөйтіп,   облыстық «Жетісу» газетіне журналист керек екенін естіп,  бас редакторына  жолықтым. Ол кезде   редактор – Баймолда Мусин  еді. Бастықтың   кабинетінде  бір жарым сағаттай отырдым-ау деймін. Осы уақыт аралығында ол  маған түрлі сауал қойды, менде ештемені бүкпей,  ішімдегіні ақтардым. Сөйтіп ағамыз: «Маған өмір көрген, сен секілді от пен судан өткен жігіт керек. «Заң және ақпарат» бөліміне аға тілші болып барасың» деді.  Мен  болсам бұрын соңды газетте жұмыс істеп көрмегенімді айтып, алдымен корректор  болайын, үйренейін дедім.

«Дүйсенбі күні келгенде әңгімелеріңді ала кел, редакциялық  кеңес көріп,    пікір білдіруі  керек» деді ол тағы. Қателеспесем, бұл 1994 жылдың 21 қарашасы болатын. Осылай әңгімелерімді алып келіп, редакциялық кеңес мүшелерінің қолына бір-бірден ұстаттым.  Бұл құрамда  Ерғали Ахметов, Жұмаш  Арғымбаев, Нұрманбет Қизатовтар болды. Олардың бәрі  шынайы тілектерін білдірді. Тілімнің жатық екенін, оқиғаны шынайы суреттеп  жазатынымды айтып,  жақсы бір әңгіме оқып қалғандарын да жасырмады.  Осылай  Тәуір Бексұлтаевтың   бөлімінде  жазудағы алғашқы еңбек жолымды бастап кеттім. Журналистикадағы көп дүниені осы жерден үйреніп, шыңдалдым десем болады.  

1998 жылы газетке  редактор  болып Жақыпжан  Нұрғожаев келді.  Жаңа басшы   сырттай  бақылап,   байқап жүрген болса керек, жарты жылдан кейін бөлім меңгерушісі етіп тағайындады.  Бұл орайда  ағамыз: «Жетісудың тарихында  төрт  жыл  жұмыс істеп, бөлім меңгерушісі болған сен ғана»,- дейтін. Міне, әлі күнге  журналистика  саласында  жүргеніміздің өзі,  сол  ақжүрек ағалардың арқасы деп ойламын. Бұл салада тапжылмай жұмыс істегеніме биыл тура 27 жыл болады. Құдай қаласа зейнет жасына жеткенде  журналистикадағы еңбек өтіліме  отыз жыл толады екен» – деп өткені жайында  ой өрбіткен  Болат  аға  журналистика саласына сөз өнері деп қарау керек екенін  айтты.

– Жазу  деген адамның  бойында  болғаны  жөн . Өзіңді қинап  жазғаннан  ешқашан  жақсы дүние шықпайды. Сондай-ақ, журналистің бір бағытпен ғана шектелмей, жан-жақты болғаны дұрыс, яғни, ол  әр  маманмен сөйлескенде сол саладан  сәл-пәл болса да хабардар болуы тиіс, – дейді журналистиканың  майын ішкен маман.

Журналистік жол Болат ағамызды  қай  қиырға жетелемеді десеңізші. Бірде егінші болды, енді бірде  малшы, балықшы, дәрігер, мұғалім, заңгер, бұл қатарды жалғай берсеңіз  тізіліп  кете береді. Түрлі кейіпкерлермен тікелей жүздесіп жүріп  қаншама дерек пен дәйек қойын дәптерге түсті.

Кейінгі мына бізді журналист болуға тәрбиелеп, жолға салған ағаның әрбір айтқанынан көңілге көп дүниені түйіп  үлгердік. Әсіресе,  жақсы сөздің  жұртты емдейтінін, демейтінін, жебейтінін білдік. Яғни, қоғамның дерті сөзбен жазылатынын ұғындық. Мақала жазуда   жүректен өткізіп, жүрекке жеткізе білу, жанын салып жазу, жан-жүрегімен ой бөлісу де журналиске тән  қасиет  екенін   алдына келген әрбір жастың бәріне ұқтыруға ұмтылатын еді.

Болат ағаның журналистік жүріп өткен жолы мен сол жолда жазған-сызған дүниелерінің бәрі сөзі мың күндік қасиетін жоғалтпаған  басылымдардың бетінде сайрап жатыр…

Шын шеберлік шынайы еңбекпен келеді.  Журналистика  жолында «Жетісу» газеті  ағаның  жолын  ашса,  «Айқын» газетінің Алматы облысы бойынша тілшісі болуы Болат Абаған есімін республикаға танытты.

«Өз басым «Айқын» – газетінің журналисті  таңдау әдісіне таң қалдым. Бұл газет 2014 жылы ашылды. Бірде  аяқ астынан  редакциядан хабарласты.  Алматы облысынан  меншікті тілшілікке сізді таңдадық деп. Бірақ, мен  бірден штатқа бара алмайтынымды, бұл жерден, яғни «Жетісудан» кетпейтінімді  айттым. Содан бір жыл  қаламақыға жұмыс істедім. Одан кейін жарты ставкаға алды. Ал енді олар  мені қалай таңдады дейсіз ғой. Редакциядағы екі журналисті Ұлттық кітапханаға жіберіп, «ЖЕТІСУ» газетінің соңғы он жылын қарап шығып, бір-екі адамды ұсыныңдар деген ғой.  Осылай, олардың таңдауына ілігіппін. Ойлап қарасаңыз, бұл деген керемет қой. Ешқандай тамыр-таныссыз, журналистің жазғанын  бағамдап, бағалап жұмысқа  алу деген. Осы орайда  республикалық газеттің  мектебі   бөлек болатынын баса  айтқым келеді.  Ондағы атмосфера мүлдем басқаша деуге  болады. Екі газетте жұмыс істей жүріп, екі түрлі көңіл күймен жазуға отыратын едім.  Республикалық газетке жазғанда ойлауым да,  сараптауым да  өзгешеленіп сала беретін. Журналистика дегеннің өзі осы  ғой. Ал  бүгінгілердің жазуына қарап тұрып ішің қан жылайды. Соның ішінде   жас журналистердің жазғандары…қалай сөйлесе солай жаза салатындар көбейді.  Журналистика деген үлкен жауапкершілікті қажет ететінін естен шығарып алғандаймыз. Шарафаддин Әмір деген досым бар, бір кездері «Заң» корпорациясын басқарған. Елуге толғанда онымен сұхбат жасадым. Сонда  мақаланың  тақырыбын ойлап отырғанымызда айтқаны бар: «Журналист өзі  қол қойған нәрседен ұялуы керек»  деген. Керемет сөз ғой. Жазғаныңнан  ұялмас үшін  қайталап  оқу керек. Ең алдымен өзіне жауапкершілікпен қарауы керек», – деген  майталман аға  сөзінің жаны бар-ау.

Осы күнге дейін қаншама жолды артқа  тастаған жақсы адамның әр сөзі жүректі қозғамай өтпейді. Шынында да,  журналистер қауымына ақыл мен нақыл айту  қиын. Адам болғасын  әркім  әртүрлі. Біреу тыңдаса, біреу тыңдамайды. Біреу ұқса, біреу ұқпайды. Алайда алдыңа келген адамға жол сілтеу, жөн сілтеу жөн. Біздің ағай  мұны  да   өзіне міндет еткен.

«Бұрын   газеттің ықпалы бар-тын. Редакцияға келетін  адамдар  кәдімгідей  көмек іздеп, мәселесін шешіп береді деп сенетін еді», – деп жалғады сөзін ағамыз.  – Газетке жаман атым шығып кетпесе екен дейтіндер көп еді. Ал қазір ұялудан қалдық.  «Жазса, жаза  берсін, «Ит үреді, керуен көшеді»  дейтіндердің қатары артты.  Осыған қарап, газеттің  беделі, ықпалы, айбары,  жоғалып кеткенін байқайсың».

Өмірдің өз құндылықтары бар. Адам болып келген соң адам болып өту де үлкен сын ғой. Бәріміз де өмір сынақтарынан өтеміз. Соның ішінде әділдік, әділеттілік, туралық деген ең жоғары талаптарға өмір бойы сай болу  екінің бірінің қолынан келмейді. Ал, Болат ағамыз  ақ  жолынан еш уақытта  таймай келетін жан. Ол өз ісіне, өз мамандығына   адал,   жүрегі де   нәзік, жаны сезімтал, тұла бойы да   ізгілік пен инабатқа иірімделген.

Қуат Қайранбаев  ақын  айқандай, біздің ағай  не шаруа болса да  «Жақсы! Айтсаң болды ғой!» – деп жауап беріп, шамасы келгенше қолғабыс жасап жүретін  жақсы әрі жанашыр жан.

Жаннатты өлкедегі бас басылымда жұмыс істеп, бүгінде облыстың  қос газетін    біріктірген  «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары болып отырған Болат Абаған  журналистік жолында  «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» атақтарын иеленді. Бұл  оның еңбегіне  берілген әділ баға деп білеміз.

Бір адамның көңілін қалдырмайтын аңқылдақ аға өзінің  бүкпесіз әңгімесінде  тіршілікте адам екі нәрседен жаңылмауын,   біріншісі жар таңдау, екіншісі мамандық таңдау болса, бұл екеуінде де, жолы болғанын айтты.  Құдай қосқан  қосағы   Бибігүл Қалиолданова екеуі Ақерке мен Азамат есімді ақылды  балаларды  тәрбиелеп жеткізді. Бүгінде  қызын қияға, ұлын ұяға қондырған  үлгілі отбасылардың бірі. Балаларынан  Әлихан, Заңғар, Аңсар және Мәриям есімді немерелер сүйіп, ата-апа атанып отыр.

Асқаралы алпыстың биігіне шыққан  Болат Абағанның жанын мазалайтын дүние көп. Соның бірі   қазақ тілінің  нағыз қатынас құралы,  экономиканың,  тірліктің  тілі болғанын көруді, сол жолда өз үлесін  қосуды армандайды. Жанының бір бөлшегіне айналған газет  болашағына   алаңдайды. Ағаның  жазғанынан әлі де жазамын деген ойлары көп, Аллам сол арманына  жететін ғұмыр бергей. Алпысыңыз құтты болсын, журналистиканың қара нары!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ