Журналистің жеңісі

0
930

Нұр-Сұлтанда биыл  екінші рет ұйымдастырылған Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары анықталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Жігер-2021» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Байқаудың бірінші орын жүлдесін «Жетісу» телеарнасының журналисі Сәния БАЙТАРОВА  жеңіп алды.

«Жетісу» телеарнасы республикалық байқауда топ жарды.  Жүзге жуық материал  арасынан Сәнияның фильмі үздік деп танылып, алға шықты. Бұл  тек  «Жетісу» телеарнасының ғана емес,  барша  жетісулықтардың мақтан етер жеңісі деп айтсақ болады. Жеңімпаз болған әріптеспен тілдесудің сәті туды.

 – Мен әжемнің тәрбиесінде өскен қызбын. Журналистикаға баулыған да сол Күләш Сәкіқызы. Әжем кішкентайымнан  ертегі оқытатын, өлең жаттатып, айтыс тыңдататын. Бөлменің бір бұрышына сахна жасап алып, қойылымдар дайындайтынмын. Сол кезде «Армысыздар, құрметті көрермендер» деп үлкен қасықтан микрофон жасап алушы едім. Сондықтан болар, әдебиетке құмар болып өстім. Тілші болу – апамның орындалмай қалған арманы екен. Мен әжемнің бала күнгі арманын жалғаушымын. Бұл да үлкен аманат. Мектепте жүргенде шығармашылық қырымды ашып, журналистикаға баулыған, сауатымды ашып, қалыптастырған ұстазым қазақ тілі мен әдебитеі пәні мұғалімі  – Жанар Баталова.

 2016 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  журналистика  факультетін тәмамдап, бакалавр дипломын алдым. Сол жылы Бейсен ағаның шақыртуымен «Жетісу» арнасына өндірістік іс-тәжірибеден өтуге келдім. Алғырлық пен қағілездігімді байқаған басшылар мені жұмысқа қабылдады. Ең алғаш «Болмыс» ток-шоуында редактор қызметін атқардым. Ол жерде жүріп мықты мамандармен қызметтес болдым. Продюсерім әрі, ол кездегі «Болмыс-тың» жүргізушісі Гүлжан Қызайбай  маған біраз дүние үйретті. Кейіпкермен тіл табысу, сұрақтарды жүйелеуді көрсетті. Ал, Серік Әбікенұлы  мықты мәтін жазудың қыр-сырын үйретіп,  жетелеп келеді. Әр тақырыпты Серік ағам талдап, жетілдіріп, ақылын аямай айтып отырады. Республика бойынша мүйізі қарағайдай арналарда Серік Сарыбайдың біраз шәкірті қызмет етуде. Олардың қатарында  Мәдина Балғабаева, Нартай Аралбайұлы, Қанат Әуесбай сынды танымал журналистер  бар. Телеарнамызда идея генераторы – Данияр Мұстафа деген режиссер ағам бар. Әр түсірілімнің алдында ақыл-кеңесін айтып, бағыттап отырады. Ал Бейсен ағам рухани дүниелерді бойыма сіңіріп,  «Адам» болуды үйретті. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Құдай мені мықты ұстаздан кенде қылмады. Әр жетістігімнің артында жоғарыда есімдері аталған жандар тұр.

 Биыл телеарнада жүргеніме бес  жылдан асты. Осы уақыт аралығында 8 хабарды тізгіндеппін.  Атап айтсам, «Болмыс» ток-шоуы, «Парасат»  әдеби  хабары,  қыз-келіншектерге арналған  «Ақкербез», «Оқырман» әдеби-клубы, ұлттық өнерді дәріптейтін «Қазақ үні» сазды-тарихи хабары, «Арнайы репортаж» сараптамалық хабары,  ауылшаруашылығына арналған «Ел мен жер» хабары, жуырда ғана жарыққа шыққан таланты тасада қалған ауылдағы өнерлі балалардың армандарына қанат бітіретін – «Бір бала» хабары және өзімнің алғашқы авторлық жобам «Киноман» бағдарламасы. Журналистиканың ерекшелігі – әмбебаптығында. Мен бес жылда түрлі салаға қатысты тақырыптарға қалам тербедім. Ішіндегі  жаныма жақыны – «Арнайы репортаж». Себебі, мұнда түрлі тағдыр бар. Аллаға шүкір, республикалық және облыстық байқауларда топ жарып келем. Мысалы былтыр «Самғау-2020» байқауында «Жылдың үздік тележурналисі» номинациясын жеңіп алдым. Биыл журналистер күні қарсаңында «Жаңа жағдайдағы білім беру» республикалық байқауында лауреат,  журналистер арасындағы «Заманауи білім» республикалық конкурсының «Үздік телевизиялық материал» номинациясының 1-ші орын иегері атандым. Енді оған «Жігер» республикалық байқауы қосылды. Бұл байқаудың мен үшін орны бөлек. Себебі, осы  сайыста Бейсен ағамның есімі бар. Ағамның миссиясы бар. Ұстаздың жолын жалғау, салып кеткен соқпағымен жүру әр шәкірттің міндеті. Ағаның ақ батасын алғандай күй кештім. Бұл жүлде өз мамандығымның алдындағы,  барша қазақтың алдындағы жауапкершілігімді арттыра түсті. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген ұғым үнемі дұрыс бола бермейтінін Бейсен Абайұлы дәлелдеп берді. Ағаның арамыздан кеткеніне екі  жылға жуықтады. Бірақ ол кісінің әр сөзі, бізге үйретіп кеткен дағдылары әлі есімізде.  «Көңіл қымбат, кеудеңе тас байлама, таза ұста. Өзіңе күнде есеп бер!» – дейтін асыл ағам. Ағаның көзін көріп, рухани тәлім алған бізде арман жоқ. Ойлап қарасам,  ағаның соңғы шәкірттерінің бірі екенмін.

Жүлде алған «Меруерттің мұңы» атты репортажға төрт  жыл бойы ақпарат жиналды. Ең алғаш кейіпкеріміз Меруерт 2017 жылы «Болмыс» ток-шоуына шықты. Жолдасы із-түссіз жоғалып кеткен екен. Ол тұста  мен журналистикаға жаңадан келіп жатқан сары ауыз балапан едім. Бағдарламадан соң да Меруертпен сөйлесіп, хабарласып тұрдым. Күйеуінен ым-ишара болмаған соң, балаларына жәрдемақыда ала алмады. Себебі, не өлі, не тірі екені беймәлім. Ол кісіні Бейсен ағаның «Қарекет» хабары да назарға алып, құжаттарын реттеуге көмектесті. Сол кезде Меруерттің тағдырын көріп режиссер Шәрипа Оразбаеваға фильмнің сценарийі ойына келеді. Сөйтіп, «Мәриям» атты шынайы,  әсерлі фильм түсіреді. Меруерт өзі жайлы фильмдегі басты рөлді ойнап шықты. Артынша Меруерттің тағдыры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілігіп, әйелді баспанамен қамту туралы Амандық Баталовқа тапсырма берген. 2021 жылдың басында Меруерт пен төрт баласына 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Оған біздің арнаның да қосқан үлесі бар. Көз алдыңда қиналған кейіпкеріңнің қуаныштан көзіне жас алғанын көру  –  бақыт. Мен сондай бақытты адамдардың бірімін. Бейсен ағамыз көзі тірісінде қаншама ананың көз жасын сүртті, қаншама жетімнің басынан сипады. Біздікі ол еңбектің жанында теңізге тамған тамшыдай ғана дүние.

Бұл жүлдені мен өзімнің мықты командамның арқасында алдым. Телевизия саласында «жалғыздың үні» шықпайтыны белгілі. Таспагер, бейнеинженер, дыбыс режиссері мен журналист біріккенде ғана сапалы дүние шығады. Қуаныш Мұхамедиев деген мықты бейнеинженер ағаммен бірлесіп жұмыс  жасағаныма төрт жылға жуықтады. Ол кісі өз жұмысына берілген, қызметіне адал адам. Әр кадрды сөзбен сәйкестендіріп, жаны ашып тұрып қояды. Мен ұжымдағы әр әріптесіме алғыс айтамын.  Осындай жанашырларымның барына қуанамын,  – деп ағынан жарылды ол.

Әріптесімізді   жеңісімен құттықтап,   алар асуыңыз бұдан да биік болып, жұлдызыңыз жана берсін дейміз!

Арайлым НҰРЖАПАР

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ