КАДР МЕН ҚАДІР

0
932

Өткен дәуірді,  социализмді мың жерден жамандасақ та оның да үлгі алар, ауыз толтырып айтар жақсы тұстары болды.  Қазақ  «Ескіні елемесең, жаңаның  жаңғыруы екі талай» деп  тектен-тек айтпаған шығар. Біздің мақсат өткенді көксеу емес. Заман ағымына қарай бейімделу,  қам-қарекет жасау, мемлекеттің де,  әрбір қазақстандықтың да басты парызы.

Социализмде бір қазаннан ас ішіп,  бір жұдырық болып жұмылып,  ұжымдасып еңбек етіп,  зауыттар,  фабрикалар,  колхоздар, совхоздар, ауыл шаруашылығын көркейтті. Ауыл гүлденді.

«Нарықтық жүйеге көшеміз, капитализмді  қалаймыз, тәуелсіз боламыз» деп  топалаң  басталып,  жекешелендіру үрдісі жүргенде  ортақ мүліктік дүниелер талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қолынан келіп,  қонышынан басқандар қарпыды, шалқыды. Сонымен бірге кадр мәселесі жойылды. Елдің бәрі базар жағалап, ала дорба арқалады. Білім жүйесі қожырады. Жоғары  оқу орындары  осы мамандықтарға сұраныс артып тұр деп,   заңгер,  кеден ісі, экономист,  журналист мамандарын даярлады. Тіпті,  білім жүйесіндегі техникалық білім беретін колледждер тым құрыса станокта  техникаларға  қажетті болтты  жонып шығаратын кадрлар дайындай алмады. Себеп, ол бөлімдер жабылды. Енді, міне, араға отыз жыл салғанда Қазақстанда техникалық кадр тапшылығы айқын көрінді.  Баяғы іс тетігін кадр шешеді деген кеңестік жүйенің ескірді деп лақтырып жіберген қаңсығын, қайта қағып-сілкіп, қажетке жарату керек екен деп жатырмыз.  Кадр мәселесі билік этаптарында қалай болса солай шешілді. Ойбай  шетелде білім алған үш-төрт тіл біледі. «Болашақ» бағдарламасымен оқыған деп жоғары лауазымға қонжита салады. Іс-тәжірибеден өтпеген  ол шикі өкпе реформа жасағыш. Бұл реформалар білім саласын әбден батпаққа батырды. Соның зардабын әлі тартып келеміз. Ауыл шаруашылығында техникалық жүйені білетін инженер, егістік танаптарын ылғандандыру, тұқым саласын меңгерген  агроном, мал шаруашылығындағы зоотехник  деген  кадрлар  қазір  қасқалдақтың қанындай тапшылыққа айналды. Жалпы, республика көлемінде мемлекеттік жүйеде қадір де, бедел де қалмады. Көбі жемқорлыққа шатылғандар.  Жоғары эшалоннан бастап, жергілікті билікке дейін қолы таза кадр тауып алу деген шөп арасына түскен инені іздеумен бірдей. Білімді, білікті, өндіріс орындарын жандандыра алатын  кадр жоқ.  Есесіне құрылыс саласы өркендеп тұр. Биліктегі кадрлардың қадір-қасиетін істеген іс әрекетінен,  сөйлеген сөздерінен көресің. Көбі айғай аттан, жалаң ұранмен жүгіріп жүр. Идеологиялық саладағылар не істеп, не қойып жүргенін өздері  білмейді.  Ел алдына шығып, екі сөздің басын құрап сөйлей алмайды. Оны  қаңтардағы көтеріліс кезінде кімнің  кім екенін көрсетіп берді. Әкім әкіреңдеп,  идеология  ұрланып көзге көрінбеді. Ішкі саясат сайқымазаққа айналды.  Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», — деген болатын. Күні кеше ғана Білім және ғылым  министрлігі биылғы жылдан бастап, техникалық білім беру саласына бөлінетін гранттар санының артатынын айтты.  Президент құрғалы жатқан Жаңа Қазақстанда ең өзекті мәселе кадр жүйесі енді қалай шешіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген түлектер жұмысты төменнен бастап, өндіріс орындарынан өтіп,  қызметтік дәрежеде баспалдақпен өсе ме, жоқ әлде таз кепешімізді баса киіп, ескі сүрлеумен жүреміз бе, оны уақыт көрсетер. Кадр тапшылығы  талқыға түсіп тұр. Бұл үкімет, министр, әкім қараларға да қатысты болуы шарт. Оларды да  төменнен пісіріп  әкелмесе, қазіргі жүйедегі шенді-шекпенділерден елдің болашағын көру мұңға айналып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ