Колледждерге жеті мыңнан аса адам қабылданады

0
1000

Облыста 76 кәсіптік білім беретін мекеме бар болса, оның 43-і мемлекеттік мекеме, 4-уі жабық мекемелерде орналасқан, 33-і жекеменшік. Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары 75 мамандық 133 біліктілік бойынша білім береді. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында «Колледждерде оқуға үміткерлерді қабылдауды ұйымдастыру» атты тақырыпты арқау еткен жиында Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова мәлім етті.

Басқарма басшысы орын-басарының айтуынша, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 2020-2021 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге 7149 адам қабылдау жоспарланса, оның 1535-і «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оқуға түседі.
«Жергілікті бюджет есебінен 5614 адам оқуға қабылданады. Оның 3410-ы жұмысшы және 2204-і орта буын мамандықтары бойынша білімін жетілдірмек. Мемлекеттік тапсырыс 47 колледжге орналастырылады, 22-сі орта буын мамандарын даярлайтын болады», – деп атап өтті Айжан Маманқызы
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министірлігі колледждерге түсуші үміткерлерге арнап арнайы квота бөлген. Тарқатып айтсақ: I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін-1 пайыз; жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілген адамдар үшін – 0,5 пайыз; ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін — 30 пайыз; жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына – 1 пайыз; Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 10 пайыз; төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балаларға – 5 пайыз; осы мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасылар қатарындағы балаларға – 1 пайыз; бала кезінен мүгедек балаларды, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға – 1 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Орта білім ордаларына құжаттар күндізгі оқу бөліміне 25 маусым мен 25 тамызға дейін, ал оқудың кешкі және сырттай бөліміне 25 маусымнан 20 қыркүйек аралығында қабылданады.
Колледждерге түсу үшін өтініш беру мемлекеттік қызмет болып табылады. Сондықтан, талапкер немесе оның ата-анасы колледжге немесе «электрондық үкімет» веб-порталына жүгінеді және «техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес құжаттар топтамасын ұсынады.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ