ЖҮРЕГІ КЕҢ ЖУРНАЛИСТ

0
1026

«Журналист  мамандығы  қастерлі де қасиетті мамандық. Себебі журналист халықтың қамын ойлап, мұңын мұңдап,  шындық туын көтеріп жүреді»,  – деп О. Сабырбек ағамыз босқа айтпағандай… Міне, осындай жанның бірі  «Жетісу» газетінің тілшісі Ришад Тұрғанбаев. Халыққа шын жанашыр, жүрегі елім, жерім деп соғатын отанына адал азамат.

Бала кезінен журналист болуды армандаған  Р. Тұрғанбайұлы  мүйізі қарағайдай  М. Жылқыайдаров,  Ж. Елшібек,  Ж. Дүкенбаев, Н. Жүнісбаев, Ә. Әрін сынды журналистер шыққан Қаратал ауданы Көпбірлік ауылында туып өскен. Оқу бітіретін жылы тегін ауыстырып, құжаттары кешігіп келген соң армандаған мамандығына жете алмай, Талдықорған қаласындағы Жетісу Мемлекеттік университетіне физика-математика факультетіне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң өзінің туып өскен ауылының А. Байтұрсынов атындағы мектепте информатика пәнінің мұғалімі және тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болып 4 жыл қызмет атқарады.

Кейін Талдықорған қаласына көшіп келіп, мектептерді аралап, жұмыс іздеп қалада жүргенде  «Офсет»  баспаханасының  жанынан өтіп  бара  жатып, «Жетісу» газеті  деген  жазуға көзі  түседі. Жүрегіне жылу берген бұл жазу өзіне тартып, ғимараттың ішіне кіруге шақырғандай. «Кірсем бе, кірмесем бе, деп жүрексініп, не дайындаған мақалам жоқ, кіргенде не деп айтамын» деген оймен ұзақ тұрып, соның өзінде өзін жігерлендіріп, «Жетісу» газеті редакциясына кіреді. Кабинеттердің сыртындағы журналистердің атын оқып, дәлізді аралап жүргенде ашық тұрған Әміре Әріннің кабинетіне келеді. Онда кіріп, жөнін айтып, қайдан келгенін, неғып жүргенін түсіндіреді.  Алланың өзі жол сілтеген болар, сол кезде газет бетін жасайтын терімші-дизайнер іздестіріп жатқан сәт екен. Мектеп жүйесі мүлде бөлек болғанмен, үйреніп кетемін деген ниетпен жұмысқа орналасуға өтініш береді. Сол кездегі «Жетісу» газетінің редакторы Жақыпжан Нұрғожаев Р. Тұрғанбаевтың көзіндегі отын, талпынысын көріп, «Кемінде үш жыл жұмыс жасайсың» деген шартпен жұмысқа қабылдайды. Өздері қумаса кетпейтінін айтып, 2001 жылдың қазан айында ресми түрде газетке жұмысқа орналасады. Арманына бір табан жақындаған Ришад Тұрғанбайұлы 3 жыл дизайн бөлімінде жүреді. Дизайнер бола жүріп, спорт жарыстарына қатысып, «Жетісу» газетіндегі спорт бөлімінің  меңгерушісі Болат Абағанға мақаласын жазып көрсетіп, газетке шығарып жүреді. Жүрегі спорт журналис

тикасы деп соққан жас маман бірде  спортқа сараптамалық мақала жазып, Жақыпжан Нұрғожаевтың назарына ілінеді. Ол кісі Р. Тұрғанбаевтың талантын, журналистикаға деген махаббатын оның ішінде спорт журналистикасына деген ерекше талпынысын байқап, 2004 жылы спорт бөліміне ауыстырады.   Арманына   жетіп,  тілші    атанып,  Б. Абағанның жанында жүріп, журналистиканың қыр-сырын үйренеді. Тілшілікпен қатар 2005 жылы жауапты хатшының көмекшісі қызметіне тағайындалып, екі жұмысты бірдей алып жүреді. 2008-2009 жылдары Жетісу Мемлекеттік университетінде «Журналистика» мамандығы ашылып, бірден сол жылы оқуға тапсырып, журналист мамандығын алып,  нағыз тілші  атанды. Газеттің барлық бөлімінде, яғни техникалық бөлімнен бастағанда журналистика бөлімдерінде  жауапты қызмет атқарған  Р. Тұрғанбайұлы қазір Талдықорғанға ғана емес, Қазақстанға танымал, беделді тілші.

Айтуынша  «Жетісу»  газетінде  жұмыс  жасап жүріп, Астана қаласындағы Несіп Жүнісбаев басқарған республикалық «Спорт» газетінде Алматы облысының спорт тілшісі болып, республикалық газетке күн құрғатпай Жетісу өңірінде өткен спорттық жарыстарды жазып жүрген. Сонымен қатар Спорт басқармасымен бүгінгі күнге дейін тығыз байланыста баспасөз хатшысы қызметін атқарады.

2013 жылы спорт журналистеріне берілетін үлкен марапат, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлдеге ие болған Ришад Тұрғанбаев, тағы «Ақпарат саласының үздігі» атанған. Мұнымен шектелмей осы

күнге көптеген жүлделер мен марапаттар, облыс әкімінен құрмет грамотасын алған.

Журналистік өміріндегі қарбаластан тыс 2017 жылы «Намыс-жебе» атты кітабы жарыққа шыққан.

– Кітап таза спорт жайында, яғни елімізде тұңғыш рет 2011 жылы өткен «Азиада» ойындары, Лондон Олимпиадасы, ұлттық спорт жайында, спорт жұлдыздарымен сұхбаттар және ардагер спортшыларымен сұхбат сынды 5 бөлімнен тұрады. Бүгінгі күнде кітап түгелдей таратылып кетті, – деген қаламгер тағы спорт жайында және проза жанрында қалам тартып жүргенін тілге тиек етті. Биылғы жылға әңгіме кітабын шығаруды мақсатына алып, қалам тербеп жүрген журналист 2021 жылы проза жанрында «Ақ қауырсын» атты облыс әкімінің жүлдесін ұтып алған.

21 жыл «Жетісу» газетінде қалтқысыз қызмет етіп арасында 2014-ші жылы «Жетісу» футбол клубында  жұмыс жасап, тілшілер арасында  «Бесаспап» атанған маман:  – Менің осы уақытта жеткен жетістікте-рім көп деп айта алмаймын, бірақ бір өзіме жеткілікті. Осының барлығына жетуіме бірден бір себепкер осы «Жетісу» газетім. Себебі мені Ришад етіп, журналист етіп тәбиелеген, менің университетім де, институтымда барлығы осы «Жетісу» газеті – деп ағынан жарылған ол, ғасырлық тарихы бар басылым, мықты қаламгерлердің ордасы, білікті журналистердің ұстаханасына айналған «Жетісу» газетінің өміріндегі маңызын түсіндірді.

Болат Абаған, Жанкүміс Жәмеңке, Әміре Әрін, Нүсіп Жүнісбаев сынды журналистика алыптарынан бағыт-бағдар алып, сол кісілер көрсеткен сара жолын қуып, өзіндік стилін қалыптастыра білген Ришад Тұрғанбайұлы маңайына тек жақсы адамдардың кездескенін тілге тиек етті. Қай салада  болсын, мейлі өмірде болсын, жалпы, осы кісілердің мектебінен шығып шынығып, біреуге дос, біреуге шәкірт, біреуге ұстаз бола білді. Әлі күнге үйренерім  көп  деген тілші тәжірибесі  көп журналистерге қарап бой түзейтінін де айтты.

Бір жағынан тілші қызметін атқарып, бір жағынан кітап жазып шабыт тұлпарында жүрсе де, шәкірт тәрбиелеп, жас мамандарға жол көрсетуден де жалықпаған Р. Тұрғанбаевты тағы бір қырынан таныдық. Сегіз қырлы, бір сырлы ағайымыз Жетісу мемлекеттік университетінің журналистика мамандығында оқитын студенттерді тәжірибеден өткізіп, тілші болудың қыр-сырын үйретеді. – Нүсіп ағамыз  студент балалардың тәжірибеден өтуіне сен жауап бересің деп, 2014 жылы мені сайлап қойған. Алғашқы шәкірттерім Жадыра Медетбек пен өзің болғансың. Содан бері тәжірибеден өтуге келген студенттерге өзім жауаптымын. Дегенмен, сол балалардың барлығында менің қолтаңбам бар деп айта алмаймын. Себебі кейбірі менімен қалады, қалғандарын тәлімгерлерге бөліп беремін. Біздің газетте  тәжірибеден өткен балалардың 90 пайызы жұмысқа орналасты, ал соның кем дегенде 70 пайызының жұмысқа орналасуына қол ұшын бердім. Яғни, мекемелерге баспасөз хатшылары керек болып жатады, сайттарға, басылымдарға тілшілер керек болып жатады. Міне, соларға жол сілтеп, көмек көрсеткеніме қуанамын – деп шәкірттерінің келешегіне де бей-жай қарамайтынын байқатты. Тәжірибеден өтіп, журналистиканың қыр-сырын үйреніп, білімін сусындатқан Ришад ағайдың шәкірттерінің алды белді, беделді журналист болып, жақсы қызмет атқаруда.

Бір-біріне жалғасқан дүниеде жастарға қол ұшын  созып  жол  сілтеп, келешекте олар кейінгі жастарға көмектесіп, ақыл-кеңесімен бөліседі деген ниетпен осы үрдістің жалғасуын қалайтын Р. Тұрғанбаев елінің шын жанашыры екені рас.

Ел ішіндегі өткен әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттарынан қалмай қатысып, репортаж жасап, қандай да бір спорттық жарыстарды үзбей соларды халыққа жеткізіп отырған, қай жерде дүбірлі спорт сол жерден табылатын Ришад ағай шет елге шығуды да жоспарлауда.

«Менің үш отбасым бар» деген ол, өзінің жеке отбасынан бөлек, тағы  «Жетісу» газетін және еліміздің спортшыларын  отбасына  балайтынын  айтып, еліміздегі кез келген спортшылармен еркін хабарласып, қоян қолтық араласатынын да тілге тиек етті.

– Ресей мемлекетінде, Голландия елінде, тағы басқа шет мемлекеттерде үлкен спортта жүрген қазақтарымызды теріп, «Қиырдағы қазақтар» деген мақала жаздым. Атап айтсам, Түркиядан  Голландияға  көшіп барған  Мұрат  Онал деген футболшымызды тауып алдым. Сол кісімен сұхбаттасып, өзіміздің газет бетіне шығарып, таныстырғанмын. Сонан соң, ол Қазақстанға келіп, еліміздің жасыл алаңында доп тепкісі келетінін айтқан болатын. Және өзі айтқанындай, Оңтүстікте «Қыран» футбол командасында  екі жылдай доп тепті. Қазір әлі күнге хабар алмасып тұрамыз. Тағы елімізде «Оle Brasil академиясы» деген жақсы бағдарлама болған, бұл Қазақстан футболшылары Бразилияға барып оқу оқитын. Сол жердегі балалардың тыныс тіршілігі мен танысып, қарым-қатынас жасап, жазғанмын. Тағы Қытайдың ұлттық құрамасында Дәстүр Тұрсынхан деген конькишіні, Ерланбек  Кәтей деген палуан жігітті, футбол құрамасындағы  қақпашы Ержет сынды спортшыларды Қазақстанға таныстырдым  – деп, спорт бетінің тілшісі ғана емес, олардың  да шын  жанашыры екенін көрсетті.

Спорт журналистикасының жазу стилі және халыққа жеткізу жолдарының ерекше және басқаша екенін айтып, түрлі терминдерді пайдаланып, оқырманды жалықтырып алмау керектігі жайында сөз қозғаған Р. Тұрғанбайұлы спорттың тілі әдеби тіл емес, ол таза спортты қызықтыра желпіндіре отырып жазатын өзге стиль, яғни «жеңіп алды» деген сөздің өзін бірнеше түрлендіріп жазу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар материалды жеңіл жаза салу шарт емес, кез келген спортты жазбас бұрын оның ережесін білу керек екенін, шынайы делебең қозып отырып жазу керектігін үнемі шәкірттеріне үйретіп жүреді.

Кез келген спорттың өміршеңдігін насихаттаушы  журналист: – Бір кездерде Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымызды айтып жүріп, айналып келгенде қазақ күресінің деңгейін көтере алмадық. Бірақ 2011 жылдан бастап қазақ күресінің деңгейі бүкіл әлемге жайылып көтерілді. Бұған бірден бір себепкер «Қазақстан барысы». Сол жылы бірінші күннен бастап, қазақ күресіне белсене ат салыстым десемде болады. Ат салысуыма Бейсен Құранбек ағамыз ұйытқы болды. 2012 жылы қазақ күресінде «Қазақстан барысында» дайындық жұмыстары жүріп, аудандық іріктеу ойындарына турнир өтті. Бірақ өте нашар болғандықтан мен соны сынап жазған болатынмын. Сол еңбегім  ұлттық күреске сыни мақала ретінде республика көлемінде тарап кетті. Сол кездері «Жетісу» телеарнасында директор қызметін атқарып жүрген Бейсен Құранбек ұлттық күресті ұйымдастыру алқасында жүрген болатын. Ол кісі менің сыни мақаламды оқып, шақырып алды. Барғанымда Бейсен ағамыз «Мақалаңды оқыдым, керемет екен. Сен бүгіннен бастап дайындал,  Қазақстан барысында коментатор боласың» деді. 2013 жылы  Астана қаласынан Арман Шораевтың атынан Жетісу редакциясына хат, яғни коментатор болуға шақырту келді. Басшылық қуана келісімін беріп, Астанаға бардым. Коментатор болып көрмесемде бірден құлаққап кигізіп, орынына отырғызды. Сол кездерде  Есей Жеңісұлы, Ермұхамет Мәулен, Ермек Төрениязов сынды білікті коментаторлар мен бірлесіп жұмыс жасадымдеп, Қазақстан барысында 2 жыл  коментатор қызметін атқарғаны жайында ой тербеді.

Спорт журналистикасында тағы бір қырымен танылған Ришад ағай ауыл балаларына да қол ұшын беріп, көмектесуден де қалыс емес екендігін байқатты. Ауыл, аудандарға бекер бармай спортқа бейім, икемі бар, көзге оттай басылатын балаларды жинап, жол көрсетіп, жаттықтырушыларымен табыстырып жүргенді әдетке айналдырған. Қазақтың намысын қорғап, чемпион шығады деген сеніммен жетелеген балалары қазірде спорттық жарыстарда белді орындар алып жүр.

Еліміздің келешегіне алаңдаушылық танытып, салауатты, білімді ұрпақ тәрбиелеу тек ата-ана мен мұғалімнің ғана қолында емес, әрбір қазақтың да міндеті деп білетін Ришад Тұрғанбайұлы оқуда жүрген балаларды да демеп, көмегін көрсетеді. Ол, ол ма, жүрегі мейірімге толы, қаламы ұшқыр, қоғам белсендісі спортшыларды жігерлендіріп, қанаттандырып мотивациялық жиын жүргізіп тұрады.

Табиғатпен тілдескенді ұнататын ол кісінің хоббиі қыс мезгілінде аңшылыққа шығу, жаз мезгілінде балық аулап, саяхаттау екен-ді.

Спорт саласын насихаттап, спортшылармен тығыз байланысып, аянбай еңбек етіп жүрген маман бүгінде үш перзенттің әкесі. Аяулы жары медицина саласының қызметкері. Отбасында болсын, бала тәрбиесінде болсын ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың берік сақталуын қатаң қадағалап мән беретін ерен тұлға.

 

Айнұр БЕКМОЛДИНА.


ПІКІР ЖАЗУ