Компьютер деген тасжүрек екен

0
2163

Елімізге енген індет елдің үрейін алса да,  көп дүниені  ұқтырғандай болды. Бұған дейін жанталасып, жүгіріп, дамылдауды білмейтінбіз. Тоқтауды үйрендік.  Алланың құдіреті ме, бір-ақ күнде тоқтата салды. Құдды бір дамылдау керек екенімізді ұқтырғандай.  Бітпейтін күйбең тіршіліктің  соңына түсіп, бала-шағаның қасында отыруды,  одан қалса   бір-бірімізбен сөйлесуді ұмытып кеткендей едік. Осының бәрін жүрекпен сезінуге уақыт бергендей ме?!

…Бұл күнге дейін ұстаз деген мәртебелі мамандықтың  қадірін түсінбей, бағаламай келдік.  Күні кеше ғана  бүкіл әлемді алаңдатып, мыңдаған адамның  ажалына айналған індетке ұстаз кінәлідей  сезінгеніміз де өтірік емес. Әйтпесе, қашықтықтан оқытуға дайындық бойынша  уотсапп арқылы  мұғалімдерге ренжіген  ата-ананың бірінен бірі өтетін ауыр қарғыс, жаман сөз, қорлауы  жазылған аудионы таратпас едік.  Бірақ,  қашықтықтан оқыту басталған күннен «компьютер деген тасжүрек екен, ұстаздардың қадірін білдік» дегендер көбейді.  Яғни, ата-ана да, оқушы да мұғалімнің қадірін білді.  Себеп: қашықтықтан оқыту форматы басталғалы  мұғалімдерден гөрі әбігерге ата-аналар көптеп түсті.  Неге десеңіз, бұған дейін баласын  оқытуды мұғалімге сілтей салып, өзі жайбырақат жүрді. Ал мынадай қысылтаяң  сәтте не істейтінін білмей, дал болды да қалды. Үйдегі бір  балаға басы қатқан  сәтінде  алдында отырған жиырма  бес баланы оқытқан ұстаздың бейнесі келді көз алдына. Қалай оқытқан, қалай шыдап келген?!

Апта басталғалы бері енді уотсапп арқылы шіли мұғалімнің қадірін түсініп жатқан ата-аналардың аудиолары таратыла бастады. Бірі  мұғалім өмірі деген   барып тұрған тозақ екен десе, тағы бір ата-ана:  мектепті карантинге жауып, балалар сол жерде болса, қуана-қуана  ас-мәзірін дайындап апарып беріп тұрар едім. Әйтпесе, төрт баланы оқытамын  деп  жүйкем тоза бастады депті. Қысқасы, осындай есептегі  әркімге де  ой саларлық дүниелер көбейді: нәтижесінде  «саған да мың алғыс, мұғалім?»  дегендердің қарасы  артты.         

Дей тұрғанмен, бұл тұста мұғалімнің жұмысы азаяды деу де орынсыз пікір. Керісінше, негізгі күш мұғалімге түсетіні анық. Бұл туралы еліміздің Бас ұстазы«Төтенше жағдай кезінде қашықтан оқытудың жаңа форматтары» тақырыбында өткен онлайн брифингте айтқан болатын. «Ұстаздарға қазір өте қиын. Мен әлеуметтік желілерде және басқа да әріптестеріммен сөйлескен кезде мұғалімдердің жұмысы азайғаны туралы пікірлер естимін. Бұл пікірмен толық келіспейміз. Дәстүрлі режимде мұғалімдер сыныпқа келіп, 25-30 балаға сабақ жүргізіп, келесі сыныпқа көшіп отырса, бұл жерде жағдай – басқаша. Үйде отырып жұмыс жүргізгеннің өзінде 25-30 баланың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізуі керек болады. Таңның атысы мен күннің батысына дейін, түннің бір уағына дейін әр баламен жұмыс жүргізіп отыр. Ол оңай емес. Мұғалімде тек қана бір сынып емес, кем дегенде 10-15 сынып болады. Жұмыс істеп жатқан әріптестеріме үлкен алғыс айтқым келеді» деді  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

 Бас ұстаз айтқандай-ақ,  мұның бәрі өзіміздің балаларымыз, олардың жарқын болашағы үшін. Ендеше, ұстаздарға көмек беріп, балалар үшін жұмысты бірге жандандыру аса маңызды. Қандай нәрсе қиындықта сыналады. Ал әр қиындық қолда  бардың бағасын арттырады. Дегенмен көкейді тескен  бір сауал: мәртебелі мамандықтың қадірін төтенше жағдай кезінде ғана  түйсіндік.  Неге?

С.ӘЙТЕНОВА.

 

 

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ